391
Қартқа қол көтерген қаныперезлер
Қартқа қол көтерген қаныперезлер
Қарты бар елдің қазынасы бар. Қазақ әуелден жасы үлкенді сыйлап, жасы кішіге ізетпен қараған. Өкінішке қарай, осы күндері қартын қадірлейтін қазақ баласы азайып кеткен тәрізді. Соңғы уақытта «қарттарға шабуылдады», «қарияны соққыға жықты», «ақсақалды тонап кетті» деген ақпараттар жиі жариялануда. Мұны естігенде бүгінгі қоғамның қазақылықтан мүлдем алыстап кеткендігіне көзіміз жете түскендей болады.
Қартын сыйламайтындар көбейді
Бүгінгі қоғамда жұрттың қатыгездікке еті үйреніп кеткендей. Бір-бірін сотқа сүйреген туыстар, баласын аяусыз сабаған аналар, ұстазына қол көтерген шәкірттер, балабақшадағы баланы ұрып-соғатын тәрбиешілер жөнінде күн сайын құлағымыз шалғанмен, иығымызды көтеруден аспаймыз. Бұрын шетелдің фильмдерінен ғана көретін мұндай қатыгез әрекеттердің қазақ қоғамына сіңісіп кеткені жаныңды жегідей жейді. Бірақ бұған қарсы қолданар шара қайсы?! Әсіресе, аяқ-қолы балғадай жас жігіттердің қарттарды, егде жастағы азаматтарды соққыға жығып, алдап соғуы жиілеп барады. Әлеуметтік желі де талай жайтты су бетіне шығаруда. Қарт адамды аяусыз соққыға жығып, қолындағысын тартып әкететін қазақ баласын мұндай жағдайда ақтап алу да қиындау. Жасы үлкен кісіге қол көтерген азаматқа ата-анасы қандай тәрбие берген? Бұл мәселенің соңы да отбасындағы тәрбиеге келіп тірелетіні сөзсіз. Ата-аналар балаларын қарияларға қол ала жүгіруге үйретпейтін болар. Демек, үлкенге құрмет көрсетуді де баланың санасына сіңірмеген. Әйтпесе, ата-ананың ақыл-кеңесін бойына сіңіріп өскен әрбір жас азаматтың үлкенді сыйлау дәстүріне жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз. Ал бүгінгі күні қарттарға құрмет көрсету дәстүрінің санадан ысырылғанына қоғамда орын алып жатқан жайттар себеп болып отыр. Өткен аптада ғана Алматы қаласында жалғызбасты қарттарды жауыздықпен өлтіріп, пәтерлерін өз аттарына заңсыз рәсімдеп, сатумен айналысып жүрген қылмыстық топ қолға түсті. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, ұйымдасқан топтың 45-ке жуық қылмыстық іске қатысы бар болуы мүмкін. Қолға түскен баскесерлерді қылмыс әлемінің беделді тұлғалары басқарып отырған. Оның құрамына бұрынғы полиция қызметкерлері, нотариустар мен өзге күдіктілерді қосқанда, 20-дан астам адам кірген. Тергеу нәтижелері бойынша, иелері із-түзсіз жоғалып кеткен пәтерлерді рәсімдеп-сатуға байланысты 4 жағдай анықталды. Ал ұйымдасқан топ мүшелері қазір ұсталып, қамауға алынған. Жалғызбасты қарттарды негізгі нысанаға алған қылмыскерлер олардың қорғаушысы жоқтығын пайдаланған тәрізді. Бұлар кәнігі қылмыскерлер десек, қылмыс әлеміне қатысы жоқ кейбір азаматтар да қарттарға күш көрсетуден кетәрі емес. Өткен айда әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаның бірі жұрттың аза бойын қаза етті. Қарияны лифтіге кіргізіп, аяусыз соққыға жыққан азғындар оның сөмкесін тартып алып, қашып кеткен. Оқиға тұрғын үй подъездерінің бірінде болған. Екі жігіт лифт күтіп кұрған қарияның жанына келіп, лифт ашылған кезде оны кіргізіп, соққыға жыққан. Олар қарияның қолынан сөмкеге ұқсас затты алған соң, оқиға орнынан тайып тұрады. Есін әзер дегенде жиған қария олардың артынан жүгіре жөнеледі. Оқиғаның немен аяқталғаны белгісіз. Ал Қарағандыда жүргізуші көше бойында қарияға жұдырық ала жүгіріп, аяусыз соққыға жыққан-ды. Бұл өткен жылы орын алған жайт. Рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өтпек болған қария ашушаң жүргізушіге тап болған. Өзге көлік иелері ақсақалдың өтіп кетуін сабырлылықпен күтіп тұрса, шыдамсыз жүргізуші қарияға тіл тигізуге кіріскен. Кейін көліктен шығып, қарт кісіге жұдырық сілтеген. Ақсақал соққыдан құлап қалғанына қарамастан, ол ұруын тоқтатпаған. Қарияны әбден ұрған азамат оқиғадан кейін көлігіне отырып, кетіп қалған. Сол арада қария орнынан тұра алмай жол ортасында жатып қалған. Кейін жедел жәрдем келіп, қарияны қалалық емханаға алып кетеді. Дәрігерлер зейнеткердің көзі дұрыс көрмейтіндіктен, рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өткен болуы мүмкін екенін алға тартқан-ды. Осылайша, жүйкесі жұқарған азамат көшенің қақ ортасында әкесіндей жанды соққыға жықты. Ол азғынды кімдер тәрбиеледі? Тіпті, тәрбие көрді ме ол неме?Келіндер де қол көтереді
Бала ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі. Бұл ер балаға да, қызға да қатысты. Кейбір отбасыларда баласының көзінше анасын балағаттайтын әкелер, әкесін табалайтын аналар да жоқ емес. Ал отбасында сыйластық, жылу көрмеген ұл мен қыз өздерінің балаларына қандай тәрбие берсін? Ананың ақылын тыңдамаған, үлкеннен үлгі-өнеге алмаған қыз келін болып түскенде қайдан кемеңгер болсын?! Бүгінгі күні үлкеннің сөзіне шыдамдылық танытуға құлқы жоқ немесе төзімі таусылған келіндер өз енесіне қарсы шығудың сан түрлі амалын тапқан. Келіндердің бірі енесінің аузын аштырмай, балағаттаса, енді бірі енелеріне қол көтеруге дейін барады екен. Жыл басында «Атырау облысының Махамбет аудандық сотында енесіне қол көтерген келіннің ісі қаралып жатыр» деген ақпаратты естігенде, ене мен келін сыйластығы туралы ойымыздың ойраны шыққаны рас. Осы оқиғаға байланысты енесіне қол көтерген келінге ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылды. Оқиға барысы былай өрбіген: ас бөлемеде ыдыс жуып жатқанда келін енесімен сөзге келіп, енесін бетінен ұрып, жерге құлатқан. Соның салдарынан енесі аудандық ауруханадан бір-ақ шығады. Бірақ соңында енесі келінін кешіріп, бұл іс жабылды. Бірақ осы оқиғадан кейін ене мен келін арасындағы отбасылық ұрыс-керіс қоғамдық мәселеге айналып кетті. Ал 2015 жылы енесінің бетіне ыстық шай шашқан жас келіннің қылығы да көптің есінде болар. Алғашқы күндерден-ақ теріс қылықтарын көрсете бастаған келін енесінің ескертуін көтере алмаған. Сөйтіп, шай құюды сұраған енесінің бетіне жас келін ыстық шайды шашып жіберген. Мұнысымен келін «ішкің келсе, өзің шай құйып іш» дегенді ұғындырғысы келген тәрізді. Осының салдарынан 56 жастағы ананың оң жақ беті мен мойыны күйіп қалған. Сонымен қатар, жыл басында ақтөбелік 75 жастағы Әжібек Молбаева келіні мен туған ұлынан қорлық көріп, қызының үйін сауғалап отырғанын айтып, көпшіліктен көмек сұраған-ды. Кейуананың сөзінше, келіні тамақ бермей, аузын ашса қол көтерген. Келіннің айтақтауымен кенже ұлы да шешесін сабап, зейнетақысын тартып алып отырған. Енесінің атындағы үйін де келіні «сатып алдым» деп нотариус арқылы рәсімдеп алған. «Олар адам емес, екеуі де қарақшы. Үстімдегі үйімді алып, тамақ бермей аш ұстады. Күнде оларды қарғап отырмын. Мен ол үйді өзіммен алып кетпеймін, қара шаңырағым соларға қалмай ма? Келінім нотариусқа екі рет алдап апарып, сол кезде үйді өзінің атына жаздырып алған. Мен оны кейін білдім. Маған «Зейнетақыңыз өсейін деп жатыр, екі құжатқа қол қоюыңыз керек» деп ертіп апарды. Ондай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Әлпештеп өсірген балам бұлай жасайды деп ойлаған жоқпын. Мен оларды өмірде кешірем бе?!», – деп зар жылаған ананың мұңын барша қазақ естіді. Мұндай жайттарды ешкімнің де басына бермесін. Ал әрқашан қайын жұртына, жасы үлкендерге иіліп сәлем жасаған қазақ келіндерінің әдепсіздікке баруы еш қисынға келмейді. Осы сынды оқиғаларды естігенде, қазақтың «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген сөзінің шындық екенін анық аңғарғандай боламыз. Қоғамда орын алып жатқан мұндай жағдайлардың бәрі де ұрпақтың тәрбиесімен тікелей байланысты десек қателесе қоймаспыз. Отбасынан бөлек, балабақша, мектеп те балаларға үлкенді сыйлау дәстүрін үйретіп, қаперлеріне салып отырса құба-құп. Жасы үлкен адамға құрмет көрсету үлгісін әр халықтан кездестіруге болады. Ал қазақ халқында бұл дәстүрге ерекше мән берілетінін бүгінгі жастарымыз ұмытпауы керек. Үйге ақсақал келсе төрге оздыру, төрден орын беру сияқты тамаша әдет-ғұрыптарымызды сақтай білсек, елдігіміздің бір белгісі осы болмақ.