Нұрсұлтан Назарбаев: Көк тудың  астына біріккен  біртұтас  ұлтпыз

Нұрсұлтан Назарбаев: Көк тудың  астына біріккен  біртұтас  ұлтпыз

Нұрсұлтан Назарбаев:  Көк тудың  астына  біріккен  біртұтас  ұлтпыз
ашық дереккөзі
Есілдің жағалауында орналасқан Қазақстандағы ең үлкен тутұғырда көк байрақты желбірету арқылы Астана күнін мерекелеу дәстүрге айналғаны белгілі. Осы жоралғы бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Атамекен» Қазақстанның картасы» этно-мемориалды кешені аумағында еліміздегі ең үлкен Туды көтеру рәсіміне қатысып, салтанатты шара аясында қала күнін тойлауға арналған мерекелік бағдарламалардың басталғанын жариялады. Бұл салтанатты іс-шараға Президент әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, министрлер мен ведомство басшылары, Астана басшылығы, қала тұрғындары мен қонақтары – барлығы 5 мыңға жуық адам шақырылды. Көпшілік алдында сөз алған Елбасы әрбір қазақстандық үшін мемлекеттік Ту ерекше маңызға ие екенін айтып, еліміздің тәуелсіздік жылдарында абыройлы даму жолынан өткеніне тоқталды. «Біз елорда күні қарсаңында Мемлекеттік туымызды көтеру рәсімін дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. 25 жыл ішінде Қазақстанды бір Тудың астына біріккен біртұтас ұлт ретінде қалыптастыра алдық», – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаһандық технологиялық дамудың алдыңғы шебінен табылуға ұмтылатынын айтып, еліміздің экономика және спорт салаларындағы жетістіктеріне де ерекше назар аударды.  «Қазақстанның Көк байрағы әлемнің көптеген ірі ареналарында ұлттық жеңісіміздің салтанатында желбірейді. Біз елімізге деген шынайы қуаныш пен мақтаныш сезіміне толы сәттерге Алматыда өткен Қысқы универсиада ойындары барысында куә болдық. Аспан түстес Көк туымыздың астында Қазақстан бүкіл әлемге танылды», – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Елбасы Қазақстанның жаһандық үдерістерге белсенді атсалысып отырғанына назар аударып, еліміз халықаралық аренада бітімгершілік қызметті жалғастыра беретінін айтты. «Біз қақтығысып жатқан тараптарды келісімге келіп, татуласуға шақыратын мемлекетке айналдық. Сол арқылы беделіміз де артып келеді. Біз жер бетінде бейбітшілік орнату үшін күресіп, ядролық қарудың жойылуына атсалысудамыз. Біз сенімге ие болып, біртұтас әрі толерантты қоғамда өмір сүрудеміз. Сондықтан мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының  съездері өткізіліп келеді», – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев бірлік еліміздің одан әрі дамуының және алдымызға қойған барлық міндеттер мен бағдарламаларды іске асырудың негізі екенін атап өтті. Осы орайда Президент қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен – Астананың 19 жасқа толуымен құттықтады. «Астана – мүмкіндіктеріміздің, халқымыздың ұлылығы мен ауызбіршілігінің нышаны. Елордамыз – Орталық Азияның, бүкіл Азия құрлығының маржаны. Біз бас қаламызды сүйеміз, ал қонақтарымыз оған таңырқай қарайды. Астана күні – барша қазақстандықтарға ортақ мереке. Біз – бақытты ұрпақпыз! Себебі ата-бабаларымыз көрген сұрапыл соғыстар мен ашаршылық зардаптары мен қиындықтарын бастан өткерген жоқпыз. Бүгінгі ұрпақ ата-бабаларымыздың, аға буынның арқасында осы күнге жетіп отыр. Біздің ендігі мақсатымыз – бірлік пен берекені сақтау. Біз әлемдегі бәсекелестікке төтеп беріп, тек жеңіске жетуіміз керек, – деді Қазақстан Президенті. Жыл сайын Астана күні мерекесі қарсаңында, мемлекеттік туды биік тұғырына қондыру рәсімі аясында Отан шебін қорғауға кіріскен ұландардың үздіктеріне алғашқы әскери шендерін табыс ету де дәстүрге енген. Қазақтың көк туын алып тутұғырға көтеру рәсімі алғаш рет 2009 жылы өткізілген екен. Сол кезден бері 108 түлекке әскери шен тапсырылыпты. Биылғы салтанатты рәсім барысында да Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жоғары әскери оқу орындарының 12 таңдаулы түлегіне өз қолымен алғашқы офицер шенін тапсырды. Олар Қорғаныс министрлігіне қарасты Құрлық әскерлері Әскери институтын, Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясын, Ішкі істер министрлігі академиясын, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан әскери институтын, Ішкі істер министрлігінің Көкшетау техникалық институтын бітіріп отыр. Қазақстан Президенті жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектеріне Отанымызға қызмет ету және қазіргі әлемдегі үдерістер жағдайында ұлтымыздың мүддесін қорғау парыз екендігін ескертті. «Сіздерден офицерлік міндетті мүлтіксіз орындау талап етіледі, қай жерде болсаңыздар да, Туымызды қорғап, оны биікте ұстауға тиіссіздер. Сіздерге күрделі әрі жауапты миссия жүктеледі, ол – азаматтардың бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету және еліміздің ұлттық мүддесін қорғау», – деді Елбасы. Шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ту көтеру рәсімінен кейін елорда күні құрметіне арналған мерекелік іс-шаралардың басталатынын айтып, барша  жұртты айтулы мерекемен құттықтады.