Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады

Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады

Адам құқығы бала құқығын  қорғаудан басталады
ашық дереккөзі
Бүгінде  теледидар,  интернет желісі,  газет-журналдан да  көретініміз бала сату,  баласын далаға  тастап  кету,  баланы  ұрып-соғу.  Балаларды қорғау дегеніміз – балаларды әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қорғаудың халықаралық және отандық жүйелері болып табылады.  Халықаралық балаларды қорғау күні 1949 жылы қарашада Әйелдердің халықаралық демократия федерациясы кеңесінің сессиясында қабылданған. 1950 жылдан бастап 1 маусым Дүниежүзілік балаларды қорғау күні болып атап өтіліп келеді. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1989 жылы Бала құқықтары жөнінде конвенция қабылдады. Ондағы басты мәселелер: балаларды яғни (2-18 жас) соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау,  демократия негізінде тәрбие, білім беруді жүзеге асыру идеялары. Осы конвенция негізінде ҚР Конституциясында Балаларды қорғаудың құқықтық негізін бекіту, отбасын қолдау, аналарды қамтамасыздандыру, ерекше қиын жағдайға душар болған балаларды қамқорлыққа алу шараларын жүзеге асыру міндеттелген. Өкінішке қарай, қазір бала құқы тапталып жататын жайттар көптеп кездеседі. Мысалы ағымдағы жылдың наурыз айында Теміртау қаласында Екатерина есімді әйел екі жасар қызын бала күтушісі ұрлап кеткені туралы полицияға хабар берген. Бала күтушісі балалар үйінде бірге тәрбиеленген бұрыннан таныс келіншек көрінеді. 22 жастағы күтуші әйел 22 наурызда Астанада тұтқындалды. Бала ұрлау бойынша тіркелген қылмыстар көптеп кездеседі. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында Оңтүстік Қазақстанда Мұхаммед есімді мектеп оқушысының жоғалып кеткені жайлы оқиға біраз елдің назарында жүрді. Куәгерлер 6 жасар Мұхаммед Қамшыбекті 50-55 жас шамасындағы әйел алып кеткенін айтқан. Кейіннен куәгерлердің айтуы бойынша салынған фотороботтың көмегімен іздеу жүргізіліп, қылмыскер өз суретін теледидардан көрген соң, полиция бөлімшесіне өзі келіп, кінәсін мойындаған. Сонымен қатар 2013 жылы 9 қазанда жоғалып, қайта табылған қыз баланың да ісі ашылмай қалған еді. Алайда ұсталған әйел бұл ұрлықты да өзі жасағанын растаған. Сот шешімі бойынша 60 жастағы Балжан Орақбаеваны  ҚР ҚК 125 бабы, 2 және 5 бөлімі және 119 бабы, 1 бөлімі бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырған. Бала ұрлау былай тұрсын, баланы ұрып, қорлап, тіпті өз баласын өзі соққының астына салып жататын оқиғаларды көріп денең түршігеді. 2016 жылы Instagram желісін шулатқан оқиға елдің есінде жақсы сақталған болар. Шынашақтай қызын ұрып және оны жылатып тұрып видеоға түсірген анасы оған былапыт сөздер айтып қорлайды. Тіпті, тамағынан қысып, жылатқанын тоқтатпақ болады. Онысына көнбеген баласын ары қарай ұрғылай береді. Мұнысымен әкесін бопсаламақ болғанын интернет желісінде де, теледидарда да жарыса жазып, талқыға салды. Қыздың әкесінен келіп түскен арыз бойынша «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бабымен тергеу жүргізіліп, соңынан әкесінің кешірім беру туралы өтініші бойынша іс шешесін кінәсіз деп тапты. ОҚО-да жеті жасар ұлын аяусыз қорлаған келіншек туралы туыстары сұхбат берді. Келіншектің нағашы жеңгесінің айтуынша, ол бүгінге дейін баласын аяусыз қорлап келген. Келіншектің нағашы жеңгесінің айтуы бойынша жеңіл жүріске салынып, некесіз балалы боларда нәрестені түсіріп тастамақ болып дәрі ішкен, содан бала аяғын сылтып басатын көрінеді. 7 жасқа келсе де әлі өздігінен кіші дәретке де отыра алмайтын баласын дәрет сындырып қойғаны үшін көсеумен ұрып, ыстық суға күйдіріп, кеудесін инемен тескілеген. Қатты соққыдан баланың миына зақым келген. Дәрігерлер аса қатты жарақаттан бүлдіршіннің өмір бойы мүгедек болып қалатынын ескерткен. Ал безбүйрек ана баласының жағдайын білуге ауруханаға бір де бір рет келмеген. Балалардың барлық құқықтары заңмен қорғалған. 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Бала құқықтары туралы заңға 1994 жылы 16 ақпанда Нью-Йорк қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойып, осы жылы 12 тамызда бұл заң ратификацияланды. «Қатысушы мемлекеттер баланың тәніне жасалатын немесе психологиялық түрдегі зорлық-зомбылықтың, қорлау немесе теріс қылықтардың барлық нысандарынан, қамқорлықтың жоқ болуынан немесе немқұрайды қараудан, дөрекі қараудан не болмаса пайдаланудан қорғау мақсатында барлық заңды, әкімшілік, әлеуметтік және ағартушы шараларын қабылдайды» делінген  Бала құқықтары туралы конвенцияның 19-бабында. Яғни кез келген бала құқын бұзып, зорлық-зомбылық жасаған адам заңмен жазаланады. Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс», – деп баса айтқан болатын. Елбасының осы сөзінен кейін-ақ,  «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты жоба республика бойынша көптеген мақсатты жоспарлар құрып, көптеген іс шараларды іске асырды. Жыл басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысында әлемнің 124 мемлекетінде, соның ішінде Қазақстан Республикасында тікелей тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған заңдар бар екені атап көрсетілді. Мамандардың айтуынша, балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың себептері де әртүрлі. Мұндай әрекеттер маскүнемдердің, нашақорлардың отбасында да, қарапайым жанұя мен білім беру мекемелерінде де  көптеп кездесетін көрінеді. Нәтижесінде, кәмелетке толмаған балалардың психикасы бұзылып, денсаулығына зақым келеді, тіпті кей жағдайда өмірлеріне де қауіп төнеді. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң күшіне енген кезінен (2010 жылы) бастап, елімізде тұрмыстық сипаттағы қылмыстар деңгейі 10 пайызға дейін төмендегені байқалады. 2014 жылы денсаулығына жеңіл зиян келтіргені және соққыға жыққаны үшін 6 мың адам,  2016 жылы – барлығы 718 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  

Жадыра Жақсытай