Ауылдарда кәсіпкерлік қарқын алмақ

Ауылдарда кәсіпкерлік қарқын алмақ

Ауылдарда кәсіпкерлік қарқын алмақ
ашық дереккөзі
303

Өткен аптада Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліс өтті. Мәжілісте ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту, мал шаруашылығын дамыту мәселелері сөз болды.

Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға баса назар аударып отырған Қызылорда облысы биыл алғаш рет ауыл кәсіпкерлерінің форумын ұйымдастырмақ. Бұл шешім аталмыш мәжілісте қабылданған болатын. Облыстағы белсенді кәсіпкерлердің 80 пайызы облыс орталығында болса, өзге 20 пайызы аудандарға тиесілі. Сондықтан, ауылдық жерлерде кәсіпкерлер санын көбейту қажет. 2014 жылы ауылдағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 53 миллиард теңге бөлініпті.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов өткен жылы бизнесті дамытуға бағытталған шараларға тоқталып өтті. «Өткен жылы өңірге мемлекеттік бағдарламалар аясында 17 миллиард теңге бөлініп, мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін өткен жылы 1 миллиард 445 миллион теңге қарастырылған. Аудандарда бұл бағыт бойынша жалпы құны 142 миллион теңгені құрайтын 10 жоба субсидияланды», – деді Серік Қожаниязов. Аймақтың әлеуетін арттыру үшін отандық өнімді экспортқа шығару мәселесі өте маңызды. Сол себепті, мәжілісте облыстың негізгі дақылы саналатын күрішті экспорттап, ет өнімдерін шетелге шығару жолдарын қарастыру мәселесі де сөз болды. Қызылорда облысында ауылшаруашылық өнімдерін әртараптандыру жүйелі жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде негізгі дақыл – күріштен рекордтық өнім алынды. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен өзге де дақылдарды егуге жағдай жасалуда. Сондай-ақ, оларға берілетін субсидия көлемі де артқан. Алдағы уақытта күріштен басқа да дақылдар еккен кәсіпкер мемлекеттің қолдауына ие болады. Бақша дақылын суармалы әдіспен еккен адамға тиесілі субсидиясы төленсе, тамшылатып суару әдісін қолданған еңбек адамына берілетін субсидия көлемі де артпақ.

Осы мәжілісте Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов аграрлық сектордағы мәселелерге тоқталды. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов ең әуелі агроөнеркәсіптік кешеннің аймақ экономикасында алатын орнының айрықша екендігін атап өтті. Агроөнеркәсіптік саланы дамыту үшін кәсіпкерлер палатасы «Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту – 2020» бағдарламасын әзірлеген. Бұл бағдарлама облыс әкімінің қаулысымен қабылданып та үлгерген болатын. Аталмыш бағдарламаның аясында 150 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Руслан Досмаханов аграрлық сектордағы басты 4 мәселені атап көрсетіп, оны шешу жолдарын да ұсынды. Кәсіпкерлер палатасы директорының ең бірінші атап өткен мәселесі – аймақта күріштен өзге салалық және инженерлік инфра­құрылымның дамымауы. Руслан Досма­хановтың айтуынша, мал бордақылау алаңына қатысты жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен жем-шөп базасын құрып, оны ветеринарлық қызметпен және мамандармен қамтамасыз ету басты мәселеге айналады. Қазір мұндай жұмыстардың барлығы кәсіпкерлердің өздерінің мойнында. Кәсіпкерлер палатасы директорының атаған екінші мәселесі – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шашыраңқы орналасуы және кәсіпорындардың ұсақ тауар өндіруі. Яғни, тауарларды дайындайтын және өңдейтін инфрақұрылымның болмауы өңдеу саласының дамуына кедергі келтіреді. Үшінші мәселе – жергілікті кәсіпкерлердің аграрлық салаға қатысты инновациялық технологияларды енгізуге байланысты тәжірибесінің аздығы. Мысалы, аймақтағы егістік алаңының тек 0,08 пайызында ғана тамшылатып суару әдісі қолданылатындығын атауға болады. Тағы бір маңызды мәселе – мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған бағдарламалардың аудандарда жүзеге асу барысы төмен. Яғни, шағын кәсіп иелері мұндай бағдарламаларды тиімді пайдалануды білмейді.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға кедергі болып тұрған өзекті мәселелерді атап өткен Руслан Досмаханов бұл тығырықтан шығудың жолдарын да ұсынды. Ең бірінші, салалық және инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін «Кәсіпкерлікті және туризмді дамытудың Жол картасы» бойынша ауылдық жерлерде өндірістік қуаттарды орналастыру картасын әзірлеу қажет. Бұл құжатты әзірлеуге Кәсіпкерлер палатасы облыстық кәсіпкерлік және туризм, индустриалды-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы басқармалары және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы, аудан әкімдіктері жұмыла атсалысуы тиіс. Ауылдық жерлерде өндірістік қуаттарды орналастыру картасы ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты маркетингтік зерттеу жүргізудің алғышарты болмақ. Екіншіден, Кәсіпкерлер палатасы қазір Қызылорда қаласында сауда-логистикалық орталық құру мәселесін талқылауда. Сауда-логистикалық орталық құру идеясы Қызылорда облысының барлық аудандарында егін және мал шаруашылығы бойынша кемінде екі дайындау бекеттерін ұйымдастыруды мақсат етеді. Мұндай орталық құру өңірде тауарларды әзірлейтін және өңдейтін инфрақұрылымның болмауына қатысты туындайтын мәселені шешуге көмектеседі. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласының тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында қала әкімшілігімен бірлесіп көтерме-бөлшек ауыл шаруашылығы базарын құру мәселесін шешу қажеттігі де сөз болды. Бұл түйткілді шешу үшін Кәсіпкерлер палатасы тарапынан облыстың барлық аудандарында жергілікті фермерлерге тауарларын сатуға және сақтауға жеңілдікпен орын беру арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізу тізбегін қалыптастыру керек деген ұсыныс айтылды. Осылайша тауар өндірушілердің тауарларының өтімділігі жоғарылап, тұрғындарды арзан өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Жергілікті кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау үшін олардың ауыл шаруашылығы саласында ірі экспорттаушы елдерге жұмыс сапарын ұйымдастыру Руслан Досмахановтың үшінші ұсынысы болды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін барынша қолдануына жағдай жасау мақсатында барлық аудандарда Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылғандығы да сөз болды. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы барысында ауылдарда онлайн-кеңес беру пункттерін құру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қазір онлайн-кеңес беру пункттері 4 ауданның 8 ауылында ашылды. Тағы бір атқарылып жатқан іс – кәсібін жаңа бастаған ауыл кәсіпкерлеріне әдістемелік құралдар, типтік үлгідегі бизнес-жоспарлар дайындалып, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы ауылдық жерлердегі жобаларды қолдау жұмыстары жүзеге асуда.

Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов ұсынған елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытуға қатысты ұсыныстардың барлығы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауына ие болды. Алдағы уақытта жоғарыда аталған ұсыныстар Кәсіпкерлер палатасы мен Қызылорда облыстық әкімдігінің бірлесіп әзірлеп жатқан Кәсіпкерлік пен туризмді дамыту Жол картасының жобасына енгізілетін болады.

Қазалыда қызғалдақ

Жайсаң көктем келісімен Қызылорда облысында ерекше акциялар ұйымдастырылып, қоршаған ортаны ретке келтіру, шаруашылыққа үлес қосу шаралары басталып кетті. Аймақты абаттандыруға облыс әкімдігі, әсіресе, өңір басшысы Қырымбек Көшербаев мырза жіті мән беретінін айта кету керек. Осындай игі шаралардың біразы Қызылорда облысының Қазалы ауданында да жүзеге асты.

Бір тал кессең, он тал ек

Қызылорда облысының Қазалы ауданында тазалық айлығының аясында ағаш отырғызу акциясы өтті. Ағаш отырғызу акциясының басты мақсаты – қоршаған ортаны көгалдандыру. Қазалы ауданы әкімінің бастамасымен жарияланған шараны аудан тұрғындары да қолдады.

Аумақты көгалдандыру жұмыстарына аудандағы білім ордаларының ұстаздары, балабақша қызметкерлері, студент жастар және темір жол саласының мамандары мен дербес бөлімнің қызметкерлері, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер және ардагерлер қатысты. Қазалыдағы ағаш отырғызу акциясына аудан әкімінің орынбасары С.Мақанов және Әйтеке би кентінің әкімі С.Аманов үлкен үлес қосқанын айта кеткеніміз жөн болар. Аумақтың таза болуы үшін аталмыш акцияға белсене араласқан қазалылықтар биыл аудан орталығына 2500 түп тал екті. «Бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөзге сүйеніп, көктемгі тал егу акциясына белсене араласқан азаматтардың арқасында аудан орталығындағы көше бойларына, «Жалаңтөс батыр» және «Жеңіс» саябағына әр түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.

Жайқалып өскен жылыжай гүлдері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бекітілген азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасын жүзеге асырудың бір тетігі – тұтыну нарығындағы көкөніс бағасын реттеу. Жыл бойы көкөніске қолжетімділікті қалыптастыру үшін жергілікті жерлерде жылыжайлар жандануы қажет. Осы ретте Қызылорда облысы да жылыжайлар жүйесін қалыптастырып, оның өркен жая түсуіне бет бұруда. Облыс аумағында 2012 жылы 3,5 гектар жерді құрайтын 52 жылыжай болған. Одан кейінгі жылы Сыр өңірінде 120-ға жуық жылыжай бой көтерді. Жылыжайларды жандандыру жұмыстары биыл да назардан тыс қалған жоқ. Сондай жылыжайлардың бірі Қазалы ауданында ашылды. Жаңадан ашылған жылыжай Қазалы көлік-техникалық колледжінің алаңында орналасқан. Жылыжайдың ашылуына колледж қызметкерлері атсалысыпты.

Қазір аталмыш жылыжайда 450 түп «Инфинити», «Барбина», «Директор» сынды қияр тұқымдары себілген. Сонымен қатар, жылыжайда Чехиядан жеткізілген гүлдердің де бірнеше түрі бар. Жылыжайда өскен гүлдер арқылы ауданды гүлмен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазір жылыжайда колледждегі биология пәні үйірмесінің студенттері тәжірибелік жұмыстарын жүргізіп жүр. Жылыжай орналасқан Қазалы көлік-техникалық колледжінің директоры Б.Ахметов: «300 шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжайды қызметкерлер колледж шеберханасы арқылы тапқан қаржыларына салып, жұмыс жасауда. Алдағы уақытта жергілікті халықты таза сапалы өнімдермен қамтамасыз ете отырып, кіріс қаржысын оқу ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсаймыз», – дейді.

100-ге жуық адам  жұмыспен қамтылмақ

Қазалы ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Өңірде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында өнім өңдеу, оны өндіру саласын дамытуға басымдық берілген. Қазір тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету бағытында кәсіп түрлері ашылып жатыр. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама аясында ағымдағы жылы 7 жоба қолға алынады. Олардың қатарында құс фермасын салу, қойма салу жобасы, қаңылтыр жабындыларын дайындау цехын іске қосу, шұжық өнімдерін шығару секілді жобалар бар. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының барысында «Сан-жар кз» ЖШС-нің «Оқу орталығын ашу» жобасы мақұлданды. Сонымен бірге, қазір «Сыр маржаны» ЖШС-нің «500 басқа арналған мал бордақылау кешені» жобасын қаржыландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерлік ісін жаңа бастаған субъектілерге мемлекеттік гранттар ұсыну үшін конкурс жарияланған. Сол конкурстың нәтижесінде «Сувенир бұйымдар жасау» жобасы жеңімпаз атанды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту ісі қолға алынды. Бұл бағдарлама бойынша Қазалы ауданында 61 жоба ұсынылды. Аудан бойынша өндіріс орындарын ашу барысында «Өндірістік аймақ» ұйымдастыру қолға алынуда. Қазір аталмыш жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал халыққа қызмет көрсету орындарын ашып, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қолға алынған «Сауда-логистикалық орталық ұйымдастыру» жобасы бойынша да біршама инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Үстіміздегі жылы жоғарыда аталған жобалар бойынша 100-ге жуық адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ.

Өрісі кеңейген өнеркәсіп

Сыр өңірінде өнеркәсіп саласын жандандыруға әуелден-ақ баса назар аударылған. Бұл туралы өңір басшысы Қырымбек Көшербаев та үнемі айтады. Қызылорда облысы бойынша өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион 132 миллиард теңгеге орындалған. Нақты көлем индексі 2013 жылмен салыстырғанда 96,9 пайызды құрады.

Өткен жылдың жазында ҚР Президенті жанындағы кен-металлургия саласы, қатты пайдалы қазбалар бойынша геология және жер қойнауын пайдалану туралы Кеңес отырысында Қызылорда облысында кен-металлургия кешенін дамыту туралы Жол картасы мақұлданған болатын. Осы орайда облыс әкімінің бастамасымен келешекте мұнай өндіру көлемін ұлғайту мақсатында біршама нақты жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде Қызылорда облысының әкімдігі «2015-2019 жылдарға арналған ҚР геологиялық барлау жұмыстары бағдарламасында» тереңдігі 7 мың метр 1-параметрлі ұңғыны бұрғылау жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы қарастыру туралы Үкіметке ұсыныс жолдаған. Үкімет тарапынан бұл ұсыныс «Өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау шараларының 2015 жылға арналған іс-шаралар жоспарына» енгізілді. Өнеркәсіп саласының 90,5 пайызын кен өндіру өнеркәсібі және каръерлерді қазу саласы құраса (негізінен мұнай өндіру саласы), өңдеу өнеркәсібінің үлесі 6,5 пайыз, электрмен жабдықтау 2,4 пайыз, сумен жабдықтау 0,6 пайызды құрайды. Облыс әкімдігі тарапынан 2014 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласын, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштерін арттыруға бағытталған қосымша іс-шаралар қабылданып, өсудің оң нәтижелеріне қол жеткізу үшін атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі саласында 107 пайыздық межеден асты. Қазір Қызылорда облысы республика бойынша төртінші орында тұр. Атап айтқанда, өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібі саласында өткен жылы 73,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 107,9 пайызды құрап, өнім көлемі 7,9 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібі бойынша Қармақшы ауданында 2,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 42,9 пайыз­ды ғана құраған. Ал өзге аудандарда бұл көрсеткіш 100 пайыздық межені толық қанағаттандырған. Атап айтар болсақ, Қызылорда қаласында нақты индекс көрсеткіші 111,1 пайыз, Жаңақорған ауданында 128,1 пайыз, Сырдария ауданында 120,6 пайыз, Шиелі ауданында 113,4 пайыз, Жалағаш ауданында 105,7 пайыз, Қазалы ауданында 105,3 пайыз, Арал ауданында 102,6 пайызды көрсеткен.

Облыс бойынша тамақ өнімдерінің өндірісінде былтырғы жылы 24, 6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Нақты көлем индексі 2013 жылмен салыстырғанда 108,4 пайызды құрап, 8,4 пайызға артқан. Оның ішінде 146 762 тонна күріш өңделіп, нақты көлем индексі 109,3 пайызды құрады. Осылайша өнім көлемі 9,3 пайызға ұлғайған. Ал жеңіл өнеркәсіп өндірісінде 382,5 миллион теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 107,3 пайызды құрапты. Әсіресе, тоқыма бұйымдарын өндіру 78,2 пайызға, ал киім өндіру 112,1 пайызға орындалған.

Қызылорда облысы өнеркәсібінің 90 пайызға жуығын кен өндіру секторы – мұнай мен уран құрайды. Өңірдегі мұнай-газ компаниялары жүйе құраушы кәсіпорын болып табылады. Өткен жылдың деректеріне сүйенсек, облыстағы 12 мұнай және 29 мұнай сервистік кәсіпорнында 13,4 мың адам жұмыс істейді. Мұнай өңдеу өнімдерін өндіруде 11,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,2 пайызды құрады. 3,6 миллиард теңгенің өнімі химиялық өнеркәсіп өнімдері саласында өндірілген. Бұл саладағы нақты көлем индексі 175 пайызға тең. Ал өнім өндіру көлемі 75 пайызға артқан. Бұл салада оң нәтижеге қол жеткізуге өңірлік индустриялық карта аясында іске қосылған жобалар септігін тигізді. Атап айтсақ, Жаңақорған ауданындағы «СКЗ-U» ЖШС-нің күкірт қышқылы зауыты 2013 жылмен салыстырғанда өнім көлемін өткен жылы 43,7 пайызға артық орындаған. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы «Хуа Ю Интернационал в Кызылорде» ЖШС-нің «Химиялық реагенттер өндірісі көлемін ұлғайту» жобасының жыл басында іске қосылуы оң ықпалын тигізді. Қызылорда облысында металл және металл бұйымдары импорты соңғы жылдар ішінде 500 миллион АҚШ долларын құраған. Сыр өңірі мыс, қорғасын, мырыш, алтын сынды бағалы металдардан да кенде емес. Мұнда темір, титан, ванадий өндіріледі. Облыстағы резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде 3,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл сала бойынша Шиелі ауданында 2,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 139,8 пайызға жетіп, өндірілген өнім көлемі 39,8 пайызға артқан. Мұндай жетістік «Кемикал» компаниясының арқасында жүзеге асқан. Металлургия өнеркәсібінің негізгі бағалы және түсті металдарды өндіру саласы бойынша 10,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл сала бойынша нақты көлем индексі 148,4 пайызды құрап, өнім көлемі 48,4 пайызға артқан. Айта кетейік, Қызылорда облысындағы «Байкен-У» ЖШС-де уранды өңдеуден ерекше өнім алынуда. Машина жасау, жөндеу және орнату саласында есепті кезеңде 8,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 2013 жылмен салыстырғанда 102 пайыз болып, өнім көлемі 2 пайызға артыпты. Машина жасау саласының дамуына темір жол саласындағы «Қазалы вагон жөндеу депосы» ЖШС, «Қазалы локомотив жөндеу депосы» ЖШС кәсіпорындарының қызмет көрсету көлемінің өсуі үлкен септігін тигізуде. Құрылыс заттарын өндіру саласы бойынша 9,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Аталмыш сала бойынша нақты көлем индексі 73 пайызға тең. Құрылыс заттарын өндіру саласына кірпіш, тауарлы бетон, темір-бетоннан жасалған құрылыстық мақсаттағы бұйымдар жатады. Бұл саланың дамуына үлес қосып отырған өткен жылы іске қосылған «РМЗ «Шапағат» ЖШС. «РМЗ «Шапағат» ЖШС-інде жылдық қуаттылығы 35 мың шаршы метрді құрайтын үй құрылыс комбинатының іске берілетіндігі жоспарлануда. Сондай-ақ, 2014 жылы жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайтын 12 жобаның іске қосылуы өнеркәсіп көрсеткіштерінің жоғарылауына өз ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде өңірде 746 жұмыс орны ашылды. 2010-2014 жылдары өңірлік индустрияландыру картасының аясында іске қосылған жобалар өңірдің өңдеу өнеркәсібінің дамуына оң ықпалын тигізіп, нәтижесінде мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2013 жылы аталған картадағы жобалар аясында 8,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібі өнімінің 11,9 пайызын құраса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 14,7 пайызды құрап, 10,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өз кезегінде өңіріміздің өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіптегі үлесі 2012 жылы 4,5 пайыздан 2014 жылы 6,5 пайызға көтерілуіне ықпал етіп отыр.

Өңірдегі өнеркәсіп өндірістеріндегі кәсіпорындардың тауарды сатып алудағы қазақстандық үлесінің өсуінде бірқатар кедергілер кездесуде. Атап айтар болсақ, республика экономикасындағы қосымша салалардың жеткіліксіз даму деңгейі кейбір шикізатты Ресей, Беларусь сынды көрші елдерден алуға мәжбүрлейді.

Қызылорда облысының минералды шикізат базасын дамыту мақсатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев семинар-мәжіліс өткізген болатын. Мәжілістің қорытындысы бойынша Қызылорда облысының әкімдігі мен Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің, «Ұлттық геологиялық барлау компаниясы» АҚ-ның арасында өзара іс-әрекет және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Облыстың өнеркәсібін жандандыру мақсатында аймақта металлургиялық кешен құру жоспарланып, аталмыш бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды. Жоғарыда аталған Жол картасының аясында ванадий кен орнын дамытуға бірден-бір ықпал ететін Қызылорда қаласында ферроқорытпа зауытын салу жоспарланып, инвестициялық әріптестері анықталды. Зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі даярланды. Ал «Шалқия» кен орнының жұмысын жандандыру мақсатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның 100 пайыз акциясын иелігінен шығарып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының пайдасына беруге шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында табақша әйнек шығару зауыты құрылысын бастау бойын­ша жұмыстар жүргізілген. Облыстың өндірістік индустриясын дамыту үшін жұмыс жасап тұрған өндірістерді кеңейту жұмыстары да жүргізілуде.

Өткен жылы жалпы құны 500 миллион теңгені құрайтын «Химиялық реагенттер өндірісінің көлемін ұлғайту» жобасын іске қосты. Компания өндіретін химиялық реагенттер мұнай құбырларындағы қақты алып түсуде тиімділігі өте жоғары. Аталған химиялық реагенттерді пайдаланғанда құбырларға коррозиялық әсер болмайды.

Серіктес жаңалықтары