Түрік бизнесмендері көмек сұрады

Түрік бизнесмендері көмек сұрады

Түрік бизнесмендері көмек сұрады
ашық дереккөзі
Түрік бизнесмендері Нұрсұлтан Назарбаевтан Түркия мен Ресейді татуластыруды қатты өтінді. Бұл жайында «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Бітімгер миссиясы» деректі фильмінде 2010-2016 жылдары аралығында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған Жансейіт Түймебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Деректі фильмде Түркияның шекара аумағына кіріп кеткен Ресейдің СУ-24 ұшағының атып түсірілуінен кейін екі елдің арасындағы ахуалдың шиеленісуі және оны шешудегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі жан-жақты талқыланған. Келтірілген деректерге қарағанда, осы оқиғадан кейін екі елдің арасындағы жағдай ушығып, Ресей Түркияға қарсы экономикалық санкциялар қолданып, визасыз режимді алып тастаған. Сонымен қатар Ресейде жұмыс істейтін түрік компанияларына шектеу қойып, түрік елінде білім алып жатқан жастарын кері қайтарған. Санкциялардың салдарынан Түркияның туризм бизнесі санаулы ғана уақыттың ішінде 92 пайызға құлдыраған. «Ауыл шаруашылығы тауларларын өндірушілердің басым бөлігі де жұмыстарын тоқтатуына тура келді. Неге? Себебі әрбір қонақ үй күн сайын ауыл шаруашылығы тауарларын, жеміс-жидектерді, ет-сүт өнімдерін, сусындар сатып алатын. Мұның барлығы да тоқтап қалды», - деп еске алады сол кезде Қазақстанның Түркиядағы Елшісі болған Жансейіт Түймебаев. Сонымен қатар ол Түркия мен Ресей арасындағы жағдай ушығып тұрған кезде Ыстанбұлдағы қазақ Елшілігіне күн сайын теңертеңнен бастап кешке дейін түріктің қоғам қайраткерлері, бизнесмендері келетін орынға айналғанын атап өтті. «Олардың барлығының да көтерген мәселесі біреу-ақ. Ол Қазақстан Президентінен бұл мәселені шешуге көмек беруі. Бұл мәселені тек Қазақстан Президенті ғана шеше алатын еді», - деді Жансейіт Түймебаев. Деректі фильмде Қазақстан Президентінің көмекшісі Нұрлан Онжанов, РФ Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков, Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерік Өтембаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия мен Ресей арасындағы проблеманы шешудегі рөліне жан-жақты баға береді.