Еуропа банкі қазақ шаруаларына 100 млн еуро бөледі

Еуропа банкі қазақ шаруаларына 100 млн еуро бөледі

Еуропа банкі қазақ шаруаларына 100 млн еуро бөледі
ашық дереккөзі
“Қазгро” холдингі мен “Аграрлық несие корпорациясының” басшылығы Еуропалық инвестициялық банкі өкілдерімен кездесті. Қазақстанда ресми сапармен жүрген делегацияны банк Вице-Президенті Вазил Худак бастап келді. Кездесу барысында Еуропалық инвестициялық банкі мен “Аграрлық несие корпорациясы” арасында қаржы келісімшартын бекіту жайы қаралды. Оған сай, “ҚазАгро” холдингінің кепілдігімен 100 миллион еуро көлеміндегі ақша 10 жылға берілмек. Бұл қаражат мына жобаларға беріледі деп жоспарлануда: – Қазақстан Республикасының аграрлық секторында климаттың өзгеруі мен оның зардаптарының жеңілдеуіне бейімделуі бойынша; – ауылдық микро-, шағын және орта кәсіпорындарды дамытуда және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кіші және орта жобаларын жүзеге асыруда жәрдемдесу. Тараптар келіссөздерді 2016 жылдан бері жүргізіп келеді. Қазіргі таңда келісімшарт жобасын мақұлдаудың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Құжат жақын арада бекітіледі деп күтілуде. Қабылдап жатқан тараптан кездесуге “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев пен “ҚазАгро” Холдингі” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева қатысты. Еуропалық инвестициялық банк – 1958 жылы құрылған Еуропалық одақтың қаржы ұйымы. Банк әлемдік деңгейдегі көптарапты ірі кредитор болып саналады. Ол Еуропа мен одан тыс елдерде Еуропалық одақтың бағдарламаларын қолдау мақсатында сенімді инвестиция тартуды көздейтін ұзақмерзімді қаржыландыруды ұсынатын ұйым. Еуропалық инвестициялық банкінің акционерлері Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер болып саналады. Банктің басқарушы Кеңесі сол елдердің қаржы министрлерінен құралған. Штаб-пәтері Люксембургте орналасқан. Еуропалық инвестициялық банкі әлемнің 150 елінде жұмыс істейді. Корпорация «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі компаниялар тобының құрамына кіріп, соның тікелей жетекшілік етуімен Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан 13 филиал мен өкілдіктерінде өз қызметін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстарды атқарып отыр. naryk.kz