Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды

Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды
ашық дереккөзі
612
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру және денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мәселелері күн тәртібіне қойылды. Осыдан 5 ай бұрын Үкімет орталық мемлекеттік органдар мен мекемелердің және жергілікті атқарушы органдардың жиһаз өнімдерін орталықтандырылған түрде сатып алу жүйесін енгізген болатын. Мемлекеттік сатып алу саласында қабылданып жатқан шаралар сараланған жиын барысында елімізде мемлекеттік органдар мен мекемелердің 6 миллиард теңгеге орталықтандырылған түрде жиһаз сатып алғандығы белгілі болды.  Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жыл соңына дейін бюджетті нақтылау жолымен тағы шамамен 10-12 миллиард теңгеге орталықтандырылған түрде жиһаз сатып алынуы мүмкін екендігін атап өтті. Министрдің сөзінше, бір жарым жылдан бері жұмыс істеп тұрған мемлекеттік сатып алулар веб-порталының платформасы арқасында сатып алулар жүйесі толығымен автоматтандырылған. Бүгінге дейін мемлекеттік сатып алулар бойынша қабылданған шаралар бір конкурсқа қатысушылар санын 4 есеге арттырыпты. Ендігі міндет – жүйені одан әрі жетілдіру. Ол үшін сатып алуларға қатысушыларға қойылатын талаптар жеңілдетілмек. Ал тендер кезінде қатысушылардың оң тәжірибесіне, беделіне, салық жүктемесінің коэффицентіне баса мән беріледі. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі Инвестициялар және даму министрлігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге отандық өндірушілерге қолдау көрсету шараларын дайындады. Оның ішінде Бірыңғай ұйымдастырушы арқылы орталықтандырылған түрде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің тізімі көбейген. Ал ұсақ сатып алуларды бір үлкен лотқа біріктіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз сөзінде квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық реттеуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатқандығын атап өтті. Жиында сөз алған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Қаржы министрлігі әзірлеген заң жобасына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, заң жобасында квазимемлекеттік сектордың сатып алулары әдістемесін Қаржы министрлігіне тапсыру қарастырылған. Өмірзақ Шөкеев бұрын болған тәжірибеге қайта оралу кері қадамға айналуы мүмкін екендігін айтты. «Біз квазимемлекеттік сектор сатып алуларын Қаржы министрлігінің бақылауы астына қуып тығуға келіспейміз. Ұлттық компанияларды ІРО-ға шығару қарсаңында бұл сол компанияларды бағалауға теріс ықпал етуі мүмкін. Сатып алулар компаниялардың операциялық қызметіне жатады. Инвесторлар коммерциялық ұйымдардың сатып алуларын меморганның реттеуіне қалай қарайды?», – деді Өмірзақ Шөкеев. «Самұрық-Қазына» басшысы заңның аталған нормаларын квазисектор келісімінен өткізу туралы ұсынысын білдірді. Алайда Бақыт Сұлтанов ұлттық компаниялардың бағасы мен рейтингінің төмендеуіне жол бермейтіндігін жеткізді. «Бұған біз жол бермейміз және ол болмайды да. Шынында, бар мәселе халықаралық рейтингтік агенттіктерге дұрыс түсіндіре білуге тіреледі. Бұл жерде заң жобасында ішкі аудит қызметтерін үйлестіру туралы сөз болып отыр. Себебі дәл қазір ұлттық компаниялар арасында осы бағытта үйлесім жоқ. Біз бірінші кезеңде тек үйлестіру бойынша ғана жұмыс жүргіземіз. Егер ары қарай корпоративтік басқару жүйесі осы проблемаларды өзара шеше алса, біз бұдан бас тартамыз», – деп жауап берді Қаржы министрі. Жиындағы баяндамашылардың сөзін мұқият тыңдаған Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне мүдделі органдармен бірлесе жұмысты жалғастыру, «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын ары қарай пысықтау және мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласын жетілдіру жұмыстарын уақытында аяқтау туралы тапсырма берді. Үкімет отырысының күн тәртібіндегі кезекті мәселе – денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту. Бұл тақырып бойынша Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады. Министр 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары» дайындалып жатқандығын тілге тиек етті.  Елжан Біртановтың айтуынша, аталған жоспар негізінде медициналық ұйымдар желісі жүйеленбек. Сонымен қатар, министр елімізде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы дұрыс жоспарланбағандығын атап өтті. Осының салдарынан кейбір жерлердегі ауруханада науқастарға орын жетіспесе, енді бірінде бос орындар тым көп болып кеткен. Сондықтан, қазір денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспары дайындалуда.  «Қазақстанда 7914 денсаулық сақтау мекемесі бар. Соның ішінде 85,5 пайызы мемлекеттік емxаналар болса, 14,5 пайызы жеке меншікке тиесілі. Медициналық ұйымдардың тең жартысы 30 жыл бұрын салынған. Өткен жылы 11 мыңға жуық адам ауруxанаға жатқызуды 90 күннен астам уақыт күткен. Алайда республика бойынша 4,2 мың жатын орын бос тұрды. Осының өзі дұрыс жоспар құрмаудың дәлелі», – деп атап өтті Елжан Біртанов. Министр өз сөзінде қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар медицина саласын дамытуға 1 триллион теңге сұрап отырғандығын жеткізді. Сондай-ақ, олардың арасында құрылыс нысандарын жоспарлау кезінде олардың бюджет ақшасын көптеп алуға талпынатындары да бар екендігін жасырмады. Елжан Біртановтың сөзінше, амбулаторлық мекемені салуда жергілікті халықтың саны ескерілмейді. Сөйтіп, емханалардағы жатын орындар бос тұрады. Ал бұған жергілікті атқарушы органдардың бюджет қаражатын тиімді жұмсауға жауапсыз қарайтындығы себеп. Мұндай жағдайларды болдырмас үшін елімізге денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай жоспары қажет. Үкімет сағатының соңында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігіне облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен денсаулық сақтау нысандарының желісін жоспарлау жұмыстарын қосымша пысықтап, мұндайда өңірлердің ерекшеліктерін, халық санын, ауру-сырқаулар құрылымы мен саланы дамытудың басымдықтарын ескеру міндетін жүктеді.

Серіктес жаңалықтары