Мүшелік жарна төлеудің мұңы

Мүшелік жарна төлеудің мұңы

Мүшелік жарна төлеудің мұңы
ашық дереккөзі
593
Қазақстан өзі мүше болып табылатын жыл сайын халықаралық ұйымдарға жарна төлеп отырады. Бұл барлық мүше мемлекеттерге жүктелген міндет. Еліміз төлейтін міндетті жарнаның құны шамамен 33 миллион доллардан асады. Былтыр Сыртқы істер министрлігі осы қомақты соманы тағы да көтеріп, 55 миллион долларға жеткізу көзделіп отырғанын жариялаған еді. СІМ мәлімдегендей, бұл еліміздің халықаралық ұйымдардағы мүшелік статусы өзгеруіне тікелей байланысты. Халықаралық және аймақтық ұйымдардың қарым-қатынас орнатуға, бейбітшілікті қамтамасыз етуде пайдасы зор. Десе де оның ішінде қажетті де, қажетсіз де ұйымдар бар. Қазақстан жүзден астам ұйымға мүше. Ал Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, еліміз 73 ұйымға мүшелік жарна төлейді. Оның әрқайсысының өз жарнасы белгіленген. Мәселен, ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, биыл еліміздің төрт ұйымға жарна есебіндегі берешегі – 12 миллиард теңге деп көрсетілген. Бұл бар болғаны төрт ұйымға ғана берілуі тиіс жарнаның жалпы сомасы. Олар – Дүниежүзілік банк, Ислам даму банкі, Халықаралық даму қауымдастығы және Азиялық банкке төлем Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, халықаралық қаржы институттарының жұмысына қатысу Қазақстанға тиімді инвестиция тартуға мүмкіндік береді. «Жеке кәсіпкерлікті дамыту және инновация тәрізді пайдалары да бар. 2017 жылы республикалық бюджеттен Азиялық даму қорына 1 миллиард теңге жіберу қарастырылған», – делінген министрлік мәлімдемесінде. Азиялық даму қорына 2012 жылы 8 миллион доллардан астам қаражат жіберілген екен. Халықаралық ұйымдардың басым көпшілігінің жарнасы мемлекеттің экономикалық өсіміне қатысты өзгеріп отырады. Мемлекеттердің ұлттық табысы, сыртқы қарызы, халқының табысына байланысты есептеледі. Осылайша бір мемлекеттің экономикасы өссе, сәйкесінше төлейтін жарнасы да өседі. Мәселен, Біріккен Ұлттар ұйымының бюджеті – 3 миллиард долларға жуық. Оның 22 пайызын АҚШ береді. Әлемдік зерттеулерге назар салсақ, Рональд Рейган президент болған кезден бастап, яғни 1984 жылдан бері Ақ үйдің барлық президенттері жарна төлеуді ескерусіз қалдырып келді. Осылайша Билл Клинтонның кезінде АҚШ-тың аталмыш ұйымға қарызы – 2 миллиард доллардан асқан. Соның салдарынан БҰҰ-да қаржылық дағдарыс болғанға ұқсайды. БҰҰ бюджетінің 20 пайызын Жапония құйып отырады. Бұл Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүшесінің төртеуінің жабылып төлейтін жарнасынан көп сома. Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытайдың төлейтін жарнасы 15 пайыздай ғана. Қазақстан 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ елдерінің қатарына қосылды. Осылайша ол БҰҰ бастамасымен халықаралық серіктестікті дамыту мақсатында  құрылған барлық арнаулы органдар мен бағдарламалардың, агенттіктердің мүшесі атанды. Жыл сайын халықаралық ұйымдарға төленетін жарна көлемі ұйымдармен серіктестік жөніндегі ведомствоаралық арнаулы комиссияның отырысында бекітіледі. Ал биылдан бастап Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі. Осы өкілеттік арқылы Қазақстан халықаралық және аймақтық түйткілдерді әлемдік аренаға шығарып, түйткілдің тарқауына септігін тигізе алады. Сондай-ақ, жарна есебінде берілетін қомақты қаражат МАГАТЭ бюджетіне төленеді. 1993 жылы 13 желтоқсанда ҚР ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылғаннан кейін, 1994 жылы жылы 26 шілдеде Қазақстан Атом энергиясы туралы халықаралық агенттікпен Кепілдіктерді қолдану туралы келісім жасады. Келісім 1995 жылы 11 тамызында өз күшіне енді, сол уақыттан бастап Қазақстанның ядролық қызметтері МАГАТЭ кепілдігіне алынды. Қазақстан осы уақтан бері мүшелік жарна төлеп келеді. Жылына 300 мың еуро мүшелік жарна есебінде төленеді. Атом және энергетикалық бақылау және тексеру комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жәнтікин бұл соманың жыл сайын уақтылы өтелетінін жеткізген болатын. Сонымен қатар соңғы жылдары МАГАТЭ бюджетін арттырмау туралы ереже қабылданды. Ұйымның жалпы бюджеті – 250 миллион доллар. 2001 жылы Қазақстанның ұйымға төлейтін жарнасы 10 есеге азайтылған болатын. Әлбетте, еліміз БҰҰ, МАГАТЭ сияқты әлемдік деңгейдегі ұйымдардан бас тарта алмайды. Дегенмен еліміздің сыртқы қарызын да ескеріп отырған жөн. Жақында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның сыртқы қарызының қанша екенін мәлімдеді. Мемлекеттік қарыз – 12,3 триллион теңгеге жеткен. Министрдің айтуынша уайымдауға еш негіз жоқ. Себебі бұл – басқарыла алатын көлемдегі жоспарлы деңгей деген болатын Үкімет отырысында. Негізі, мемлекеттік қарызды көбейте бергенше, ұйымдарға мүшелік жарнаны қысқарту немесе мүшеліктен шығу мәселелерін қазіргі дағдарыс кезінде қарастырған жөн деген пікір айтуда сарапшылар. Бірақ аймақтық және халықаралық қатынастар маңызды стратегиялық жоспар. Айтқандай, стратегиялық жоспар деген желеумен Қазақстан Қырғызстанға 100 миллион доллар көмек көрсетпек. Күні кеше Мәжілісте Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы заң жобасы мақұлданды. Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісім аясында Қазақстан қырғыздарға 100 миллион доллар көмек береді. Бұл келісім 2014 жылғы 7 қарашада Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғарғы мемлекетаралық кеңес отырысының аясында мемлекет басшылары берген тапсырмаға сәйкес әзірленген. «Келісім нормаларына сәйкес, Қазақстан тарапы Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы процесіне жәрдемдесу мақсатында аталған елге 100 миллион АҚШ долларына пара-пар көмек көрсетеді. Көмек қырғыз тарапына Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы жөніндегі «Жол карталарында» көзделген шараларды іске асыруға, атап айтқанда ЕАЭО кедендік шекарасының қырғыз учаскесінде кедендік инфрақұрылымды жақсартуға, Қырғызстанның санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық жүйелерін одақ талаптарымен сәйкестендіруге беріледі», – деп баяндады Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. Қырғызстан ғана емес, соңғы 2 жылда Қазақстанның халықаралық ұйымдар шеңберінде басқа елдерге көмектесуі жиілеген. Мысалы, өткен жылдың ақпан айында Қазақстан Тәжікстан мен Қырғызстанға гуманитарлық көмек берді. Кейіннен 2016 жылдың 24 қыркүйегінде Біріккен Ұлттар ұйымының 71-сессиясында сөз сөйлеген СІМ экс-министрі Ерлан Ыдырысов «Қазақстан Ауғанстанға мектеп пен аурухана, басқа да көмек үшін 50 миллион доллар, ауғанстандық әскерді қолдауға 2 миллион доллар бөлуді жоспарлап отыр» деп мәлімдеген. Одан бөлек, 2016 жылы Эфиопияға қуаңшылықпен күресуге – 50 мың доллар берілсе, Украинаға уран өндіруге көмек берілді. Айта берсек, мұндай шағын көмектер көп-ақ. Осы орайда сарапшыларды сөзге тартқан едік.  Расул Жұмалы, саясаттанушы:  width= – Әлемде көптеген мүше болуға лайықты халықаралық, аймақтық ұйымдар бар. Солардың аясында қажетті деп тапқан түрлі мәселелер шешіліп, үйлестіріліп отырады. Оларға мүшелік жарна төлемін іске асырып отыру – әлемдік тәжірибе. Мұнда тұрған ерсі дүние жоқ. Әсіресе, БҰҰ, Ислам конференциясы сияқты маңызды ұйымдар болса, меніңше, оған мүшелік ақшасын төлеп тұру орынды. Есесіне Қазақстан ондаған, жүздеген ұйымдарға мүше. Осы ұйымдардың қаншалықты пайдасы тиіп отыр, ұйымдағы мүшелігіміз қаншалықты ақталып отыр? Осы мәселені уақыт өткен сайын таразылап, сараптап отырған дұрыс. Егер қандай да бір ұйымның Қазақстанға, пайдасы жоқ болса, жалпылама әңгімемен шектелсе, ондай ұйымдарға мүше болуды ұзарту, мүшелік жарнасын төлеудің қажеті жоқ. Тиісінше, уақыт өткен сайын Парламент мұны қарастырып, талқылап, оңтайландырып отырғаны дұрыс. Тағы бір айта кететін жайт бар. Ол жарнаға байланысты емес. Керісінше, Қазақстанға қандай пайдасы бар деген мәселе. Соның ішінде Қазақстанға зиян келтіріп отырған халықаралық ұйымдар бар. Мәселе жарналық шығында емес. Ондай шығындарды жүз есе орап алатын, айналымы миллиардтаған доллармен өлшенетін ұйымдар бар. Меніңше, осы ұйымдарға мүшелікті тоқтатуды талқылау әлдеқайда маңызды. Мысалы, Кедендік одақ, Еуразиялық экономикалық одақты меңзеп отырмын. Бұл одақта Қазақстанның кедендік баж салығы, сауда-саттық бойынша ұтылып отырғаны талай рет ресми айтылды. Осы мәселелерді ойластырып алу керек. Келесі мәселе, еліміз  түрлі ұйымдарға қатысып отырып, өз ұлттық мүддесін қорғай алуы керек. Меніңше, бұл белсенді іске асып отырған жоқ. Көбіне сыртқы саясатта Қазақстан халықаралық ұйымдарда жаһандық, ірі халықаралық мәселелерді шешуге басымдық береді де, өзінің аймақтық, ұлттық мәселелерін екінші орынға қояды. Айталық, Сириядағы тараптарды бір-бірімен татуластыру, Армения мен Әзірбайжанды татуластыру, жаһандық жылу мәселесі. Бәлкім, бұл керек те шығар. Бірақ ұлттық мүдде бірінші орында тұруы керек. Америка, Ресей, Қытай болсын, жаңағыдай халықаралық ұйымдарда өз ұлттық мүддесін бірінші орынға қояды. Неге екені белгісіз, біз өз мәселемізді кейінге қоямыз. Мұның айқын дәлелі, қазір Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі. Бұл Қазақстанға берілген үлкен мәртебе, үлкен мүмкіндік. Аймақтың, Қазақстанның қауіпсіздігі, аймақтық экология мәселелері, Семей полигонының зардабы сияқты көптеген түйткілдер бар. Неге біз осы мүмкіндікті пайдаланып, осы мәселелерді көтермейміз? Жаһандық терроризм, экстремизм, қауіпсіздік мәселелеріне баса көңіл бөліп отыр. Осындай әттеген-айлар бар. Кез келген басқа тұрақты емес мүшелер өз аймағын, өз мемлекетінің мүддесін  бірінші көтереді. Кеш те болса, осындай кемшіліктерге басымдық беріп, назар аударса дұрыс болар еді.  Дос Көшім, саясаттанушы:  width= – Халықаралық ұйымдардың саясат, экономика, мәдениет, әдебиет бойынша нақты-нақты пайдасы бар. Мысалы, ЮНЕСКО-ның мәдениеті бойынша артықшылықтарын еліміз пайдаланыпа отыр. Бұл ұйым елімізді әлемдік деңгейге шығарды. Қысқасы, ұйымдардың берер пайдасы мен зияны туралы мүше болардың алдында талқыланады. Оған арнайы комиссия құрылады. Қазақстанға берері бар ма деген мәселе қаралады. Мұны мемлекет шешеді және көп тұстарында оған қоғам араласа алмайды. Сұрағың дұрыс, әрине. Жыл сайын жарна төлеп қойып, қарап отыра беруге болмас. Уақыт өткен сайын мемлекеттік комиссия оның берері мен аларын қарастырып, шешіп отыруы қажет.    

Серіктес жаңалықтары