Импорт тасқынына тосқын

Импорт тасқынына тосқын

Импорт тасқынына тосқын
ашық дереккөзі
300
Қазақстан – мақта, жүн, тері секілді шикізат өнімдеріне бай мемлекет. Алайда осы шикізаттардан өндірілетін өнімдермен тұрғындарды толық қамтамасыз ету қолдан келмей тұр. Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласын дамытудың маңыздылығы әлдеқашан күн тәртібіне шыққанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Мұны сала мамандары да, статистикалық деректер де растайды.

1500 кәсіпорынның 58-і ғана жұмыс істеп тұр

Өткен аптада Астана қаласында жеңіл өнеркәсіпті дамыту тақырыбына арналған халықаралық конференция өтті. Мемлекеттік өкілетті органдар мен кәсіпкерлер палатасы, отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысқан басқосуда жеңіл өнеркәсіп саласындағы жетістіктер де, кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Осы жиында ұсынылған мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 1534 жеңіл өнеркәсіп орны тіркелген. Ал оның 20-сы ірі, 35-і орташа және 1479-ы кішігірім өнеркәсіп. Ресми деректерге жүгінсек, қазіргі уақытта аталған өнеркәсіп орындарының тек 58 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Қазақстандық нарықтағы отандық өндіріс ошақтарының үлес салмағы бар-жоғы 0,6 пайызды құрайды. Оған қоса биылғы жылы 20-дан астам кәсіпорын өз жұмысын тоқтатыпты. Ал 2016 жылы жеңіл өнеркәсіптегі белсенді өндірушілер саны 27 пайызға кеміп, 79-дан 58-ге дейін азайған. Оның ішінде, 12 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан тоқыма өндірісі тұралап тұр. Киім өндіруші кәсіпорындар сегізге азайса, былғары өнімдерін жасайтын алты кәсіпорын ғана қалған. Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы өкілдерінің пікірінше, кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуына мемлекеттік тапсырыстың бір қолға өтіп кетуі себеп. Негізінен, мемлекеттік тапсырыс барлық кәсіпорынға қолжетімді болуы тиіс. Егер мемлекеттік тапсырыс бір қолда қала беретін болса, еліміздегі кәсіпорындардың да, жұмысшылардың да қатары азаяды. Ал Үкімет жеңіл өнеркәсіпті дұрыс жолға қоя білсе, мемлекет қазынасына түсетін кіріс тұрақты болып, жұмыспен қамту мәселесі де шешімін табар еді. Себебі жеңіл өнеркәсіп тұрғындарды жұмыспен барынша көбірек қамтуға мүмкіндік береді. Әлемнің көптеген елдерінде жеңіл өнеркәсіп қарапайым халықты жұмыспен қамтудың негізгі көзі болып саналады. Өкінішке қарай, әзірге жеңіл өнеркәсіп саласын ілгерілету мүмкін болмай тұр.

Жеңіл өнеркәсіптің мұңы көп

Бүгінде еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының кенжелеп қалуына ықпал ететін бірнеше факторлар бар. Мұны сала мамандарының санамалап жүргеніне де талай уақыт болды. Олқылықтар мен кері тартар себептер үнемі сөз болғанымен, оның шешімін табуға талпынып жатқандар көп емес. Сонымен, мамандар жеңіл өнеркәсіп саласының артта қалуына қандай жағдайлар себепкер дейді? Ең бірінші, отандық нарықтың шетелдік тауарларға, яғни импортқа тәуелділігі. Мәселен, еліміздегі киім-кешектің 70 пайызы Түркия, Қытай, Қырғызстан және Ресей өнімдеріне тиесілі. Тағы 20 пайызы өзге шет мемлекеттерден жеткізіледі. Сонда қазақстандық өнімдер 10 пайызды ғана құрайды деген сөз. Демек, отандық киім-кешектер импорттық өнімдердің көлеңкесінде қалып отыр. Бұл түйткілдің түйінін тарқату мәселесі талайдан бері талқылануда. Өткен жылы Парламент Мәжілісінде «Өңдеу өнеркәсібін, экспортқа өнім шығару мүмкіндігі бар кәсіпорындарды дамыту. Ұлттық «Made in Kazakhstan» брендін дамыту» тақырыбында отырыс өткен болатын. Сол жиында депутаттар елімізде жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің мүлдем аз екендігін айтып, шағымданған. Тіпті, халық қалаулылары өздерінің үстеріндегі киімдері де шетелдік өнімдер екендігін мойындап, еліміздің жеңіл өнеркәсіп тауарына деген қажеттілігі шетелдік өнім арқылы өтелуде деп қадап айтқан-ды. Депутат Владимир Косаревтің пікірінше, көрші мемлекеттер өз тауарларына төмен баға белгілеп, отандық өндірісті тұншықтырып отыр. Косаревтің сөзінде жан бар. Бүгінгі нарықта қалыптасқан жағдай дәл осындай. Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кіріс комитеті жариялаған мына бір мәліметке қарағанда, Қытайдан Қазақстанға шұлықтың әр жұбы – 27 теңгеден, ерлер көйлегінің 1 данасы – 3,6 мың теңгеден, костюм – 4,5 мың теңгеден әкелінеді. Ал елімізде тоқылатын шұлықтың құны – 120 теңге, костюмнің құны – 40 мың теңге екен. Жалпы, 2016 жыл қорытындысы бойынша, футболка, кроссовкалар мен нәресте киімдері 10-11 пайызға қымбаттап кеткен. Ал дүкен сөрелерінде ұсақ-түйек киімдер 8 пайызға, балалар киімдері 11,1 пайызға қымбаттаған. Сонымен бірге, инвесторлар мен кәсіпкерлер осы секторда жұмыс істеуге аса құлық танытпайды. Біріншіден, мақта өсіру, былғары мен тері өңдеу және илеу, киім мен аяқ киім пішіндеу, тігу сияқты ұзақ процестен тұрады. Екіншіден, мұнда сауда және қызмет көрсету салаларындағыдай жедел түрде кіріс табу мүмкіндігі жоқ. Тағы бір айта кетерлік жәйт, жеңіл өнеркәсіп саласында қазіргі заманның талаптарына сай келетін білікті кадрлар жетіспейді. Бұл да Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі үшін өзекті мәселе. Жұмысшылар, тігіншілер, киім пішушілер ғана емес, жоғары және орта буынның техникалық мамандары да тапшы. Ең бастысы, бүгінгі мектеп бітірген түлектердің жеңіл өнеркәсіпке қажетті мамандықтарды таңдауға құлқы жоқ. Әйтпесе, елімізде әртүрлі деңгейдегі жеңіл өнеркәсіп мамандарын дайындайтын оқу орындары жеткілікті. Жоғары оқу орнын бітіргендерінің басым бөлігі, еңбек жағдайының ауырлығы мен жалақының төмендігіне байланысты басқа салада еңбек етуде.

Шетелдік шикізатқа тәуелді

  Жеңіл өнеркәсіп саласындағы тағы бір түйткіл – шикізат. Еліміз шикізатқа қанша бай болғанымен, оны өңдеу жағы кемшін түсуде. Өйткені бізде шикізат өндіруші кәсіпорындар жоқтың қасы. Осының салдарынан Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі шетелдің шикізатына тәуелді болып отыр. Бүгінде кәсіпкерлер өнім өндіруге қажетті заттардың 85 пайызын сырттан әкеледі. Мәселен, Ресей мен Беларусь мемлекеттерінен қоспалы мата жеткізіледі. Жыл сайын отандық тауар өндірушілер 2 миллион 200 мың метр кездемеге мұқтаж. Оның тек жартысы ғана Қазақстанда шығарылады. Отандық кәсіпорындардың біразы қазір шикізаттың жоқтығынан жұмыссыз қалуда. Жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне қажетті шикізаттар туралы сөз болғанда ең алдымен, тері және жүн өңдеу ісіне назар аударылатыны жасырын емес. Қазақ халқы ежелден төрт түлік өсіргенімен, бүгінде тері мен жүн өңдеу мәселесі өзекті болып отыр. Біздің елде тері жеткілікті. Өкінішке қарай, сапалы терілердің көпшілігі шет мемлекеттерге көлеңкелі бизнес арқылы жөнелтілуде. Сосын өзіміздің терілерден өндірілген өнімдер елімізге шетелдік тауар ретінде қайта жеткізіледі. Өткен жылдың қорытынды деректеріне сүйенсек, ірі қара және жылқы терілерінен дайындалатын былғары өнімдерінің өндірісі 76,4, ал былғары аяқ киім өндірісі 48,8 пайызға қысқарыпты. Жеңіл өнеркәсіптегі былғары өндірісі ауыл шаруашылығы өнімдеріне тікелей тәуелді. Сондықтан, бұл сектор өз бетінше дами алмайды. Жүн мәселесінің де жөнге келмей отырғанына біраз жылдың жүзі болды. Қазір Қазақстанда тері мен жүнді өңдеу саласы мүлдем қалыс қалған. Деректерге сүйенсек, елімізде тек 14-15 пайыз ғана жүн өңделеді. Ал соңғы 10-12 жыл ішінде елімізде қой жүнінің өндірісі 3 есеге төмендеген. Әсіресе, елімізде биязы жүн өндірісі тоқырап отыр. Ресми деректер биязы жүн өндірісінің 3 жылда 8 есеге кемігенін көрсетеді. Қазіргі уақытта елімізде биязы жүн тек экспортқа ғана кетуде. Мұның басты себебі – бір кезде жұмыс істеп тұрған көптеген жүнді алғашқы өңдеу фабрикаларының жабылуы. Бұған қоса елдегі мал басының күрт төмендеуі де бұл саланың дамуына кері ықпал ететіндігін есте шығармаған абзал. Негізінде, елде жеңіл өнеркәсіп саласы дамуы үшін алдымен оның шикізат өнімі молаюы қажет.

Мемлекеттік қолдау тиімді ме?

Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де жеңіл өнеркәсіптің маңызы зор. Әлемде жеңіл өнеркәсіп тұтыну деңгейі бойынша, азық-түлік өнімдерін тұтынудан кейін екінші орында тұр. Мысалы, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Түркия, Португалия сияқты дамыған елдерде 12-20 пайызды құрайды. Қытай, Үндістан, Түркия, АҚШ, Еуропа елдері, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер табысының үлкен бөлігін дәл осы жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспортынан табуда. Сондықтан, көптеген мемлекеттерде бұл салаға айрықша көңіл бөлінеді. Көршілес Қырғызстанда жеңіл өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 30 пайызды құрайды. Бұл елде жеңіл өнеркәсіп қарқынды даму үстінде. Мұнда жылына 190 миллион доллардың өнімі өндіріліп, оның басым бөлігі Қазақ­­стан мен Ресейге тасымалданады екен. Сарапшылардың есебіне сүйенсек, Қырғыз еліндегі жеңіл өнеркәсіп секторының 40 пайызы ресейліктердің, 30 пайызы қазақ­стандықтардың иелігінде. Әрине, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп саласын мүлдем қараусыз қалдырды деуден аулақпыз. Аталмыш саланы ілгерілету үшін біздің елде де атқарылып жатқан шаралар баршылық. Мәселен, бизнесті қолдау мен дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы аясында жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарға қаржылық қолдау көрсетілуде. 2016 жылдың нәтижесі бойынша, 5,09 миллиард теңгеге 35 жобаның пайыздық үстемесі субсидияланыпты. Оның ішінде 10 жоба текстиль бұйымдарын шығаратын болса, 20 жоба киім тігумен айналысады. Тағы 5 жоба былғары өнімдерін өндіруге маманданған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы қаулысымен 2005 жылы «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы құрылды. Осының арқасында 5 кәсіпорын бой көтеріп, жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірқатар мәселе өз шешімін тапты. Сұранысқа ие жеңіл өнеркәсіп саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенімен, саладағы түйткілдер әлі де тарқатылар емес. Қалай десек те, жеңіл өнеркәсіптің арқалар жүгі ауыр. Сондықтан, бұл салаға тек қаржы бөлу жеткіліксіз. Ең алдымен жеңіл өнеркәсіптегі күрмеулі мәселелердің шешімін табуды қолға алу қажет. Онсыз отандық нарық импортқа тәуелділіктен арыла алмайтын түрі бар.  

Серіктес жаңалықтары