Шахандағы апатқа қатысты сот отырысы басталды

Шахандағы апатқа қатысты сот отырысы басталды

Шахандағы апатқа қатысты сот отырысы басталды
ашық дереккөзі
Қарағанды облысының Шахан кентіндегі апатқа қатысты сот отырысы басталды, – деп хабарлайды Астана арнасы. Астана арнасының хабарлауынша, 5 лауазымды адам жауапқа тартылмақ. 9 адамның қыршыннан қиылған өміріне жауаптылар ҚР Қылмыстық кодексінің 370-інші, яғни «Қызметтегі әрекетсіздік» бабымен айыпталып отыр. «Қылмыстық іс бойынша Шахан кенті мен Шахтинск қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғалары күдікке ілініп отыр. Олар ҚК-тің 370-інші бабының 4-інші тармағымен, яғни «Ауыр салдарға әкеліп соққан қызметтегі әрекетсіздік» үшін айыпталады», – дейді Қарағанды облыстық прокуратурасы 2 басқарманың аға прокуроры Ерзат Мүсеев. Прокурордың айтуынша, аталған бап бойынша күдіктілер 4-тен 8 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Алайда, лауазымды тұлғалардың ешқайсы тергеу орындары таққан айыпты мойындамаған. Кешегі өткен алғашқы сот отырысында-ақ шенеуніктер бет-жүздерін түсіруге қарсылық білдірді. Ал іс бойынша жапа шегушілер ретінде 11 адам арызданған. Олар – Шахтинск қалалық әкімдігінің өкілдері мен марқұмдардың туыстары. Еске салсақ, Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің жертөлесіндегі қазандық жаңа жылдың алғашқы түні жарылған болатын. Үйдің бүтін бір подъезі құлап, 9 адам қаза тапты. Оның үшеуі бала. Төтенше жағдайдан 4 отбасының пәтері қирап қалса, 10 баспана зақымданған. Сол күні жертөледе пеш жаққан адам 3 ай іздеуде болды. Кейін Саран қаласының маңынан оның мәйіті табылды.