Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!

Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!

Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!
ашық дереккөзі
Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының бұрынғыдай беделі бар ма? Былтыр Сирияда 19 журналист көз жұмған, оның сыртында іс-түссіз жоғалғандары қаншама. Соғыс қимылдары жоқ аймақтарда да журналистерге кедергі көп. Жалпы, қазіргі таңда әлемдегі журналистиканың жай-күйі қандай? Сұрақтың жауабын табу үшін БАҚ-ты төрт критерий бойынша зерделеп көрген едік. Әуелі халықаралық рейтингтік агенттіктердің мәліметіне сүйене отырып, сөз бостандығы, тілі мен қауіпсіздігі, сауаты жөнінде бірер мысал келтіргенді жөн көрдік.

RSF: «Тәжікстан БАҚ  саясатына мемлекеттік  бақылауды күшейтті»

Қай елде сөз бостандығына шектеу жоқ? «Шекарасыз репортерлер» (RSF) ұйымының биылғы рейтингінде Еуропа мемлекеттері сөз еркіндігі бойынша өзгелерден көш ілгері. Тізімді бастап тұрған Норвегия, Швеция және Финляндия елдерінде сөз бостандығына шектеу жоқ, журналистерге қатысты көтерілген қылмыстық, әкімшілік істердің саны да аз. Сонымен қатар, жер бетіндегі қауіпсіз қалалар мен бақытты халық та осы жерде өмір сүреді. Қазақстан – 157 орынға тұрақтаған. Былтыр бұл көрсеткіште 160 орыннан көрінген болатын. Рейтинг жасаушылардың айтуынша, Қазақстанның бір қадам алға аттауы жағдайдың жақсарғанынан емес. Керісінше, өзге елдерде сөз бостандығына қатысты қысымның көбеюі ықпал еткен. RSF ұйымының пайымдауынша, Қазақстанда 2013 жылдан бері тәуелсіз газет-журналдар, сайттар, блогерлер жұмысына шектеу қою толастар емес. Бұрын Қазақстанда тәуелсіз журналистерді қорқыту фактілері жиі тіркелсе, қазір қомақты айыппұл салу арқылы тәуелсіз БАҚ-тың дамуына кедергі жасау фактілері көптеп кездеседі екен. «Шекарасыз репортерлер» (RSF) халық­аралық ұйымы бұл рейтингті 2002 жылдан бері әлемнің 180 еліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының даму жағдайларын салыстыру арқылы жасап келеді. Аталмыш рейтингте АҚШ – 43-орында, ал посткеңестік елдер тізімнің соңында екені айтпаса да белгілі. Посткеңестік елдердің сөз бостандығында шектеу бар екені байқалады. Әрине, алдыңғы жылдармен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Дегенмен, 180 мемлекеттің ішінен соңғы жиырмалықта болу әсте абырой емес. Орталық Азия елдерінен Қырғызстан – 89 орында, 2016 жылы 85 орыннан көрінген. Өзбекстан – 169 орынға тұрақтап, өткен жылмен салыстырғанда сөз бостандығының жақсара түскенін байқатты. Түркіменстан – 178 орында, былтырдан бері өзгеріссіз. Ресей 148-ші орынға жайғасқан. Тәжікстан –149 орында, былтырғы жылмен салыстырғанда бір сатыға ғана жоғары көтерілген. RSF сарапшыларының пікірінше, Тәжікстанда қауіпсіздік қызметкерлері тәуелсіз журналистерді тергеуге шақырып, оларды қорқытып-үркітіп отыр. «Тәжік-стан билігі әлеуметтік желілер мен ақпараттық веб-сайттарды үнемі бұғаттайды. 2016 жылы бұл елде бірнеше тәуелсіз басылым жабылды, үкімет БАҚ саясатына мемлекеттік бақылауды күшейтті», – деп жазды ұйым сарапшылары. Алайда жергілікті билік аталмыш ұйымның рейтингін нақты емес деп есептейді, «Баспасөз еркіндігі индексінің» шынайылығына күмәнмен қарайды. Тәжікстан парламенті төменгі палатасының ақпарат және халықаралық істер жөніндегі төрағасы Олим Салимзоданың мәлімдеуінше, ұйым баяндамасы Тәжікстандағы жағдайды толық сипаттай алмайды. Тәжікстандағы сөз еркіндігіне сондайлық шектеу қойылмаған. Керісінше Орталық Азиядағы өзге мемлекеттермен салыстырғанда, анағұрлым жақсы деген уәж айтты. Десе де ұйымның сарапшылары бұл пікірмен келіспейді, мәселен, былтыр тәжік журналистикасын «ең қауіпті» деп бағалауы соның дәлелі.

БАҚ-тағы қазақтілді  контенттің үлесі артқан

 Электронды БАҚ пен мерзімді баспасөздің басты айырмасы – тілінде. Уақыт ұту мен рейтингке ұмтылған ақпараттық сайттардың тілі шұбалаңқы, сөйлем ұйқасы нашар. Бұған дәлел келтірудің де қажеті жоқ шығар. Бірақ қазақша сөйлеп отырған телеарна тілшілерінің қазақшасы қарын аштырады. Ranking.kz рейтингтік агенттігінің зерттеуі бойынша, соңғы жылдың ішінде электронды БАҚ-тағы қазақтілді контенттің үлесі 12,7 пайызға артып, 84 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш қазақ тілінің басымдық алғанын білдіреді. Мысалы, осы аралықта орыс тіліндегі контенттің үлесі керісінше 10 пайызға азайған, жыл соңында 16 пайызды құрады. Алайда қазақ тіліндегі ақпарат артты деп қуануға әлі ерте. Себебі, мерзімді баспасөздегі қазақтілді контенттің үлесі – 50 пайыз, ал электронды БАҚ-тың үлесі – 16 пайыз. Бұл дегеніңіз, ғаламтор желісінде қазақ тіліндегі ақпарат әлі де аздық етеді. Соңғы жылдары қазақтілді халықтың саны артқаны да ықпал етіп отыр. Айталық, тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақтілді халықтың үлесі 82,3 пайызға жетіп отыр. Қазақ тілін үйренушілердің қатары күн санап артып келеді. Орыстілді жұртшылықтың үлесі 0,6 пайызға азайып, 89 пайызды құрады. Тілді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылы елімізде қазақ тілін қолданушыларының саны 95 пайызға жетпек. Халықтың көпшілігі қазақ тілінде сөйлесе, қазақтілді бұқаралық ақпарат көздерінің үлесі де артпақ. 2016 жылдың соңына қарай елімізде 2,9 мың бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Олардың ішінде 23 пайызы – мемлекет меншігінде. Мемлекеттік БАҚ-тағы ақпарат ағынының 71 пайызы – қазақ тілінде болса, осыдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 60 пайыз деңгейінде болған.

«Ақпарат – қиратушы күш»

Былтыр Сирияда 19 журналист көз жұмған. Соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақ үшін де аз көрсеткіш емес, бірақ мұның сыртында із-түзсіз жоғалғаны қаншама. Журналистика қашан да қауіпті мамандықтардың қатарынан түспеген. Мысалы, бір жыл ішінде әлемде 259 журналист түрмеге қамалды деп мәлімдеді халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» (Committee to Protect Journalists CPJ) ұйымы «Баспасөзге шабуыл 2017» деп аталатын есебінде. Ұйымның мәліметінше, 90 жылдардан бері биыл ғана БАҚ-қа шабуылдың рекордтық көрсеткіші тіркелген. Ұйым жаңа медианың технологиялары цензура орнатуды бұрынғыдан да қиындата түскенін айтуда. Бірақ репрессивті мемлекеттер оларды жиі қолданады екен, себебі түрмеге қамалған және қаза тапқан журналистер саны жылдан жылға артып келеді. «Шын мәнінде, қазір журналистер үшін бұрын-соңды болмаған ең қауіпті және ең қанқұйлы уақыт», – дейді ұйымның атқарушы директоры Джоэл Симон. Оның айтуынша, ұйымның 25 сәуірде жариялаған есебінде әлеуметтік медианың дамығанына қарамастан шектеу қоюдың жолдары көбеюде. «Барлық жерде әлеуметтік желілер бар, смартфон камералары жаппай қолданылса да, демократиялық емес үкіметтер БАҚ-ты және журналистерді басып-жаныштау әрекеттерін күшейтіп келеді», – дейді Симон мырза. «Әлемде репрессивті мемлекеттер БАҚ-тың үнін өшіріп, өзіне бағындыру үшін уақыты мен қаржысын көптеп жұмсай бастады. Ақпараттың қиратушы күш екенін сезіне бастаған үкіметтер сөз бостандығына тікелей шабуылдай бастады», – дейді Дж.Симон. Оның сөзінше, репрессивті үкіметтер ақпаратты басқаруға, бақылауға және соны өз пайдасына жарату үшін күрделі стратегияларды жетілдіріп келеді. Әсілі, қаза тапқан журналистердің басым көпшілігінің қақтығыс аймақтарында көз жұмғанын ескерген жөн. Елімізде қасақана шабуыл жасалған жайт былтыр тіркелген жоқ. Дегенмен журналистер мен блогерлерге бірен-саран шабуыл жасалғаны белгілі. Алайда бұл іс бойынша қылмыстық іс көтерілген жоқ. Сондықтан БАҚ қауіпсіздігіне алаңдаудың жөні жоқ.

Жүрек ауыртатын тележурналистика

Телеарна журналистерінің тілі туралы сан мәрте айтылса да, бұл жайт жылдан жылға нашарлап келеді. Әсіресе үндестік заңына қатысты қаншама сын айтылса да, жұртшылықтың тілін түзететін телеарна тілі еш өзгеріссіз. Бұл жолы депутат Сауытбек Әбдірахманов телеарна журналистерінің үндестік заңын мүлде ұмытқанына күңіренді. «Өкінішке қарай, қазіргі таңда телевизия мен радио бағдарламаларын естіген кезде жүрегің ауырады. Қазақ журналистері көз алдында не тұрса, соны оқиды. Әлемнің барлық елі орфография заңы бойынша жазады да, айтқан кезде орфоэпия заңдылығына бағынады. Негізгі себеп журналистердің орфоэпия заңдылықтарын білмеуінде», – деді ол. Үндестік заңына бағыну – қазақ тілін жұмсартып, әуезді ете түседі. Тіліміздің әуенді, әуезді естілуі де осы қасиетінен. Олай болса телеарна тілін қолдан бұзу миллиондаған тыңдарманның тілін де бұзу болып табылады. «Қазір тележүргізушілер «қаржы қайда қалды» деп айтады. «Ғ» әрпін айтпайды. Оның орнына «қ» қарпін қолданады. Бұл барлық жерде кездесетін жантүршігерлік жағдай. 20-30 жылдан кейін тілдің әуезділігіне не болады? Мұны ойлаған кезде жүрегің сыздап ауырады», – деді халық қалаулысы. Телеарна мен радио тілінің өзінше заңы мен эфир тілінің заңдылығы бар. Дей тұрғанмен тілді бұзбау алдымен ескерілуі тиіс. Сауытбек Әбдірахманов аталмыш мәселені шешудің жолын да атап көрсетті. «Менің ұсынысым – өте қарапайым. Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі бар. Ол бірнеше рет басылған. Сол сөздікті қарап отыруы керек. Ол сөздіктің бір бағанында жазылуы, екінші бағанында айтылуы көрсетілген. Қалай айтылады, қалай жазылады дегенді білсе болды. Бар болғаны сол. Сөздерді айтқан кезде орфоэпиялық сөздікке қарап отыру керек. Сөздің жазылуы мен айтылуының арасындағы айырмашылықты білу керек. Менің ойымша, осыған журналист мән берсе, біраз шаруаны тындыруға болады», – деді ол. Қазіргі журналистиканың төрт шындығы осы. Әлем мемлекеттерінде бұқаралық ақпарат құралдарының қауіпсіздігі мен еркіндігі басты мәселе болса, елімізде ана тілінің тағдыры мен тіл тазалығы басты түйткілге айналған.