662
Зейнеп Ахметова: Қай қазақ қызын билеп жүріп күйеуге берген?
Зейнеп Ахметова: Қай қазақ қызын билеп жүріп күйеуге берген?
Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі жазушы Зейнеп Ахметова Қыздар педагогикалық университетінің студент жастарымен болған кездесуде қазіргі заман тойларының қазақы салт-санаға жат әдеттерге толып кеткенін сынға алды, деп хабарлайды NUR.KZ.
Зейнеп Ахметова той-томалақта ұлттық дәстүрге қайшы әдеттерді қатаң сынады. Ол кездесудегі сөзінде өзі байқап жүрген ерсі әрекеттерге жеке-жеке тоқталды.
Тойда жаңа түскен келінді төрге отырғызу «Баяғыда келін төрге отыру үшін еңбек сіңіру керек болған. Оларға бала туғаннан кейін ғана ата-енесі үлкен үйдің төріне шығуға рұқсат берген екен. Ал қазір, қарап тұрсаңыздар, төрге апарып қақайтып отырғызып, қарияларды етекке жайғастырып қояды. Жас жұбайлар төрге шығып отырғанша барлығы қарап тұруы керек. Осының өзі біздің ұлттық дәстүрімізге қайшы. Қыз ұзатуда әкесімен вальс билеу Қазір қыздар ұзату тойында сыңсу емес, әкесімен қоштасу вальсін билейді екен. Астапыралла, қай қазақ қызын билеп жүріп күйеуге берген? Мұндай салт ешбір ата-бабамызда болған жоқ. Гүл лақтыру Кейінгі кезде қалыңдық ортада тұрып, артына гүлді лақтыратын әдет пайда болды. Сол тойда үлкен-кіші түгел жүреді, қыздардың әке-шешелері тұр. Байсырап бара жатқандай улап-шулап, соған таласып-тармасып, не көрінді сонша? Ұят нәрсе. Сол гүлді лақтырғанша, үкісін артындағы қыздарға үлестіріп бергені дұрыс. Енді ол келіншек болады, сәукеле киеді, бір жыл бойы соның желегін салады. Ата-енеге торт жегізу Тағы бір сорақы нәрсе - ата-енеге торт жегізу. Сол торт қай уақытта келеді? Ел әбден қызып, түйенің екі өркеші көзге төртеу боп көрінген кезде келеді. Оның алдында шам өшеді. Тойда шам өшіру деген ырымға қандай жаман. Қазақ шырағың сөнбесін дейді. Ал қуаныштың үстінде шам өшіру қазақтың дәстүрінде жоқ нәрсе. Содан кейін жігіт пен келінді ортаға шығарады. Ата-аналары қоса шығады. Шаңырақ көтеріп, жігіт болып жатқан азаматтың қолына әйелге ұқсатып, пышақ ұстатып, оған торт кескізеді. Келін әлгі тортты қасықпен енесінің, атасының аузына салады. Ол бүгін атасының аузына қасық тықса, ертең көзін шұқып алады ғой?! Кішкене әдептілік керек емес пе? Бұл - бізде жоқ салт. Қазақта осы дәстүрді жасауға болады, "келіншай" дейтін бұрыннан бар. Келін түскен соң, ауылдың үлкендері келіннің тәтті шайын ішеміз деп келеді. Сол жерде келін ең алғаш сыннан өтеді. Оның отырыс-тұрысы, оның шай ұсынуы, баптауы сынға түседі. Содан кейін аталар бата береді. Әжелер қолындағы сақинасын білезігін «Итаяғыңа сал» деп шешіп кесеге сап береді. Ол тұңғыш баласын қырқынан шығарған кезде күмістерді суға салып, түсір дегені. Сол тойдың үстінде келін шай жасауға болады. Үлкендер отырған үстелге сызылып қана бір-бір кесе шай құйып берсе болады ғой?», - дейді жазушы.