«Көсемді» ұнатпайтын куратор

«Көсемді» ұнатпайтын куратор

«Көсемді» ұнатпайтын куратор
ашық дереккөзі
422

Әуелі Амантайдың өзімен емес, сөзімен сырттай танысқанбыз. Яғни, баспасөзде жарық көрген өлеңдері арқылы. Ұмытпасам, 1983 жылы «Пио­нер» журналының 5-ші нөмірінде оның бір топ өлеңі жарық көрген еді. Ақын Фариза Оңғарсынова басқаратын журналға шығу дегеніңіз талапты жастар үшін ғарышқа самғағанмен бірдей-тұғын. Ол түгілі атақты қа­ламгерлердің шығармаларының өзін іріктеп, сүбелісін ғана жариялайды. Ал Амантайдың тырнақалды өлеңдері осы журналда жарияланды.

«Ақ желкен» айдарымен беріл­ген топтама өлеңнің аннотациясында Амантай Шәріповтің Шым­кенттегі Қазақ химия-техноло­гия инсти­тутының бірінші курсында оқи­тыны жайлы айта келіп, «Амантай өлеңдері оқыған бойда-ақ қуантып тастады. Қазақ поэзия­сының әлеміне жаңа бір, таза үнді жас ақын қосылып келеді» деп таныстырған-ды журнал өзінің жас авторын.

Шынында да ойлары таза, табиғи, кедір-бұдыры жоқ, өлеңді де өзінше өрнектейді екен. Құдды сенің ойың, сенің арманың, сенің қадамың секілді. «Мына бала қалай-қалай жорғалайды?». Өлеңдері басқалардікіне ұқсамайды, өрнегі бөлек, ойы дара. Он жеті жастағы бозбаланың жазғанындай емес, кәдімгі қаламы төселіп қалған ақындардай көсілетінін қайтерсің. Құдды мектеп бітіргелі отырған бүкіл замандастарының атынан сөз қозғайтындай (ішінде өзіміз де бармыз ғой). Өлеңді оқи отырып, бір уақ қомпылдап, қанаттанып қалдық. Өлеңі бар болғыр, қиырдағы қол жетпейтін армандарға жетелейтіндей көңілге кәдімгідей дем береді. Амантаймен қанаттаса сен де үлкен жолға аттанып бара жатқандай күй кешесің. «Өлең поезда шығарылғанмен» («Поезда шығарылған өлең») өмір туралы өлең болып өрілген, оқып көріңіз.

 Қол бұлғап,

«Кел», – дегенде жырақ өңір,

Арнасын жырып кетті бұла көңіл.

Шаң басқан стоп-кран тәрізденіп,

Иіліп тұр алдымда сұрақ-өмір!

Үлкен өмірге аяқ басқан бозба­ланың боямасыз кейпі. «Сұрақ-өмірге» бет алған Амантайдың беймаза халін бірге бастан кеше отырып, әйтсе де ертеңіңнен үмітіңді үзбейсің. Үздірмейтін – тағы да балауса ақынның жыр жолдары.

Кеттім бе бет алдыма қаңғалап мен,

Рельс ұрысады доңғалақпен.

Келемін, уақытты ерттеп мініп,

Келешек, қарсы алғайсың оң қабақпен!

Жастық жігер, маңғаз максимализм менмұндалайтындай ма қалай. Көңіліңді ерекше бір қуаныш кернейді-дағы. Жастығыңның жылнамасын жазып отырған ақынға деген құрметің арта түседі. «Апыр-ай, қалай-қалай қайыра­ды» деп сүйсінесің. Көкейіңдегіні дөп басқан замандасыңа риясыз ризашылық танытасың.

«Ана тілім, өзіңді саз балшық қып,

Алмақшымын өмірден құйып мүсін!» – деп жырлаған Амантай көп ұзамай саз балшықтан қала салатын құрылысшы мамандығын басқаларға аманаттап, ана тілінен мәңгілік мүсін жасауға аяқасты бет бұрғаны. Бет бұрғаны сол, екінші семестрден кейін оқуын тастап, КазГУ-дің журфагына қайта түсті. О заманда, Кеңес Одағы кезінде бір оқуды тастап, екіншісіне түсе салу дегеніңіз оңай емес. Мың жерден армандап жүрген оқуың болса да. Ондайды өзіміз бастан кешкен соң, журфакқа алтыншы ұмтылыстан барып тұяқ іліктірген соң айтып отырмыз ғой. Ал Амантай құрылысшы мамандығымен қоштасып, «ана тілінен өмірлік мүсін құюға» баулитын оқуға түсе салады. «Тегін бала болмады бұл». Шынында да тегін емес екен. Оған кейін де сан мәрте көз жеткіздік қой...

Ес біліп, етек-жеңімізді жинап, әскери борышымызды өтеп келіп түскенбіз журфакқа. Біз түскен жылы Амантай КазГУ-ді «қызыл дипломмен» тәмамдап, факультетке оқытушылыққа қалдырылған екен. Әрі ол сол жылы біздің курстың, яғни 101-топтың кураторлығына бекітілді. Жап-жас. Жігіт жасына толмаған әлі. Алайда кітапты көп кеміргені әңгіме ауанынан жан-жақты байқалады. Аудиторияға енді ғана жайғасқан сабаздарға, оның ішінде әлі де социализмнің шалығынан арылмаған жастарға «күн көсемнің» жазғандарын түкке алғысыз еткені әлі есімізде. Ленин жазған еңбектердің арғы идеясы Құраннан алынған деп бір қойды-ау әңгіме орайында. «Мынау не деп тұр?» деп үрпиісе қалдық біз. Ол кезде діннен толыққанды хабарымыз болмаса да, ес білгелі «күн көсем» туралы жағымсыз сөз естімеген қарағымбыз ғой. «Мұнысы қалай?» дестік іштей. «Асыра сілтеп отыр-ау осы...» Қазіргі тілмен айтқанда, большевиктердің басшысы «плагиатпен» айналысқан болып шығады ғой...

Кураторымыз айтқанына сенімді, әңгімесін ары қарай дәйекпен нығар­лай түседі: «шынында да солай, сенбесеңіздер, салыстырып көріңіздер! Ленин қасиетті Құранда айтылғандардың барлығының өңін өзгертіп, коммунистік қағидаларға айналдырған...»

Сөз таластыру қай-д-а-а?! Бірақ та, көңілге күдік ұялады. «Сенген көсеміміз кім болғаны сонда?..» 1985 жылдың сәуірінен кейін кеңестік кеңістікте жылымық лебі сезілгенімен, КСРО-ның көбесі сөгілуіне әлі біршама жыл бар-ды. Лениннің де, ленинизмнің де тақтан таймаған тұсы. Ал біздің кураторымыз «көсемді» ұнатпайтындығын айқын аңғартты. «Идеясы ұрланып алынған!»

Дәл сол кезде екіұдай күй кеш­кеніміз рас. Қалай болғанда да, социалистік қоғамға деген көзсіз сенімге селкеу түсірген куратордың сол пікірі болғаны тағы белгілі. Кейін де Владимир Ильичтің «көсем» атауына лайықты емес, талай-талай пендешілігі туралы оқыдық қой. Әйтсе де, санаға сілкініс әкеліп, «мәңгілік» деген танымның өзіне сергек қарауға баулыған куратордың бірінші курстағы әңгімесі еді. Біздің журналист ретінде көзқарасымыздың, дүниетанымымыздың қалыптасуы да сол кезден басталған шығар бәлкім...

«Декандығын білмеймін, Ақын­дығы мықты еді» (Бауыржан Омаров) дегендей, ақын Амантайдан соңғы кезде көз жазып қалғанымыз бар. Алайда, қазақ поэзиясына жаңалық әкелген «Құбыла» атты жыр жинағының жөні бөлек. Жыр қадірін жақсы білетін оқырман оны ерекше бір ықыласпен тілге тиек етеді.

Білімдарлығы, ежелгі әдебиет­ке, тарихқа деген құштарлығы оны біржола ғылымның ауылына атбасын бұруға жетелеген тәрізді. Әуелі кандидатық диссертацияны еңсеріп, сосын докторлық еңбегін де дөңгелетіп, қазақ әдебиетіне соны бір жаңалығын ала келді. Қазіргі кезде де қашанғы әдетімен, нені зерттесе де бүге-шігесіне дейін ақтарып, қазақ әдебиетінің орталанған тұсының еңсесін биіктетуге қызмет етіп жүр.

Жарылқасынның оғыланын «біл­мейтіні жердің астында» деп санайтын­дардың санатына қосуға әбден болады. Түркі әлемінен тартып әңгіме қозғайтын болса, білімінің тереңдігіне тәнті болғаның өз алдына, осының бәрі милы бастың қатпарына «қыз­дың жиған жүгіндей» жинақ­талғанына, қалай сыйып жатқанына таңдайыңды еріксіз қағасыз. Ежелгі әдебиет түгілі, әлемдік әдебиетті айтпағанда, құдай-ау, қазіргі қаламгерлердің жазғанына үңіліп, жадымызға тоқып жүргеніміз шамалы-ау. Ал ол болса ғасырлар қойнауынан тағылымды әңгіме қозғайды.

Сонау сақ, ғұн, түркі-моңғол кезеңінен бері қарай Атилла, Елтеріс қаған, Шыңғысхан, Бату, Әмір Темір, Бабыр, Бейбарыс секілді атақты қолбасылардың есімдерін жаңғыртып, олардың ерлік­тері мен еңбектерін ғылы­ми қолданысқа жаңаша ұстаным тұрғысынан зерделей келіп енгіз­се, ол да Амантай Шәріптің тоқы­ғандығының нәтижесі дер едік. Былайғы жұрт бейхабар Сайын-Алтай халықтарының архаикалық-қаһар­мандық эпостары да ғалым Амантай Жарылқасынұлының тұжырымдауынша, «бастауын әріге бойлатқан найзагер салт-сананың сілем-сорабын танытады».

Амантай Шәріптің шығар­малары «Қарлығаш», «Ұлы дала жырлары», тағы басқа жинақ­тар мен антологияларға енген. ««Сұлтанбек Қожанұлы – әдебиетші», «Қайрат­кер­дің қалам­герлігі» зерттеу еңбектерінің, «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея», «Сөз өнері және ұлттық рух», «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік», «Рух пен рәміз: ментальдік модельдері» атты ғылыми монографиялардың авторы. Еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты атанды.

Бүгінде Амантай Жарыл­қасын­ұлы Халықаралық Түркі акаде­миясының ғалым-хатшысы ретінде түркі әлемінің өткендегі тілін, тарихын, мәдениетін, жалпы өркениетке сіңірген баба­ларымыздың қал­дырған мұраларын зерттеп, зерделеу барысында үлкен жұмыстарға ұйытқы болып жүр. Амантай Шәріптің алдағы уақытта да ел үшін атқаратын еңбегі қомақты екендігінде сөз жоқ.

Ғабит МҮСІРЕП, Президент сыйлығының және

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары