446
Қазақтың мақтанышына айналмаған қала
Қазақтың мақтанышына айналмаған қала
Қапшағай қаласының ойын-сауық орталығына айналғанына аттай жеті жыл болыпты. Осы уақыт аралығында Қапшағай Лас-Вегас сияқты қаржы орталығына айналмаса да, экономикасы дамыған, курорттық және ойын-сауық есебінен табысы мол қала дәрежесіне жетуі тиіс еді. Өкінішке қарай, жағажай демалысы мен ойынхана бизнесі жергілікті халыққа жұмыс тауып бергенімен, қала экономикасының еңсесін тіктей алмаған сияқты.
Оған қарапайым мысал, жағажайға апаратын жолдар әлі күнге дейін нашар. Жаңа жол салынбаған. Ескісінің сау тамтығы қалмаған, кейбір тұстарында тіпті жол жоқ. Жаз айларында ғана жұмысы жанданатын демалыс орындары өз ауласын көркейтіп, абаттандырғанымен жағажайға баратын жолды естен шығарғандай. Қапшағай су қоймасы аумағында туризм инфрақұрылымының 187 нысаны орналасқан. Ол жерлерде 9 қонақ үй, 8 ойын ғимараты, 3 слод-клуб қызмет көрсетеді. Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков алдағы уақытта туризмді дамыту мақсатында көл жағалауларын дамыту, сапалы қызмет көрсету, қолжетімді демалыс аймақтарын қалыптастыру жұмысы жандандырылатын болады деген еді. Алайда Қапшағайда демалып келгендердің әлеуметтік желідегі жазбаларына үңілсек, көпшілік қала ішіндегі және жағажайға апаратын жолдардың сапасыздығын баса айтады. Қапшағайға жаз мезгілінде күніне 4 мың адам келіп кетеді. Оның басым көпшілігі жеңіл көлікпен қатынайтындар. Сондықтан жолдың жайы баршаға ортақ түйткіл. «Қапшағайда жолдарды жөндеуге 330 миллион теңге ақша бөлінді. Бүгінгі таңда бірінші саты бойынша 166 миллион теңгедей ақшаны игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қапшағай қаласымен қосқанда барлығы 12 көшені жөндеу жұмыстары өткізіледі», – деді жақында Қапшағай қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалдау бөлімінің басшысы Мұрат Абауов.
Жалпы, қаржы орталығына айналуы тиіс қаланың тіршілігі назардан тыс қалып бара жатқандай. Айталық, бұрындары Алматы өңіріне салынатын инвестицияның басым бөлігі Алматы қаласына салынса (93 пайыз), одан кейін Қапшағайға бағытталатын. Бірақ биыл инвестиция көлемі Алматы маңайындағы өңірлер – Талғар, Есік, Қаскелең және Қапшағайға тең бөлініп отыр. Ең өкініштісі, соңғы кезде Қапшағайға салынатын негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 75 пайызға кеміген, бұл – 1,4 миллиард теңге. Ал Есік қаласына бағытталған капитал 8 есеге өскен, шамамен – 3 миллиард теңге, Қаскелеңге – 3 есе артып, 8 миллиард теңге бағытталса, Талғарға салынған инвестиция 4,8 миллиард теңгеге жеткен.
Биыл Есік, Талғар және Қаскелең өңіріне салынатын инвестиция көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 17 пайызға, 2015 жылмен салыстырғанда 81 пайызға артқан. Ал инвесторлардың жеке қаржы салымдары 40 пайызға өсіп, 150 миллиард теңгені құрап отыр. Осы арқылы бюджеттегі жүктеме төмендеді. Бюджеттік инвестицияның көлемі 20 пайызға кеміп, 28,4 миллиард теңге болды.
Алматы агломерациясындағы ең инвестициялы аймақтар – Алматы, Талғар, Есік, Қаскелең және Қапшағай. Осы сияқты моноқалалар мен шағын қалалардың әлеуеті – кейбірінде орташа, кейбірінде төмен. Сондықтан аталмыш қалаларды дамыту әлі де өзекті күйінде қала береді.
Екі жағажайға 265 млн теңге жұмсалмақ
Қала әкімінің хабарлауынша, екі жағажайдың пилоттық жобасы дайындалған. Оған жұмсалатын қаржы – 265 миллион теңге. Мұнда жағалау волейболы, жағалау футболы алаңдары, жағалау бульвары, балалардың ойын алаңдары, қайыққа арналған пирс, басқа да қажетті мүмкіндіктердің бәрі жасалмақ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қалалық көл жағалауы демалыс аймағының ең алдымен сапалы жасалуына, қызмет көрсету құны қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуына назар аударуды міндеттеді. Туризмді дамытуға зор ықпал ететін жағалауды абаттандыру жобасын әзірлеп, ұсынуды тапсырып, облыс басшылығы тарапынан бұл іске барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін айтты. «Қапшағай – географиялық орналасуы жағынан, экономикалық даму, туризмді өркендету жағынан мүмкіндігі зор аймақ. Қала әкімінің 2017 жылға жасаған жоспарларын өткен жылдың соңында аудан, қала әкімдерінің тыңдауын өткізген кезде де бірге талқылағанбыз. Өнеркәсіп аймақтарын өркендету, инвесторлар тарту, қаланы көріктендіру, көл жағалауын дамыту, тұрғын үй және басқа да әлеуметтік нысандар салу басқа да айқын жоспарларын қолдап, қажетті қолдау көрсетеміз. Өнеркәсіп алаңдарында жаңа кәсіпорындар ашылады. Қапшағайда заман талабына сай Мәдениет үйі бой көтеретін күн де алыс емес. Саябақтар жаңаша келбетке енеді», – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.Моноқалалар да жақсылықтан үмітті
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша 2012-2020 жылдар аралығында моноқалаларды дамыту жүзеге асырылмақ. Бұл қалаларда 10-100 мыңның аралығында тұрғындар бар. Еліміздегі 86 қаланың 27-сі 2012 жылы моноқалалар тізіміне енгізілді. Шамамен еліміздегі әрбір үшінші қала моноқалаға жатады. Олардың көпшілігі кеңестік дәуірде салынған. Тыныс-тіршілігі енді жанданған қалалардың бүгінгі бет-әлпетінде кезінде қайнаған тіршіліктің бірде-бір нышаны да қалмаған. Ескірген тұрғын үйлер, көненің көзіне айналған зауыт-фабрикалар, тастанды қоймалар мен цехтар, жұмыссыздық етек алған, инфрақұрылым, инновация атымен жоқ. Халқы қаша бастаған қалалардың жағдайын түзету үшін құрылған бағдарлама бүгінде өз нәтижесін көрсетіп келеді. Ал 2020 жылы моноқалалардың экономикасы еңсесін көтеріп, өзін-өзі ақтайтын қалалар қатарына қосу көзделген. Қазіргі кезде Қапшағайдың өнеркәсіп өндірісі әлеуетін арттыру мақсатында қаланы бірнеше секторға бөліп қарастырып, дамыту жоспарланып отыр. Олар – Қапшағай өңірі, Заречный ауылдық округі және «Арна» индустриалды аймағы. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті, туризмді дамыту қала экономикасын құрайтын негізгі салалардың бірі. Бүгінгі күні қалада 3 мың 408 шағын және орта бизнес нысаны болса, онда 16,3 мың адам жұмыс істейді. Өткен жылы олар шығарған өнім мен көрсеткен қызмет көлемінің құны 12,2 млрд теңге болды. Бұл бюджет түсімінің 60 пайызын құрапты. Биыл шағын қалалар мен моноқалалардың құрылысына Аймақтарды дамыту бағдарламасы бойынша 7,2 миллиард теңге қарастырылып отыр. Десе де бұл былтырғы жылға қарағанда екі есе төмен. Қапшағай қаласы да моноқалалардың тізіміне енгізілген. Биыл бөлінген қаражат Қапшағай қаласының аулалары мен көшелерін абаттандыруға жұмсалған. Осылайша ин-фрақұрылымды дамыту арқылы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық потенциалын көтеру қарастырылмақ. 2018 жылы экономикалық өсім орталықтарының инженерлік инфрақұрылымы 10 пайызға жақсарғанымен, 15 пайызға тозады екен. Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков 60 мыңнан астам тұрғыны бар Қапшағайда былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі 50 миллиард теңгеге жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда 132,3 пайызды құрағанын жеткізді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 22,8 миллиард теңгеге жетіп, оның ішінде бюджеттен тыс инвестиция 51,2 пайыз болды. Жүзеге асырылған жобалардың ішінде «АННАР» жел электр станциясы, «Грин Лэнд Алатау» ЖШС мен «LSTmarket» жылыжайларын кеңейтудің 2-ші кезеңдерін атап өтуге болады. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру барысында 145 жаңа жұмыс орны құрылған. Жалпы, республикалық бюджет туралы заңның 2018-2020 жылдарға арналған жобасына сәйкес, келесі жылы шағын қалаларды көркейтуді қаржыландыру 5 есеге артпақ. Сөйтіп, 37,8 миллиард теңге инвестиция бағытталса, 2019 жылы 55,4 миллиард теңге бөлінеді. Биыл 7 аймақ бойынша инфрақұрылымдық жобалар жүргізіледі. Қарағанды, Шығыс Қазақ-стан, Жамбыл, Атырау, Қостанай, Павлодар және Алматы облыстарындағы 9 моноқалада 14 жоба қолға алынады. Ең алғашқы қаражат Қарағанды және Жамбыл облыстарына бағытталады. Моноқалаларды дамыту жобасы 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы аралықта бөлінген қаражат пен оның игерілуі туралы есептерді тыңдап келеміз. Десек те осы күнге дейін ірі қалаларға бет алғандардың саны азайған жоқ. Керісінше, жылдан жылға артып келеді. Соған қарағанда, шалғай ауылдар мен шағын қалалар халқының жағдайы әлі де көңіл көншітпейді-ау...