Батыс Қазақстанда шілдеде қар жауды

Батыс Қазақстанда шілдеде қар жауды

Батыс Қазақстанда шілдеде қар жауды
ашық дереккөзі
Шілденің 11-і күні кешке қарай Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданы Дариян ауылында бұршақ аралас жаңбыр жауып, соңы қадімгідей қарға ұласқан. Табиғаттың бұл тосын құбылысы жергілікті тұрғындарды әбігерге салды деп хабарлайды Егемен Қазақстан. Ауыл көшелерінде кейбір электр желілері үзіліп, жеке ауладағы бау-бақша бүлінген. - Абырой болғанда адам мен мал шығыны, жарақат алғандар жоқ, - дейді Зеленов ауданындағы әріптесіміз, «Ауыл тынысы» газетінің редакторы Нұржан Дүзбатыров. – Облыс басшысының шұғыл тапсырмасымен аудан басшылары оқиға орнына жедел жетіп, табиғат құбылысының зардаптарын қалпына келтіру шараларын жасады. Электр қуатын беру қалпына келтірілді. Қазір жеке адамдардың ауласына және егіс алқаптарына зиян тиген-тимегені анықталуда. Дариян – 1997 жылы таратылған Приурал ауданының орталығы болған, 5 мыңнан аса тұрғыны бар ірі елді мекен. Бір қызығы, Дариян ауылымен көршілес жатқан басқа елдімекендерде найзағай ойнап, нөсер жауын жауғанымен, қарға ұласпаған.