992
Құтырына соққан дауылдан кейін
Құтырына соққан дауылдан кейін
Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл болу қиындау. Сондықтан да болар, Тараздағы дүлей дауыл жұртшылықтың зәре-құтын қашырды. Дауыл салдарынан 2 адам қаза тапты, шаһарға келтірілген шығын да аз болмаған сыңайлы. Жамбыл жұртын аяғынан тік тұрғызған дауыл қоғамның төтенше жағдайға дайын еместігін тағы байқатқандай болды. Әрине, табиғаттың қай сәтте тосын мінез танытарын біле алмаспыз. Әйтсе де, әр азамат өзі үшін, өз қауіпсіздігі үшін тосын жағдайлардың алдын алуға тырысуы қажет.
Ескертуді елең қылмайтын қазақтар
Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет тұрғындардың қауіпсіздігі үшін алдын ала ескертулер мен хабарландырулар беріп отырғанымен, мұны елеп-ескеретіндер аз. Таяуда Жамбыл өңірінде орын алған дауылда екі адамның қаза табуы да тұрғындардың өз қауіпсіздігін сақтаудан бейхабар екендігін байқатса керек. Жазмыштан озмыш жоқ. Десек те, мұндай жағдайда Төтенше жағдайлар қызметіндегі мамандар ғана емес, қарапайым азаматтар да қауіпсіздікті сақтауға атсалысуы тиіс. Біраз жыл бұрын Алматы қаласында аяқ астынан су тасқыны болып, шаһар тұрғындары Төтенше жағдай қызметін жазғырған еді. Тұрғындардың мұндағы уәжі – алдын ала ескерту берілмегендігі. Осыдан кейін «112» өз жұмысын тындырымды атқарып келеді. Табиғат апаты орын алуы мүмкін аймақтардағы тұрғындар қауіп туралы алдын ала хабар алып отырады. Күн сайын ұялы телефонға келіп түсетін ескертулер азаматтардың қауіпсіздігін сақтауды мақсат етеді. Бір өкініштісі, бұған құлақ түретіндер аз. Ескертуді елең қылмайтындар басына түсетін қауіпті ескерместен, тауға да шығады, суға да түседі. Тіпті, дауылды күні шатырға да шығады. Негізінен, дауылдан сақтанудың ең бірінші жолы – төніп келе жатқан табиғат апаты туралы барлық тұрғындарды құлақтандыру. Бұл міндетті төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет өкілдері дер кезінде орындап отыр десек қателесе қоймаспыз. Одан кейінгі қауіпсіздік ережелерін сақтау тұрғындардың өздеріне жүктеледі. Мәселен, дауылдың алдын алу туралы хабарлама арқылы қозғалысқа шектеу қойып, үйге азық-түлік, су мен отын қорын толтырып алу қажет. Ғимараттың ішінде болса, терезе әйнектерінің сынығынан сақтану шарт. Қатты жел екпініне тосқауыл болатын терезеден аулақ кетіп, қабырға қуыстарына, есік тесіктеріне немесе қабырғаға нығыздалып тұру міндет. Далада ашық аспан астында болғанда ғимараттардан алыстап кетіп, жыра аңғарларда, шұңқырларда, жол шетіндегі орларда қорғану керек. Бұл дауылдан қорғанудың алғашқы және негізгі шаралары. Өкініштісі, бұған назар аударатындардың қатары сирек. Мамыр айының 29-ы күні Жамбыл облысында тіркелген дауыл адам өлімімен аяқталды. Аймақтың Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында желдің жылдамдығы 27 м/секундқа дейін жеткен. Дүлей дауыл ағаштарды тамырымен қопарып, электр желілерін үзіп кеткен. Салдарынан қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды. Осы дауыл салдарынан Тараз қаласындағы 13-шағын ауданда салынып жатқан ғимараттың ауласында екі бірдей құрылысшы мерт болды. Қатты соққан жел ғимараттың шатырын жұлып әкеткен. Ал дәл дауыл соғып тұрған сәтте шиферді қағу үшін екі құрылысшы шатырға шыққан. Дүлей дауыл шатырдағы екі азаматты ұшырып түсіріп, екеуі де оқиға орнында жан тапсырды. Мұндай жағдайда кімді айыптауға болады? Дауылды күні құрылысшыларды шатыр үстіне шығарған басшыны ма, әлде өз қауіпсіздігін сақтай алмаған құрылысшыларды ма? Адам өміріне жауапсыз қараған басшылықтың айыпты екені айтпаса да түсінікті. Ал өз құқығы мен қауіпсіздігін қорғай алмағандар ше? Әр азамат өз өмірі мен қауіпсіздігі үшін өзі ғана жауапты екендігін қашан түйсінеді? Дауыл кезінде жараланғандар да аз болған жоқ. Мысалы, тұрғын үйдің металл қақпалары құлап, 2 адам ауруханаға жеткізілді. Тағы бір азаматтың үстіне ағаш құлап, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Айта кетейік, Тараз қаласы 2016 жылдың қараша айында да дауылдың зардабын тартқан болатын. Таразда жылдамдығы секундына 35 метрді құраған қатты дауыл болып, салдарынан талай талдар құлап, университет ғимараты бүлінді және қатты жел бірнеше үйдің шатырын жұлып кеткен. Бұл кезде де дауыл салдарынан 35 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген-ді. Жарты жылдың ішінде екі рет қайталанған дауылдың кесапаты оңай болмасын тараздықтар жақсы білуі тиіс. Осыны ескерсек, халықтың тағы да табиғат апатына дайын болмауы ойландыратын жағдай. Демек, біздің қоғамда әлі де төтенше жағдайға алдын ала әзірлену, қауіпсіздік ережелерін сақтау, дауылдан қорғану қалыптасып үлгермеген.Бейқам жұрт ұрынған бақытсыздық
Соңғы уақытта жұрттың назары Ресейге ауып отыр. Биылғы көктемде көрші елді табиғат апаты әбден әуре-сарсаңға түсірді. Әуелі орман-тоғайды жайлаған өрт, одан кейін 16 адамның өмірін жалмаған дүлей дауыл. Ел астанасы Мәскеу қаласы мен облысында соққан қатты дауылдан 150 адам түрлі дене жарақатын алды. Зардап шеккендердің басым бөлігі қатты желден құлаған ағаш немесе түрлі жарнама тақталарының астында қалған. Дерек бойынша, жаңбыр аралас жойқын дауылдың жылдамдығы секундына 22 метрге жеткен. Табиғи апат Ресей астанасына айтарлықтай шығын әкелді. Желдің қаттылығы сонша, өсіп тұрған мыңдаған ағашты тамырымен қоса жұлып алған. Олардың басым бөлігі аулада немесе көшеде тұрған көліктерді басып қалды. Осылайша, біраз уақытқа дейін қалада көлік қозғалысы қиындады. Қазір құтқарушылар апат болған жерлерді тазалауда. Мұндай қатты дауыл Мәскеуде соңғы 100 жылда бірінші рет болып отыр. Дауылдан кейін жағдайдың ақ-қарасын анықтауға кіріскендердің көпшілігі бұл жайтқа Төтенше жағдайлар министрлігін айыптады. Олардың сөзінше, министрлік тұрғындарға қауіптің алдын алуға байланысты смс-хабарлама таратпаған. «Дауылды алдын ала ескертетін хабарлама алмадық» деп дабыл қаққандардың қарасы қалың. Бірақ Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға смс-хабарламалар жөнелтіп, вокзал, метро және әуежайдағы электронды табло арқылы, сондай-ақ БАҚ арқылы ауа райының күрт бұзылатындығы жөнінде хабарлаған. Тіпті, таратылған хабарламаларда қатты дауыл болатындықтан, көліктерді ағаштардың маңына қоймауға, мұндай жерлерге жақындамауға кеңес берілген. Соған қарамастан, Мәскеу тұрғындары табиғаттың тосын мінезі жөнінде хабар алмадық дегенді алға тартты. Ал сарапшы мамандар болса, дауылдың адам шығынына ұшыратуы тұрғындардың қауіп туралы ескертуді шынайы қабылдамауының салдары деп бағалап отыр. Сондықтан, мамандар ең алдымен, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға, төтенше жағдай кезінде сақтануға, табиғат апаттарынан қорғануға үйрету керектігін баса айтты. Расында да, төтенше жағдай кезінде өз-өзін қорғауға баулу Ресей үшін ғана емес, көптеген мемлекеттер үшін де аса қажетті жұмыс. Шын мәнінде, Ресейде бұрыннан қауіпсіздік мектебі жұмыс істейді. Ал биылғы жылдың сәуір айында «Қарттарға арналған қауіпсіздік мектебі» шымылдығын түрді. Мектептің мақсаты – зейнеткерлердің төтенше жағдай кезінде өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуіне мүмкіндік беру. Қауіпсіздік мектебінде қарттарға қауіпсіздік ережелерін, төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету қажеттігін арнайы мамандар үйретеді. Мұндай мектептер біздің қоғамға да ауадай қажет. Өйткені елімізде қауіпсіздік талаптарын сақтамайтын, қауіпті алдын ала ескертетін хабарламаларға назар аудармайтын, өз қауіпсіздігін сақтауға тырыспайтын азаматтар аз емес.Дауылдан қорғануды білеміз бе?
Дүлей дауыл кезінде жарақат алатын, тіпті қаза табатын адамдардың болуы қатты соққан желден қорғану амалдарын білмейтіндігімізді әйгілеп тұрғаны анық. Балаларды мектепте қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйреткенімізбен, нақты табиғи апаттар кезінде қандай әрекет жасау қажеттігін қадап айтып жатқан ұстаздар сирек. Неге? Себебі ол ережелермен ұстаздардың өздері де толық таныс емес. Ал жоғары оқу орнына қабылданған студенттер алғашқы курста «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері» пәні арқылы табиғи апаттардан, төтенше жағдайлардан қалай қорғану қажеттігін үйренеді. Өкініштісі, бұл сабаққа салмақ түсіріп, пәннің мазмұндылығы мен маңыздылығына назар аударып жатқан ешкім жоқ. Мектепте де, жоғары оқу орнында да қауіпсіздік негіздерін меңгермегендер табиғат тосын мінез танытқанда қалай қорғанбақ? Міне, Жамбыл мен Ресейде бір мезетте көрініс берген дауыл салдарынан қаза тапқан адамдардың саны артуы тұрғындардың дауылдан қорғану ережелерімен таныс еместігін байқатты. Шаһарлардың астаң-кестеңін шығарған дауыл тағы да қайталанса, халық қалай әрекет етпек? Тағы да адамдар жарақаттанып, көліктер ағаштың астында қалып, мемлекетке миллиондаған шығын келтіруін күтіп отыра бермекпіз бе? Дауыл болуы мүмкін деген ескертпе алысымен тұрғындар ғимараттардың есіктерін, шатырдағы үйлердің, үй төбесіндегі терезелердің ауа тазартқыш саңылауларын жабуы керек. Сондай-ақ, ғимараттың жел соғатын жағындағы терезелерді, есіктерді, ауа тазартқыш тесіктерін және шатырлардың люктарын тығыздап жапқан дұрыс. Іштегі қысымды теңестіру мақсатында ғимараттың ық жағындағы есік және терезелерді ашады. Қажетті электр фонарларын, керосинді шамдар, жорық плитасын, азық-түлік қорын құрып, ауыз су және дәрі-дәрмектер дайындау керек. Қатты құйын мен дауылдың жақындауы туралы тікелей ақпарат алысымен жасырынатын немесе алдын ала ғимараттарда дайындалған орындарға бару қажет, ал құйын болған жағдайда тек жертөле мен жерасты ғимараттарына жасырыну керек. Мұның бәрі дауылдан қорғанудың қарапайым ғана ережелері. Алайда мұны «еріккеннің ермегі» деп санайтындар да, апаттың алдын алу үшін дайындық жүргізгендерді күлкіге айналдыратындар да табылады. Ал қазақтың «сақтықта қорлық жоқ» деген сөзі санада сақталуы шарт. Әр адам өз өмірі үшін өзі жауапты. Сондықтан, бәріне бірдей бейжай қарайтын әдеттен арылу керек. Бейқамдықтан арылатын кездің әлдеқашан жеткеніне назар аударған жөн.