Төккен тер текке кетпейді

Төккен тер текке кетпейді

Төккен тер текке кетпейді
ашық дереккөзі
229
Көктемгі егіс жұмыстарының қорытындылары, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша шараларды жүзеге асыру, орталық және жергілікті органдардағы сыбайлас жемқорлық мәселелері Үкімет отырысында талқыланды. Жиынға Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті. Көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы бойынша Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Вице-министрдің сөзінше, биылғы жылы еліміздегі егіс алқабының жалпы ауданы 22,5 миллион гектарды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 мың гектарға артық. Ал егін егу жұмыстарын әртараптандыру бойынша әлемдік нарықта сұранысы жоғары дақылдар алқаптарының ауқымы 1 миллион 348 мың гектарға артқан. Қайрат Айтуғановтың келтірген деректеріне сүйенсек, жасымық егістігі 2017 жылы 295 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде еліміздің әлемде жасымық егілетін аумақ бойынша 5-ші, ал оның экспорты бойынша 4-орынды иеленуіне мүмкіндік береді. «Экспорт көлеміне біз сенімдіміз, өйткені барлық көлемі сыртқы нарықта сатып алынатын болып, келісімшарттары бекітілген. Бұдан өзге, биыл қант өндірісі 1,5 есеге, майлы дақылдар 1,3 есеге ұлғайтылады», – деді Қайрат Айтуғанов. Сондай-ақ, вице-министр тұқым шаруашылығына қолдау көрсету қаражаттарының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,3 есеге артқанын атап өтті. Жиын барысында дизельдік отынмен қамту мәселесі де сөз болды. Қайрат Айтуғановтың сөзінше, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу науқанында отынға сұраныс толығымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жаздық егіс кезеңінде акциздердің мөлшерлемесін төмендету туралы шешім дизель отынының бағасын литріне 123 теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік беретіндігі айтылды. Ал егістерді химиялық өңдеу бойынша қорғау шараларын жүргізу мақсатында оңтүстік аймақтарға пестицидтер мен техникалар жөнелтілген. Соның нәтижесінде 591 мың гектар жер өңделіп, ауыл шаруашылығы жерлеріне ешқандай залал келмеді. Үкімет отырысында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Алматы облыстарының басшылары, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары баяндама жасап, аймақтардағы көктемгі егіс жұмыстарының нәтижелері туралы есеп берді. Егіс науқаны жөніндегі барлық деректерді тыңдаған Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мен егістіктердің фитосанитарлық қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірұлы Инвестициялар және даму министрлігіне тыңайтқыш өндірушілерге қолдау көрсетуді міндеттеді. Күн тәртібіндегі келесі мәселе – жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша шараларды іске асыру. Аталған мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз сөйледі. Тамара Қасымқызының дерегінше, өткен жылдың қорытындысына сай, еліміз еңбек нарығының тиімділігі факторы бойынша әлемнің үздік отыз елінің қатарына кірді. Сонымен бірге, қазір елімізде еңбек даулары мен еңбекақы бойынша қарыздар азайып келеді. Қазіргі уақытта еліміздегі жұмыспен қамтылғандар саны 8,5 миллионнан асты. «Дүниежүзілік экономикалық форум еңбек нарығының тиімділігін жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі тізбесіне енгізіп, жыл сайын жұмыс берушілер арасында тәуелсіз сауалнама жүргізеді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, осы белді ұйымның жүргізген сауалнамасы бойынша, Қазақстан 140 мемлекеттің арасында 20-орынды алып, 30 дамыған мемлекеттің қатарына кірді. Бұл еңбек қатынастарын реттейтін тараптардың мүдделер тепетеңдігін сақтай отырып, атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің дерегінше, елімізде 122 еңбек стандарты бекітілген. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарынан тұратын 11 стандарт қайта қарастырылды. Ал бизнеске байланысты тексеру парақтарының талаптары 43-тен 24-ке дейін ықшамдалыпты. Осының нәтижесінде тексерілетін нысандар саны айтарлықтай азайған. Мәселен, 2012 жылы 18 мың нысан тексерілсе, 2016 жылы 10 мыңға дейін азайыпты. Ал биылғы жылдың алғашқы 5 айында 5 мың ұйым тексерістен өткен. «Биылғы 5 ай ауқымында 10 мыңнан астам жұмысшының 1,5 млрд теңге қарызы өндірілді. Ағымдағы 2017 жылдың маусым айындағы еңбекақы бойынша қарыз 88 млн теңгені көрсетуде. 2016 жылы өндірісте зардап шеккендердің саны 2015 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға азайып 670 мыңнан астам жұмысшы зиянды еңбек ахуалындағы жұмысы үшін түрлі өтемақыларға ие болды. Бұл мақсатқа жұмыс берушілер жағы 99,7 млрд теңге бөлді», – деді Тамара Қасымқызы. Еңбек құқықтары мәселесі бойынша, Үкімет басшысы қазақстандықтардың еңбек құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету туралы тапсырма берді. Ал жиынға қатысқан әкімдерге Еңбек тәуекелдері картасы аясында еңбек нарығындағы жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізу керектігін ескертті. Сонымен бірге, Бақытжан Әбдірұлы жұмысшылардың жалақысын бөгелтпей төлеу бойынша жұмыс жүргізу керектігін де қадап айтты. Үкімет отырысын қорытындылаған мәселе – мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықты жою шаралары. Жемқорлық мәселесі бүгінгі күні өте өзекті болып тұрғандығы жасырын емес. Аталмыш мәселе бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев парақорлықтың алдын алу бойынша қолданылатын шаралар туралы баяндап берді. «Біз жемқорлық схемаларын анықтау жұмысына көп көңіл бөліп келеміз. 2016 жылдың өзінде 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі анықталып, 90-нан астам лауазымды қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұндай қылмыстық топтар Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында әрекет еткен», – деді агенттік төрағасының орынбасары. Алик Шпекбаев ұсынған деректерге жүгінсек, өткен жылы жемқорлықтың 89 фактісі тіркелген. Осы іс бойынша 360 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Ал 2001 жылдан бастап жемқорлық қылмысы бойынша 10 мыңнан астам адам сотталды. «Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша сотталғандардың 70 пайызы атқарушы билік органдарында қызмет еткен. 2001 жылдан бері жемқорлық қылмыстардан келген материалдық шығын 240 миллиард теңгеден асты. Оның 44 пайызы қайтарылды. Бұл жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің тиімділігі мен азаматтық қоғамның қолдауы артқанының нәтижесі», – деді Алик Шпекбаев. Үкімет отырысында ұсынылған деректерге назар салсақ, орталық атқарушы органдар қатарында жемқорлықпен сотталғандар саны бойынша Ішкі істер, Қаржы, Әділет, Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы министрліктері көш бастап тұр. Өткен жылы ішкі істер органдарының қызметкердеріне қатысты тіркелген 398 фактінің 50 пайызы жергілікті полиция қызметкерлерімен байланысты. Қаржы министрлігінде сотталғандардың 86 пайызы – кедендік, салық, экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері. Ал өңірлер арасында Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстары көш басында. Жиын соңында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев басқару органдарында жемқорлық әрекеттеріне талдау жүргізіп, кешенді шараларды қолға алу қажеттігін атап айтты.    

Серіктес жаңалықтары