Көзі ашық әйел – көпке үлгі

Көзі ашық әйел – көпке үлгі

Көзі ашық әйел – көпке үлгі
ашық дереккөзі
497
Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Бала-шаға қамқорлығы, үй-ішінің берекесі мен отбасының айрандай ұюы да аналардың мойнында. Әлемде әйелдер ерлерге қарағанда 39 сағат артық жұмыс істейді, мұны теңестіру үшін кемінде 170 жыл керек екен. Жуырда бір отырыста Динара есімді келіншек орайы келгенде өз басынан кешкендерін айтып қалды. Динараның отбасы, бала-шағасы бар. Мамандығы – кеңсе менеджері. Осы уақытқа дейін түрлі қызмет атқарған. Балаларын балабақшаға апару мен әкелу өте қиын, жұмыс орындарында ұзақ тұрақтамаған. Күйеуі – базарда сатушы болып істейді, балаларға қарауға мұршасы жоқ. Сондықтан Динара жекеменшік балабақшаға бала күтуші болып орналасқан. Жалақысы бар болғаны – 44 мың теңге. Бірақ балаларды мектепке, балабақшаға уақтылы апаруға мүмкіндігі бар. Қазақ қоғамындағы көптеген әйелдің жағдайы осы. Мұңы бір. БҰҰ жүргізген зерттеуге сенсек, әйелдердің көпшілігі бейресми секторда жұмыс істейді. Атап айтқанда, үй шаруашылығында немесе мейрамхана бизнесінде нәпақа табуға мәжбүр. Ал үй шаруашылығы мен мейрамхана нарығында жалақы көбіне жұмысшы мен жұмыс берушінің ауызша келісімі арқылы ғана бекітіледі. Бұл жағдайда қызметкер әлеуметтік жағынан қорғалмайды. Биыл елімізде әйелдер арасындағы жұмыссыздық 6,6 пайыздан 5,5 пайызға азайды. Бірақ жоғары білімді әйелдердің жұмысқа орналасуы әлі де қиямет қайым. Қазақстан әйелдерінің 80 пайызы жоғары және орта кәсіби білімді, ал еркектерде бұл көрсеткіш – 73 пайыз. Ranking рейтингтік агенттігінің мәліметінше, биыл жазда елімізде 8,5 миллион адам жұмыспен қамтылған. Бір өкініштісі, 34 жасқа дейінгі ерлердің 6  пайызы, әйелдердің 7 пайызы жұмыс таба алмай жүр. БҰҰ сарапшыларының мәліметіне сүйенсек, еліміздегі шағын және орта бизнестің 44 пайызын әйелдер басқарады. Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша ірі корпорациялардағы әйел басшылардың үлесі – 4 пайыз. Жалпы, еліміздегі мемлекеттік мекемелердің басшыларының басым көпшілігі – еркектер. Жауапты қызметтер де еркектерге көбірек жүктеледі екен. Нақты айтсақ, Қазақстандағы мемлекеттік қызметтегі жауапты лауазымда әйелдердің үлесі – 9,7 пайыз. Парламент Сенатындағы әйелдердің үлесі – 20,8 пайыз, Мәжілісте – 27 пайыз. Жалақыдағы гендерлік алшақтық өз алдына үлкен тақырып. Тарқата кетсек, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ерлердің орташа жалақысы – 169 мың теңге, ал әйелдердің жалақысы – 116 мың теңге болған. Айырмашылық – 33 пайыз. Орташа жалақы осы кезде – 142 мың теңге еді. Яғни, әйелдердің табысы орташа жалақыдан да төмен. Негізі, әйелдер мен ерлердің еңбек ететін сферасы екі түрлі. Әйелдер көбінесе білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардағы қызметкерлердің қатарын көбейтіп отыр. Ер адамдардың үштен бірі ғана осы қызметте. Көктемде БҰҰ ұйымы Қазақстандағы әйелдердің жағдайы туралы үндеу жариялады. Мұнда әйелдердің жұмыс орнында кемсітушілікке ұшырап, бопсалау мен зорлық-зомбылық көретінін ашық айтты. Қалай айтсақ та, әйелдер еркектерге қарағанда әлдеқайда көп жұмыс істейтін болып шықты. Бүкіләлемдік экономикалық форумның зерттеулеріне сәйкес, әйелдер күніне 1 сағат және жылына 39 күн артық жұмыс істейді. Соңғы он жылда әлемдегі жұмыс істейтін әйелдер саны 250 миллионға ұлғайған, мұндай қарқынмен гендерлік теңсіздікті жою үшін 170 жыл қажет екен. Әлбетте, мұның ішінде әйелдердің үй шаруасындағы еңбегі де ескерілген. Аналардың үйде және жұмыста атқаратын жұмысын қоса есептегенде ер адамдардың мұндай қызметті істей алмайтындығы сөз болған. Мысалы, Үндістан, Португалия, Эстонияда әйелдер ерлерден 50 күн артық жұмыс істейді. Айтқандай, Жапония мен Нидерландтар бұл статистикаға кірмейді. Өйткені мұнда ерлер әйелдерге қарағанда жарты сағат артық еңбек етеді. Осы теңсіздіктерді ескерген заңгер Жангелді Сүлейменов қазақстандық әйелдердің жұмыс аптасындағы жүктемені жеңілдетуді сұраған болатын. Оның айтуынша, әйелдер төрт күн бойы жеті сағаттан, ал жұма күні түске дейін ғана жұмыс істеуі тиіс. «Қазақстандық әйелдердің жұмыс күні 18 сағаттан тұрады. Демалыс, мереке жоқ. Әйелдер таң атпастан отбасына таңғы ас дайындайды. Одан кейін балаларын балабақшаға, мектепке апарады. Осы істерді атқарғаннан кейін сағат 9-дан 18-ге дейін жұмыста отырады. Одан шыға сала үй жинау, кір жуу, балаларының оқуын қадағалау тағысын тағылар. Әбден шаршаған әйел түн жарымында жатып, таңғы 6-да қайта тұрады. Ертесі барлығы қайта басталады. Ал демалыс күндері жұмыс күндерінен де қиын. Әйелдердің өмірін жеңілдету үшін олардың жұмыс сағатын 7 сағатқа қысқартуды ұсынамын. Ал жұма күні түске дейін ғана жұмыс істесін. Жұмыс уақыты біткенде әйелге қосымша тапсырма беріп, жұмыста отыруға мәжбүрлеуге тыйым салу қажет. Мұндайға көбіне мемлекеттік мекемелер барады. Әйелді жұмыс уақыты біткеннен кейін де жұмыс істеуге мәжбүрлеген басшыларды орнынан босату керек», – деп жазды Жангелді Сүлейменов. Ал әйелдерді жұмыс уақытынан кейін ұстап қалатын басшыларды жұмыстан қуу керек дегені әйелдер тарапынан қолдау тауып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Халқымызда еркек түзде, әйел үйдің шаруасында деген бар. Қазір түз дейтін не бар? Статистика қалалы жердің жұмыс нарығына қатысты жасалады. Қалалы жерде ер мен әйелдің үй мен түз деп бөлісетін несі бар? Әйел де, еркек те жұмыс істейді. Бірақ үй тірлігі бәрібір әйелдің мойнында қала береді. Ер азаматтың үй шаруасына мүлде араласпайтынына қарап-ақ бала тәрбиесінде де еркектердің мүлде алаңсыз екенін аңғару қиын емес.  БҰҰ соңғы жылдары бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін ұлғайту мәселесін көтеріп келеді. Зерттеулерге сүйенсек, әкесінің қамқорлығын көріп өскен бала ешқашан ынжық, ұялшақ, ез болмайды екен. «Вашингтон пост» газетінде жарияланған мына дерек әркімге ой салары анық. Әлемде әрбір бесінші отбасының асыраушысы – әйел. Америкалық «Пью» зерттеу орталығы отбасындағы әйелдердің рөлі туралы зерттеу жүргізген. 1970 жылғы деректерде ерлер көбінесе өзінен білімі төмен әйелдермен отбасын құратын. Ол кезде отбасын құрған әйелдер арасында жұмыс істейтіндері сирек болған. Араға 40-50 жыл салғанда отбасындағы қарым-қатынас мүлде өзгерді. Зерттеу орталығы қазір отбасын құру әйелдерге емес, ерлерге тиімді деген тоқтамға келген. Қазір ерлер өзінен білімі жоғары әйелдерге үйленеді, сәйкесінше әйелдері өздерінен көп жұмыс жасайды. Ертеректе әйелдер өзінен білімі жоғары ерлерге тұрмысқа шығып, өзінің экономикалық ахуалын түзеткен болса, қазір жағдай мүлде бөлек. Ерлер әйелінің өзінен көп табыс табатынына намыстанбайды, керісінше мақтан көреді. Әлеуметтанушылардың айтуынша, мұндай жағдай Қазақстанда да бар. 2016 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның гендерлік теңдік индексі бойынша Қазақстан 144 мемлекеттің ішінен 51-орынға тұрақтады. Осыдан он жыл бұрын бұл көрсеткіш 32-орында болған. Бірақ қазақы қоғамдағы әйелді бағалау әлі де төмен деңгейде. Бас прокуратураның соңғы деректеріне сүйенсек, бір жылдың ішінде 316 әйел өзіне-өзі қол салған. Оның ішінде балаларын өлтіріп, артынан өзіне қол салғандары аз емес. Түрмеге түскен әйелдердің 300-і отбасындағы кикілжіңнен кісі өлтіруге барған. Мамандардың айтуынша, жұмыссыздық пен заңға қайшы әрекеттер отбасындағы жағдаймен тікелей байланысты. Айнұр, 29 жаста: – Мектепте сабақ бергеніме 7 жыл болды. Қазір екі балам бар. Айлығым 45-50 мың теңге болатын. Екінші балам кішкентай болғандықтан, жұмысқа әлі шықпадым. Бірақ мектептегі жұмысыма қайта оралғым келмейді. Өйткені жалақы аз, жұмыс көп. Балаларыма қарай алмай қаламын. Хабарландыру бойынша бірнеше жұмыс қарастырып көрдім. Басшылыққа, бухгалтерия, бөлімшелерге көмекші керек деген хабарландыру өте көп. Сөйлесуге шақырады. Басты талабы – орысшаңның жетік болуы. Орысша ауызекі сөйлегенмен, орыс  тілінде сауаттымын деп айта алмаймын. Көп ретте жұмысқа тұруыма осы кедергі болды. Мұндай қызметтерге сырт келбетің де келісті болуы керек. Әдемі қыздардың кандидатурасын ғана қарастырады. Адель, 25 жаста: – Алғашқыда «Faberlic» косметикалық компаниясының өнімдерін саттым. Мұнымен студенттік кезден айналысқанмын. Оқуымды бітірген соң да жұмыс іздеп, әуреленген жоқпын. Осы компанияның маркетингтік стратегиясын меңгеріп, табысым өзіме жетерліктей болды. Бірақ бұл қосымша табыс көзі деп білемін. Негізгі жұмыс басқа болса деймін. Кеңседе, компанияларда хатшы болса да істегім келеді. Бірақ мен қаланың бір шетінде тұрамын, бұл жақтарда пәтер арзан ғой. Орталыққа қатынау ыңғайсыз, кептеліспен бар уақытың кетеді. Ал қаладан пәтер жалдаудың қисыны жоқ, жалақы пәтерге де жетпейді. Айшат, 31 жаста: – Тұрмысқа шықпай тұрып, мектепте суреттен сабақ бердім. Бес жылдан бері тұрмыстамын, екі балам бар. Жұмыс істеуге күйеуім рұқсат бермейді, қызғанады, кінәлайды. Өзінің де тұрақты жұмысы жоқ. Мені қызғанып қоймаған соң, «өзің бағып көр» деп жұмысты тастадым. Балалар өсіп қалды, алды бір-екі жылда сабаққа баруы тиіс. Онда қайтпекпіз?

Серіктес жаңалықтары