557
Алтын ұямен қоштасу: ұлан-асыр той жасаудың жөні бар ма?
Алтын ұямен қоштасу: ұлан-асыр той жасаудың жөні бар ма?
Мектептегі соңғы жылдарын тәмамдаған түлектер алдағы ұлттық бірыңғай сынаққа барын салып дайындалуда. Маусым айының соңына дейін мектеп түлектері барлық сынақтарды аяқтайды. Сөйтіп, қолдарына аттестаттарын алған жеткіншектер бітіру кешін ұйымдастырады. Қазіргі уақытта шәкірттердің басты уайымдары – алдағы тестілеу болғанымен, бітіру кешіне деген әзірлік оқу жылы аяқталмай жатып-ақ пысықталып қойылғаны бесенеден белгілі. Өмірдің жаңа бір кезеңіне аяқ басқан түлектердің қуанышымен бөліскен орынды да шығар. Бірақ оны ұлан-асыр тойға айналдырудың жөні бар ма?
Кеш өткізуге ешкім тыйым сала алмайды
Білім және ғылым министрлігі биылғы мектеп бітіруші түлектердің кешін 15 маусымға дейін өткізу керектігін ескертті. Ал аттестаттарды табыстау мектеп әкімшілігінің шешімімен 10-12 маусым аралығында өткзілуі тиіс. Биыл республика бойынша 136 мың 269 оқушы мектеп бітіреді. Олардың ішінде 90 мың 804 адам қазақ тілінде оқыса, 39 мың 334 адам орыс тілінде оқиды, ал өзге тілде білім алушылар саны – 6 мың 131. Кез келген ата-ана бауыр еті баласының жақсы өмір сүруін қалайтыны сөзсіз. Сондықтан, ата-аналар балаларының арман-тілегін орындауға бар күш-жігерін жұмсайды. Ата-аналардың перзенті үшін барын салатын сәттерінің бірі – мектеп бітіру салтанаты. Ата-ана 25 мамырдағы алтын ұямен қоштасу сәті, мектеп бітіру кеші ұл-қызының жадында ерекше сақталуы үшін тағы да барын салады. Түлектерге қуаныш сыйлайтын бұл мереке ата-аналарды әбден қажытатыны сөзсіз. Соған қарамастан, ешбір ата-ананың мектеп бітіру кешін ұйымдастырудан бас тартар түрі байқалмайды. Мектеп бітіру кешін думанды мерекеге айналдыру бүгінде дәстүрге айналып үлгерген. Әсіресе, қала мектептерінде бұл думанға ерекше назар аударады. Ата-аналар бітіру кешіне күні бұрын әзірлік жасап, ұл-қыздарының өзгелерден ерекшеленіп, жарқырап жүруі үшін қалтасындағы қаржысын аямайды. Одан бөлек үлкен мейрамхана жалдап, тіпті, қала ішін аралау үшін қымбат көліктер жалдау да сәнге айналған. Қымбат көйлек, мейрамхана, лимузин... Осының бәрі жыл өткен сайын мектеп бітірушілер арасында бәсекелестік тудырғандай. Қыздар қауымы өзара сәнді көйлектерімен, шаш үлгілерімен жарысса, ұлдар жағы қыдыруға жалдаған көліктерінің ерекше болғанын құп көреді. Ал бітіру кештерін дүркіретіп тойлауға еліміздің Білім және ғылым министрлігі тыйым сала алмайтын көрінеді. Таяуда осы мәселе жөнінде пікір білдірген Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова түлектердің бітіру кешін өткізуін ата-аналардың қалауына қалдырамыз дегенді атап айтты. Министрлік бітіру кешінің ата-аналарды шығынға батыратынын қаламағанымен, бұл мәселеге араласа алмайды. Бұл ретте вице-министр мектептерде ақша жинауға түпкілікті тыйым салынғандығын, мұны ата-аналарға мықтап түсіндіргендіктерін айтады. Тіпті, министрлік өкілдері түлектердің бітіру кеші тек мектепте ғана өтуін қадағалауды директорлардың құлағына құйып қойған. Бірақ ата-аналар комитеті мектептен тыс жерде салтанатты кеш ұйымдастыруға шешім қабылдаса, оған тыйым салуға министрліктің де құзыры жүрмейді екен. «Бітіру кештері мектептің ішінде өтуі тиіс. Ал басқа жерде өткізуді ата-аналар комитеті өздері шешіп жатады. Министрлік ақша жинау, қымбат дүниелерді жалға алу сияқты идеяларды қолдамайды. Бірақ тыйым да сала алмаймыз», – деді Бибігүл Асылова. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда аталған мәселе бойынша ата-аналармен жұмыс жүргізілуде. Одан бөлек Білім және ғылым министрлігі түлектердің қоштасу кешіне және басқа да ақша жинау түрлеріне қатысты ақпараттық жұмысты күшейтуге де ниетті.Арнайы заң қажет пе?
Әр оқу жылының соңында өңірлердегі білім басқармалары дүбірлі бітіру кештерін ұйымдастыруға тыйым салатыны бар. Биылғы жылы Шымкент қаласының әкімі соңғы қоңырау күні және мектеп бітіру кешінде көліктер шеруін ұйымдастыруға тыйым салды. Ғабидолла Әбдрахимов мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарына мерекелік кортеждерге оқушылар үшін тыйым салынғанын ескертті. Әкім қарамағындағыларға қауіпсіздік шарасын күшейтіп, кең көлемде мектептер мен көңіл көтеретін орындарда түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды. «Түнде кафелер мен мейрамханаларды бақылауда ұстаңыздар. Онда алкогольді ішімдіктер сатылмасын. Бұл құқық қорғау ұйымдарының міндеті. Жол қозғалысын күшейтілген бақылауға алыңдар. Білім бөліміне келер болсақ, сіздер ата-аналар комитетін хабарлауға тиіссіздер. Біздің жастарға жақсылап түсіндірсеңіздер, олар бәрін түсінеді. Мектеп инспекторларына 11-ші сынып өкілдерімен сөйлесуді тапсырамын», – деді қалалық әкімдіктегі жиналыста Шымкент шаһарының басшысы. Шымкент әкімі көлік шеруін ұйымдастыруға тыйым салғанымен, елімізде мектеп бітіру кешін атап өтуге тыйым салатын заң жобасы жоқ. Мұндай заңның біздің қоғамға қаншалықты қажет екенін нақты айта алмағанымызбен, бұл тақырып шешілмейтін түйінге айналғандай болып отыр. Әрине, мұндай мерекені ұйымдастыру ата-аналар мен түлектердің өз еркінде. Десек те, ата-аналардың даңғазалыққа жол бермегені жөн секілді. Ата-аналардың қалтасына салмақ түсіргеннен бөлек мектеп бітіру кештерінде көлік шеруін жасайтын түлектердің жол үстінде қауіппен бетпе-бет келетіні тағы бар. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқалы отырған балалардың бір-бірімен жарысып жүріп, апатқа ұшырамасына кім кепіл?! Бір-бірімен жарысқан жас қыз-жігіттердің жол ережесін өрескел бұзып, қауіпсіздікті сақтамауы секілді жағдайлар да талай кездескен. Тіпті, көлік шеруі кезіндегі апат салдарынан жан тапсырғандар да бар. Осындай қауіптің алдын алуға тырысқан бауырлас өзбек халқы мектеп бітіру кештерін өткізуге тыйым салыпты. Өзбекстанның халықтық білім беру министрлігі таяу күндері мектеп бітіру кештерін өткізуге, емтихан үшін мұғалімдерге сыйлыққа деп ақша жинауға тыйым салынған бұйрықты жария етті. Ереже бойынша, оқу жылын аяқтауға байланысты мерекелік шараларды тек қана мектеп қабырғасында, мұғалімдердің бақылауымен өткізуге рұқсат берілген. Ал жапон халқы бітіру кешін үлкен тойға айналдыруға мүлдем рұқсат бермейді. Жапонияда алтын ұямен қоштасу кешінде түлектерге мектеп формасын кию міндеттеледі. Яғни, ата-аналар қыздарына сәнді көйлек әперіп әуре болмайды. Бітіру кешінде мектеп директоры құттықтау сөз сөйлеп, куәліктерін тапсырады. Кеш осымен тәмам. Сәнді киініп, мейрамханада той тойлауға рұқсат жоқ. Көршілес Қырғызстанда мектеп бітіру кешін түнде атап өтуге тыйым салынған. Ал қазақстандық түлектер түнгі уақыт түгілі, таңды қарсы алмайынша, үйлеріне қайтпайды. Таңды қарсы алу да бүгінгі күні түлектер үшін дәстүрге айналып үлгерген жайт.Сәнді көйлек, қымбат мейрамхана...
Түлектердің кешін тойлау бір бөлек әңгіме. Ал сол кешке мектеп бітірушілердің қалай әзірленетіні және қанша қаржы жұмсайтыны тағы бір мәселе. Біреу тоңып, біреу тойып секірген түлектер кеші. Әсіресе, көйлектерінің сәнімен жарысқан қыздар көп. Ал ата-ана «мақтанатын кеште» «ұятқа қалмауға» барынша тырысады. Барын береді, болмаса қарыз алады. Осы арқылы барды шашатын, мағынасы жоқ тойшылдықты дәріптеу арқылы несиеге той жасайтын, жалған ұяттың жетегінде жүретін балаларды тәрбиелеп жатқанын ескеріп жатқан ата-ана көп емес. Сонымен, дүркіреп өтетін мектеп бітіру кеші үшін ата-ана баласына қанша қаражат жұмсайды? Негізінен, бұл мерекеге әзірлік жасау қыздары бар ата-аналар үшін қиындау. Өйткені «тойға» дайындалатын қыздардың шығыны көп. Ең әуелі, ата-аналар мейрамханадағы орын үшін ақы төлейді. Ал бүгінгі таңда үлкен қалалардағы мейрамханада той тойлау үшін әр адам басына кемінде 6-7 мың теңге қажет. Ата-ана өздерін қоса есептегенде 3 адам үшін ақы төлеуі тиіс, яғни, 20-25 мың теңге. Одан кейін көлік шеруі үшін жалға алынатын лимузин бар. Лимузинді жалдау ақысы да 50-60 мың теңгені құрайды. Бұл да ата-аналар қалтасынан шығатын қаражат. Оған ұстаздарға берілетін сыйлықтар мен гүлдер, бейне түсірілім мен фотограф қызметін, асаба жалдау шығынын қосыңыз. Одан кейінгі кезекте түлектердің киімдері тұр. Ұл балалардың костюм-шалбары мен аяқ киімі үшін орта есеппен 40-50 мың теңге жұмсалады. Ал қыздардың бітіру кешіне киетін сәнді көйлектері қомақты қаржыны қажет етеді. Бітіру кештеріне арналған сәнді көйлектердің бағасы да сан алуан. 20 мыңнан басталған көйлектер бағасы 200 мың теңгеге дейін жетеді. Көйлектен бөлек, аяқ киім, әшекей бұйымдарға 50-60 мың теңге қаражат қажет. Шаш үлгісі, бет әрлеу сынды процестер үшін де 15-20 мың теңге жұмсалады. Міне, ата-аналар бір күндік қызық үшін кемінде 100-150 мың теңге шығындайды. Біреулер үшін бұл қаржының құны жоқ шығар. Кейбір отбасылар үшін 100-150 мың теңге жанұяға келетін бір айлық табысты құрайды. Тіпті, мұндай қаржы кейбіреулердің қолына түсе бермеуі де мүмкін. Ал осыншама қаражатты бір күнде желге ұшыру ысырап емес деуге негіз бар ма? Бір жағынан алып қарағанда, бұл өмірде бір-ақ рет болатын мектеп бітіру кеші... Бірақ мұның көптеген отбасылар үшін қаржылық қиындықтар туғызатыны естен шығармаған абзал.Қаржыны қайырымдылыққа жұмсаған түлектер
Ата-ананың «балам үшін» деп жиған бар қаржысын бір күндік қызыққа жұмсайтындарды жазғыруға ешкімнің құқы жоқ. Бұл ата-аналар мен түлектердің ырқына қалатын мәселе. Дегенмен, әрбір теңгенің игілікті іске жұмсалғаны жақсы емес пе? Біраз жыл бұрын Сербияның Пирот қаласындағы мектеп түлектерінің әрекеті көптің көңіліне жылылық ұялатқан еді. Сол сәтте бар қазақ біздің түлектеріміз де жүз мыңдаған қаражатын осындай игілікті іске жұмсаса деп тілеген. Сербия түлектері өздерінің мектеппен қоштасу кешіне қымбат киім киюден бас тартқан. «Біркиер көйлек алар қаражатты ысырап қылғанша, сырқат балаларға берейік» деп шешім қабылдаған жеткіншектердің ісі әлемге үлгі болды деуге жарасар. Ал өткен жылы маңғыстаулық бір топ түлек мектеп бітіру кешіне қатыспай, жинаған қаражаттарын науқас баланың еміне бергенде шын қуандық. Түпқараған аудандық мектеп-лицейінің екі сыныбы бірігіп, қант диабетіне шалдыққан екінші сынып оқушысының анасына 124 мың теңге табыстаған. Түлектер мектеп бітіру кешіне баруды емес, ауыр дертке шалдыққан Әсел Исатайқызының туған күніне тосынсый жасауды жөн көріпті. Оқушылардың игі ісін лицей директоры мен ата-аналары бірауыздан қолдаған. Мектеп бітірушілер науқастың үйіне барып, Әселге кереует пен ұялы телефон сыйға тартқан. Ал анасына дәрі-дәрмек алу үшін қаржылай көмек көрсетті. Маңғыстаулық түлектердің бұл әрекеті талай жастарға үлгі боларлық жағдай. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді әуел бастан үйреткен қазақтың бүгінгі жастары игілікті іс жасап, қайырымдылық пен жақсылыққа құмар болса, қоғамдағы қатыгездік те азаяр ма еді, кім білсін?! Әрине, шамасы келген ата-ана баласының қуанышында барын берсін. Ал әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасындағы балалар қайтпек... Осы ретте психолог мамандар мектеп бітіру кештеріне ақша жинау жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол салуды көбейтетіндігін растайды. Ата-анасына масыл болмайын деп, өздерін өлімге қиятындарға тосқауыл қою үшін не істеу керек? Мамандардың сөзінше, суицидке баратындардың көбі мектеп бітіру кешіне 50-60 мың теңге жұмсамақ түгілі, күнделікті тамағын әзер тауып отырған отбасының балалары екен. Сондай-ақ, бітіру кеші үшін отбасылық жанжалдардың да орын алатыны жасырын емес. Қалай десек те, мектеп бітіру кештерін өткізу әлі де жөнге қойылмаған іс. Ең өкініштісі, балаларды мектеп қабырғасынан шықпай жатып, бір-бірімен киіміне, сәніне қарай бәсекелесуге тәрбиелейтін сыңайлымыз.