Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы мемлекеттерге алғыс білдірді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы мемлекеттерге алғыс білдірді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы мемлекеттерге алғыс білдірді
ашық дереккөзі
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы мемлекеттер мен ұйымдарға ризашылығын білдірді. «Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды». Бүгін Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті қонақтар, ханымдар мен мырзалар! Қазақстанның елордасы - әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүрегімнен құттықтаймын», - деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, Президент Қазақстанның ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырғанын атап өтті. «Осылайша Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін көрсететін басты алаңға айналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы - Астана нағыз ХХІ ғасыр қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы көрмеге әлемнің 115 мемлекеті, 22 халықаралық ұйым қатысып отырғанын атап өтті.  «Мен олардың барлығына халқымыздың атынан ризашылық білдіріп, сәттілік тілеймін», - деді Н. Назарбаев.