Бал жеп өскен балғындар

Бал жеп өскен балғындар

Бал жеп өскен балғындар
ашық дереккөзі
1328
Бал жеп өскен баланың ақыл-ойының жүйрік, есте сақтау қабілетінің өте жақсы болатынын жан-жақты зерделеген мысырлықтар ескі замандарда-ақ күн сайын балаларына белгілі бір мөлшерде бал беруді дағдыға айналдырған екен. Мұндай үрдіс қайбір жылы Шығыс Қазақстан, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында да қолға алынып, мектептерде оқушылардың ас мәзіріне бал енгізілген болатын. Алайда бұл бастама өзге өңірлерде жалғасын таппады. Статистикалық дерекке жүгінсек, Қазақстанның әрбір тұрғыны жылына орта есеппен небәрі 40 грамм ғана бал жейді екен. Бұл бір шәй қасық қана. 1990 жылға дейін бал өндіруден Ресей, Украина және Беларусьтан соң төртінші орында тұрған Қазақстан жыл сайын алыс-жақын шетелдерге 50 мың тоннаға жуық ара балын экспорттаған. Кейіннен омарташыларға жеткілікті қолдаудың болмауы салдарынан бұл көрсеткіш 5 мың тоннаға дейін құлдырап кетті. Қайта жандана бастаған отандық бал өндірісі ішкі-сыртқы сұранысты өтеуге қауқарлы ма? Тарлан тарихқа көз жіберсек, омарта шаруашылығы тереңнен тамыр тартқанын көреміз. Тарихи ескерткіштер біздің жыл санауымызға дейін Армения мен Грузия халқы кәсіптің осы түрімен белсенді айналысқанын дәлелдейді. Сонымен қатар, ежелгі грек тарихшысы Геродоттың Шығыс Еуропаның далалық аймағында скифтер тіршілік еткенін, олар балмен және балауызбен емін-еркін сауда жасағанын атап айтады. Көне заманда, егін шаруашылығы кең қанат жайған соң, славяндар бал өндіруді негізгі кәсіптердің біріне айналдырған. Сол кездегі ормандарда жабайы аралар өте көп болған, олардың ұяларынан бал мен балауыз алған. Кейіннен кездейсоқ кездестірілген ұялардан осындай олжа-тағамды алумен ғана шектелмей, келесі жылдары пайдалану үшін ара ұялары бар ағаштарға айрықша белгілер сала бастаған. Мұнан кейін аралар үшін ағаштарды ұңғылап қуыстар жасауды әдетке айналдырды. Ормандағы жабайы орта – ара тұқымы бар осындай қуысты ағаштар Башқұртстанның Бузян қорығында күні бүгінге дейін сақталған. Оның ғылыми және тәжірибелік мәні үлкен. Себебі Башқұрт­­­­стан орта-орыс ара тұқымының таза күйінде сақталған бірден-бір орны. Мұндағы ара қысқа ерекше төзімділігімен және мол өнім беруімен ерекшеленеді. Егіншіліктің өркендеуіне және орман ағаштарын кесуге байланысты арнайы қуысты ара кәсібімен бірге елді мекенге жақын жерден бөлшектелмейтін ара ұяларында омарта шаруашылығы құрылды. Киев Русі кезеңінде омарта шаруашылығы кеңінен дамыды. Ресейде бал ұзақ уақыт бойы ең көп таралған тәтті тағам еді, ал қызылша қанты ол кезде белгісіз болды. Қуысты омарта шаруашылығы 15-ғасырдың басталуына дейін кеңінен таралды. Киев Полесьесіндегі бір ғана Лебедин саябағында бал жинаушылар кемінде 10 мың пұт бал алған. Омарта шаруашылығының әдіс-тәсілдерін жетілдіру, омарталардың өнімділігін арттыру ісіне көрнекті зерттеуші маман П.И. Прокоповичтің қосқан үлесі зор. Ол омарта шаруашылығының дүниежүзілік тәжірибесінде тұңғыш рет бөлшектелетін рамалы ұяларды ойлап тауып (1814), соның негізінде қоректендіру, бағып-күту, аралардың өсіп-көбеюі, сырқаттарға қарсы күресу, омарта шаруашылығының қоректік базасын жақсарту және оны тиімді пайдалану жөніндегі шаралар жүйесін белгіледі. Осылайша П.И. Прокопович ауыл шаруашылық өндірісінің саласы ретінде осы кездегі омарта шаруашылығының негізін қалады.

Мақсат – дайын өнім шығару

Бұған дейін омарта ұстап, бал арасын өсіру – еліміздің көптеген өңірлері үшін таңсық болып келді. Тауар өндірушілер оны дәстүрлі емес шаруашылықтың қатарына қосты. Бүгінгі күні агроөнеркәсіп саласы өндірісінде ара шаруашылығының алатын үлесі жылдан-жылға өсіп келеді. Кәсіптің бұл түріне жан-жақты көңіл бөле бастаған аймақтардың бірі – Ақтөбе облысы. Өңірде 11 жеке кәсіпкер бұрын-соңды өздері айналысып көрмеген омарташылыққа бет бұрып, бал өндіруге бел шеше кірісіп кеткен. «Ақтөбе омарташылары» атты кооператив құрылып, бұл құрылым 34 кәсіпкер-ара өсірушінің басын біріктірді. Ендігі мақсат – омарташылардың шикізат шылауында қалып қоймай, бал өндіруден оны өңдеу сатысына өтіп, дайын тауарлы өнім шығару деңгейіне жеткізу. Өңірде бүгінгі күні мұндай жетістікке қол жеткізген агроқұрылымдар да бар. Атап айтқанда, «Таңшолпан» шаруа қожалығы көш бастап келеді. Фирма мамандары балды өңдеуге арналған цехты да құрастырып шығарыпты. Таңшолпандықтар әзірлеген өнімдерін жаңа дизайнмен сауда орындарына жөнелту жолдарын да ойластырып, оны қораптар мен банкілерге салынған күйінде тұтынушыларға ұсынуды жоспарлап отыр. Әдетте селекциялық асылдандыру жұмыстары деген тіркес көп жағдайда мал шаруашылығына қатысты айтылатыны белгілі. Мұндай шаруалар ара шаруашылығын биік сапалық деңгейге жеткізуге де аса қажет екен. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, бұл тұрғыда Үкімет жеті миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетуді белгілеген. Алматы облысында да бал өндірісі жандануда. Алакөл ауданындағы Лепсі ауылының омарташылары биыл 300 тоннаға дейін бал жинап, өткізуге ниетті. Өнімді халықаралық талаптарға сай ыдыстарға құйып, шетелге экспортқа шығаруға былтыр ашылған бал цехы мүмкіндік берді. Лепсінің балы осыдан 1 ғасыр бұрын да әлемге танымал болған. Оған 1913 жылы Ресей императоры Романовтар әулетінің 300 жылдығына орай балды Лепсіден арнайы алдырғаны туралы тарихи деректер куә. Лепсідегі бал цехы тек осы ауылдың омарташыларының балын қабылдайды. Онда да арнайы зертханада сапасы тексерілген соң алады. Ауылда 40-тан астам омарташы бал өткізуде. Кәсіпорында 15 адам еңбек етеді. Еңбеккерлердің орташа жалақысы – 60 мың теңге. Жұмысшылардың басым бөлігінің өз омарталары бар. Әрбір қызметкер өз қолынан шыққан өнімнің шетел асып экспортталып жатқанын мақтан тұтады. Омарташылар бір кездері жинаған балды қолға түскен ыдысқа салып, одан кейін оны алатын адам таппай естері шықса, қазір 30 түрлі ыдысқа салынған бал Біріккен Араб Әмірліктері мен Ресейге жөнелтілуде. Шетелдіктердің Лепсінің балына қызығушылық танытуы бекер емес. Мұнда өндірілген балдың дәрілік қасиеті жоғары. Себебі дәл осы аймақта бал арасы қонатын 200-ден астам өсімдік болса, оның 40-тан астам түрі дәрілік шөптер. Сондықтан Алматы облысында өткен «Қазақстанның үздік тауары» байқауында «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша Лепсі балының бірінші орын иеленуі заңдылық. Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданы да омарта шаруашылығы үшін таптырмайтын өңір. Таулы өңірде бүгінде бал арасын ұстайтын жеке кәсіпкерлердің саны 20-ға жуықтайды. Олардың арасында Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданынан келіп, қолайлы жер таңдап, бал өндіріп отырғандар да аз емес. Солардың бірі – сарыағаштық Сергей Маринков 10 жылдан бері омарташылықпен айналысып келеді. Ол бүгінде Қазығұрт ауданы, Сабыр Рақымов ауыл округі маңындағы жол бойында бал арасын ұстап, табиғи таза өнім өндіріп отыр. «Омарташылықпен інім, әкем үшеуміз айналысамыз. Сарыағаш ауданынан арнайы келіп, осында орналастық. Бүгінде тұрақты алыпсатарларға балымыздың бір келісін 1500 теңгеден сатып жүрміз. Жалпы, бір маусымда 3,5 тоннадай бал өндіреміз», – дейді Сергей Маринков. Жуырда Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сергейдің омартасына арнайы тоқтап, жұмысымен танысқан болатын. «Омарташы болу – жақсы кәсіп. Табиғаттың керемет жерінде бал арасын өсіріп, таза табиғи өнім алып отырған осындай омарташыларға қолдау білдіріп, басын қосып, кооператив құру қажет. Сонда ғана жұмыс жүйеленіп, омарташылық кәсіпті дамытуға жол ашылады», – деді Жансейіт Қансейітұлы. Омарташылар кооперативін құрудың ішкі туризмді дамытып, шетелдік туристерді көптеп тартуға септігі мол. Сондай-ақ оңтүстік омарташыларының бірлесіп, ұжымдасып жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тумақ. Алдағы уақытта қазығұрттық балды брендке айналдырудың жолын қарастырып жатқан аудан басшылығы өңірге келетін туристерге балды қолжетімді ету үшін облыс орталығындағы қонақүйлерге бал өнімдерін пакеттеп ұсынуды көздеп отыр.

«Жастығыңды сақтағың келсе, бал же!»

Еліміздегі омарта шаруашылығының отаны – Шығыс Қазақстан облысына Қазақстанда өндірілетін бал өнімдерінің 90 пайызы тиесілі. Алғашқы аралар осыдан бір жарым ғасыр бұрын Өскеменнің іргесіне әкелініп, қолға үйретіле бастаған. Бұл кәсіптің қыр-сырын ерте меңгеріп, 40 жыл бойы бал өндірумен айналысып келе жатқан ардагер омарташы Павел Сердюкті қалада білмейтін адам кемде-кем. Оның айтуынша, бал арасын өсіруді омарта орналасатын орынды таңдаудан және қажетті құрал-жабдықтарды сатып алудан бастау керек. Бұл үшін омарта орналастырылатын жер телімі желден жақсы қорғалған, құрғақ жерден таңдалғаны дұрыс. Сонымен қатар, болашақ омартаның айналасында орман немесе ағаш шоғырларының, бау-бақшалардың, аралар бал тарта алатындай гүлдер мен шөптер өскен далалық аумақтардың болуы қажет. Омартаны орналастырған кезде ара ұяларының құрылысына мән берудің де маңызы зор. Өйткені оның сапасы жұмыс істеуге қабілетті аралар тобының қалыптасуына, сонымен қатар, омарташының еңбек өнімділігінің артуына ықпал етеді. Павел Сердюктің айтуынша, қолданыс аясы кең болғандықтан балға сұраныс ешуақытта азаймайды. «Балдың пайдасы өте көп. Мәселен, балдың бір түрі асқазанға, енді бірі жүрекке пайдалы деп жатады. Ара шаруашылығымен айналысу барысында тұрмысқа қажетті өзге де заттар алынады. Мәселен, бал балауызын, прополисін, аналық сүті мен тозаңын пайдалануға болады. Сонымен қатар, өлі бал арасынан жасалған тұнба да өте пайдалы. Оны буын ауруларына ем ретінде қолданады. Ең бастысы, таза табиғи өнімді пайдаланып, ем шараларын дұрыс жасай білсе болғаны», – дейді Павел Сердюк. Балдың медицинада қолданылу тарихы тереңнен бастау алады. Белгілі философ, ғұлама дәрігер Ибн-Сина: «Егер жастығыңды сақтағың келсе, онда міндетті түрде бал же» деген екен. Ал Грекияның ұлы математигі Пифагор: «Менің көп жасауымның себебі – үзбей бал жеуімнен» деп атап көрсетті. Сөйтіп, бал ерте кезден-ақ өзінің жоғары бағасын алған. Балдың құрамында 60-қа жуық зат бар. Олар балдың қай мезгілде, қандай өсімдік гүлдерінен жиналғанына, ауа райы мен жер жағдайына байланысты өзгеріп отырады. Бұлардың құрамында ең көп кездесетін көмірсулар – глюкоза мен фруктоза. Олар балдың 70-75 пайызын құрайды. Балдың құрамындағы көмірсулар адам бойына жақсы сіңеді. Олар әсіресе, жүйке жасушалары мен бұлшықеттердің дамуына аса қажет. Егер қан құрамында көмірсу азайса, адмның ойлау қабілеті мен дене еңбегіне деген қабілеті күрт төмендейді. Балдың құрамында минералды заттар, микроэлементтер, ферменттер мен дәрумендер де аз емес. Сондықтан бал ас қорытуды, ішкі азғалардың қызметін жақсартады. Ол организмнің жалпы жағдайын нығайтып, асқазан қышқылының бір қалыпты болуына жағдай жасайды. Халық арасында суық тигенде, тұмауратқанда балды ыстық шай немесе сүтке езіп ішу әдеті дамыған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл өте құптарлық жай. Өйткені бал организмнің әр түрлі ауруларға қарсылық күшін арттырады. Көп жылғы ғылыми зерттеулер балдың асқазан аурулары мен жүйке сырқаттарын емдеуге пайдалы екенін дәлелдеді. Дәрімен ғана емделген адамдардың әрбір үшіншісінің, ал бал мен дәріні араластырып емделген екі адамның бірінің асқазан жарасы жазылғанын тәжірибе көрсетті. Асқазанда жарасы барлар мен асқазан қышқылы шамадан тыс көп адамдар балды таңертең және түскі тамақтан бір жарым-екі сағаттай бұрын, ал кешкі тамақтан соң үш сағаттан кейін пайдаланғаны жөн. Сонда бал асқазан сөлінің бөліну процесін тежеп, қышқылын төмендетеді, жүректің қыжылын басады. Сөйтіп ол ойық жараның жазылуына жақсы жағдай туғызады. Балды тамақ алдында пайдаланса, керісінше, асқазан сөлін едәуір көбейтеді. Сондықтан асқазан қышқылы төмендеген адам балды ас ішер алдында пайдаланғаны дұрыс дейді мамандар. Бал жүрек-қан тамырлары ауруларына да шипа. Оның құрамындағы глюкоза жүректің қызметін күшейтіп, көңіл-күйді жақсартады. Дәрігерлер жүрек ауруларына шалдыққан науқастарға балды күніне бір шай қасықтан 2-3 рет пайдалануға кеңес береді. Өйткені шамадан тыс жеген бал денеден терді көп бөліп, жүрекке салмақ түсіреді. Өкпе туберкулезіне, анемия (қанның азаюы) ауруларына шалдыққанда, шаршап қажығанда балды сүтпен араластырып ішкен пайдалы. Ұйқысы қашқан, жүйке ауруларына шалдыққандарға да бал таптырмас ем. Балдың қайталанбас қасиеті туралы қасиетті Құран Кәрімде де айтылған. Араның тек адамның денсаулығына ғана емес, қоршаған ортаға тигізетін пайдасы да шаш-етектен. Экологтардың айтуынша, қара топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруде ара айрықша рөл атқарады. Сондықтан елімізде омарта шаруашылығын одан әрі дамытудың маңызы зор. Кәсіпті ілгерілетуге кедергі келтіретін мәселелерді шешу күн тәртібінен түспеуі керек. Бұл бағыттағы басты түйткілдердің бірі – кәсіби әрі білікті мамандардың жетіспеушілігі. Осы мәселеге таяу арада жоғары өкілетті органдар тарапынан тиісті көңіл аударылмаса, еліміздегі омарта шаруашылығының тірлігі дөңгелемейді дейді дәстүрлі емес сала жанашырлары. Бүгінгі күні ғылыми ізденістерді қажет етпейтін өндіріс саласын табу қиын-ақ. Бал өндірісі де оған зәру. Аталған іс алға жылжуы үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті ұсыныстар әзірлесе, ісіміз алға жылжыр еді дейді омарташылар. Сондай-ақ, бал өндірушілер елімізде омарта шаруашылығын дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылданса деген тілектерін жеткізді. Қоршаған ортаға пайдасы мол, шығынынан кірісі көп кәсіптің нәсібін көргендер көбейсе, елге сол олжа.    

Серіктес жаңалықтары