Әзімжан Ибраимов: «Қырғыз туы» газеті – халық пен билік арасындағы көпір

Әзімжан Ибраимов: «Қырғыз туы» газеті – халық пен билік арасындағы көпір

Әзімжан Ибраимов: «Қырғыз туы» газеті – халық пен билік арасындағы көпір
ашық дереккөзі
769

Соңғы кездері «Түркістан» газеті Қырғызстандағы қазақтардың зор қызығушылығын тудырып отыр. Таяуда халықаралық саяси апталық аталған елдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен сөйлесуге арнайы тілшілерін жіберген еді. Сол сапар барысында газет тілшісі қырғыздың 90 жылдық тарихы бар «Кыргыз туусу» газетінің журналистерімен жүздесіп, әңгімелескен болатын.  

Тілшіміздің «Кыргыз туусу» республикалық газеті бас редакторының бірінші орынбасары Әзімжан Ибраимов өткізген сұхбатын оқырмандар назарына ұсынамыз.  

− Әзімжан Жаманақұлы, «Қырғыз туы» газетіне 91 жыл толыпты. Ғасырмен құрдас басылымның шығу тарихына тоқталған жөн шығар... 

− «Қырғыз туы» газеті 1924 жылдың 7 қарашасынан бастап шығады. Ол кезде қырғыздар мен қазақтар өз алдына мемлекет құруға ұмтылып, автономиялы республика болып жатқан еді. ХХ ғасырдың басында қазақ-қырғыз зиялылары түркі жұртын біріктіруді мақсат етті. Сол негізде Түркістан Рес­публикасы құрылды. Әрбір түркі халқы өзінің ұлттық идеологиясын іздей бастаған. Алайда тарихи-саяси себептердің салдарынан бәріміз Ресейге бағынышты болып қалдық. Оған дейін Алаш Орда үкіметінің қайраткерлері, қазақ зиялылары алғашқы қазақтың ұлттық баспасөзі − «Қазақ», «Айқап» бастаған газет-журналдарды шығарып, халықты оятып, ағарту ісін бастады ғой. Бұл − қазақ журналистикасының бастау алар кезеңі. Міне, кейбір қырғыз зиялылары да сол басылымдарға мақала жазып тұрған. Қырғыз журналистикасы да сол кезеңнен бастап, қалыптаса бастайды. Міне, осылайша 1924 жылы шыққан «Қырғыз туы» газеті аман-есен 90 жылды артқа тастады. Бүгінде үкіметтік басылым саналады. Қырғыз билігіне Алмазбек Атамбаев келгелі бері ұлттық стратегияны халыққа насихаттауды міндетімізге алдық. Биыл Қырғызстанда «Ұлттық экономиканы көтеру жылы» болып айқындалды. Қазіргі негізгі бағытымыз, тақырыбымыз экономика мәселесі. Біздің басты айырмамыз, шаруалық есептегі газетпіз. Үкіметтен моральдық қолдау бар материалдық қолдау жоқтың қасы. Біз жарнаманың, PR материалдардың есебінен күн көріп отырмыз. Қысқасы, өз күнімізді өзіміз көрудеміз. Апталық таралымымыз − жеті мың дана. Газетті оқырман тек жазылып оқиды. Көбіне мемлекеттік орган қызметкерлері, айыл үкіметтері, мұғалімдер, интеллигенция оқиды. Әрине, тиражы жүз мыңнан асатын басылымдар бар. Ол көбіне жеңіл-желпі тақырыптарды жазады. «Қырғыз туы» газеті саясат, экономика, шаруа, мәдениет, дін мен денсаулық саласын әрдайым назарда ұстайды. Қысқасы, қырғыз ұлтында қандай мәселе бар, соның бәрін жазамыз. Ұлт газеті десеңіз де болады.

− Көршілес мемлекет, туысқан халық ретінде қырғыз бен қазақтың ортақ түйткілі не деп ойлайсыз? 

− Бірінші, діни жағдай деп ойлаймын. Біздің елде өткен жылы діни концепция қабылданды. Қазір сол тақырыпты оқырманға жіліктеп жеткізіп беріп жатырмыз. Ислам дінінен бас тартып, басқа діни секталардың жетегінде кеткен қырғыз жастары бар. Бұл біздің діни сауатсыздығымыздан деп білемін. Соңғы айларда Сирияға, Иракқа кеткендер де көп болып отыр. Қырғызстанда 300-ге жуық азамат Сирияға кетіпті. Олардың жүзге жуығы − ауылдан шыққан әйелдер. Бұл − біздің, Орталық Азияның басты түйткілі. Екінші, күн сайын өзгеріске түсіп жатқан жаһандық саяси жағдай да екі мемлекетті алаңдатады деп ойлаймын. Қырғыз бен қазақ өз территория­сында өзге ұлттармен ортақтасып, ынтымақтасып өмір сүруде. Ал осыны көре алмайтындар кез келген уақытта табылады. Солтүстіктегі тұрғындардың басым бөлігі орыс­тар болғандықтан, ел Президенті Н.Назарбаев Астананы Сарыарқаға көшіріп, оң шешім қабылдады. Қазақстан шекарасын да бекемдеп қойғаны − ұлттық қауіпсіздіктің кепілі. Бүгінде кез келген елден сепаратис­тер мен экстремистер шығып жатыр ғой. Әрине, көбісі саяси ойын екені белгілі. Қазір «Ислам мемлекеті» ультра-радикальды террористерінің іс-әрекеті әлемді алаңдатуда. Бұл орталық Азияға, күллі мұсылман әлеміне де қорқыныш ұялатуда. Сондықтан біз өзіміздің Ислам дінімізді ұстана отырып, мұсылман атын жамылған теріс пиғылдылардан сақтануымыз керек. Қазақтар мен қырғыздардың діни наным-сенімдері ұқсас. Біз − ұлттық салт-дәстүріміз бен ислам өркениетіне көшпенді мәдениеттің ерекшеліктерін енгізген халықпыз. Бүгінде ұлттық мәдениетке ислам шариғаттарын қарсы қойып жатқандар шығып жүр. Мысалы, қырғыздың дәстүрлері ислам мәдениетінен бұрын қалыптасып, ұлттық ұстаным дәрежесіне жеткен. Ислам кейін келе ұлттық дінімізге айналды. Әрине, Алла біз үшін − биік, біз үшін − Ұлы. Ислам − бабаларымыз ұлттық менталитетке жаққан соң, ыңғайлы болған соң қабыл алған дін. Бірақ жаңағыдай тенденцияларға, радикалдыққа жол бермеуіміз керек. Біз осы бағытта ұлттық сананы бекемдеу, ұлттық идеологияны шыңдау тұрғысынан қызмет атқарып келеміз. Қырғыз мемлекетінің болашағын бекемдеу − біздің басты міндетіміз. Осы мақсатта Қазақстан Президенті мен Қырғыздың Елбасшысы үлкен қызметтер жасап жүргені белгілі. Біз газетімізде Қазақ үкіметі қырғыз еліне қандай жәрдем беріп жатыр, елдің даму бағыты жайлы үнемі жазып отырамыз. Біздің елде электр энергиясының дағдарысы болды. Қазақстан өзіндегі қиындықтарға қарамастан бізге жәрдемдесіп отыр. Бұл бауырлас, көршілес елдердің татулығынан деп ойлаймын. Қырғыз халқы қазақтарға зор алғыс айтады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жұмыс жасайды, ал Қырғызстан мамыр айында қосылуға дайындалуда. Бұл алдағы уақытта ұлттық бауырластықпен қатар, экономикалық қарым-қатынастарымыздың нығая түсетіндігін байқатады.

Біз − ұлттық тұрғыдан, діни сенім жағынан бауырлас және іргелес көрші мемлекетпіз әрі геосаяси тұрғыдан да тілеулес елміз.

– Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы байланысты қалай бағалайсыз? 

− Қазақстанда ел экономикасы жақсы дамып келеді, ішкі өндіріс артып отыр. Бұл жағынан Қырғызстан үкіметі де үлкен жобаларды қолға алып, жақсы жұмыс бастауда. Біздегі басты проблемалардың бірі − электр энергия­сы. Осы бағытта Датқа, Жоғарғы Нарын, Қамбар Ата-1, Қамбар Ата-2 электр станцияларының жобалары іске асырыла бастады. Түстікте газ мәселесін шешуге арналған жобалар жасалуда. Бұйыртса, біздің де экономикамыз жоғарғы деңгейге көтеріледі деп сенеміз. Әлбетте, қазіргі басты мәселе − әлемді шарпыған дағдарыстан аман-есен шығу. Екі ел Президенттері бірлесе жұмыс істегенде ғана дағдарыстан шыға алатынымызды айтып жүр. Біз бірігіп қана, тұрақтылықты сақтап қала аламыз. Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанда қытай қаптап кетті деген проблемалар көтерілген еді. Ендігі кезек бізге келді... Әрине, Қазақстан мен Қырғызстан үшін Бейжіңмен экономикалық байланысты жақсарту қажет болса, қытайлар қырғыз бен қазақ елі арқылы Еуропа нарығына өтуді мақсат етеді. Сол үшін қазақ-қырғыз мемлекеттері жаһандық қауіп-қатерден бірге қорғануы керек. Мен қазақстандық сайттардан бір мақала оқыдым. Қазақстан халқына «ертеңгі күні іргелес мемлекеттермен одақтасу қажет болып жатса, кімдерді таңдаған дұрыс?» деген сауал қойыпты. Сонда халықтың елу пайызы бауырлас қырғыздармен қаламыз депті. Өйткені біз − ұлттық мәдени жақтан бір елміз. Дініміз бір, тіліміз бір. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар Еуропаны қалайды. Қазақстанда көптеген жас миллионерлер шықты. Қазақ жастарынан әртүрлі саланы меңгерген мамандар көп. Осыған қарап жүрегім сүйсінеді.

Қырғызстан мен Қазақстанның соңғы кездері мәмілелері жақсарып келеді. Бұрын нашарлап кеткен еді. Өйткені біз экономикалық жақтан өзгелерге тәуелді болып қалдық. Біздің мигранттар қазақ еліне барып жұмыс жасады. Сол арада кейбір жергілікті заңдар тура келмей, түрлі қиындықтар орын алды. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көп келісімдер атқарылмай қалып жатты. Мысалға, шекаралық өзендер мәселесі туындады. Салдарынан екі елдің қарым-қатынасы солғындап кетті. Енді екі елдің қарым-қатынасы қайтадан жандана бастады. Біз – қазақ-қырғыз журналистері осы бағытты қолдап, халыққа жеткізуіміз керек. Біз «Қырғыз туы» газетінде Қазақстанның даму бағытын, Президент Назарбаевтың саясатын қолдап үнемі жазып отырамыз. Газетіміздің тілшісі, қазақ азаматы Назарбек Байжігітов Елбасы Назарбаев туралы не жазса да мақұлдап, бірден басып жатамыз (күлді). Қазақ-қырғыз бір туған ғой. Біз өз тарапымыздан қазақ елінің игіліктерге жете беруіне тілектеспіз.

− «Қырғыз туы» газетінің өзге басылымдардан өзгешелігі қайсы

– «Қырғыз туы» – халық пен билік арасындағы көпір. Қазақтардікіндей алтын көпір емес енді (күлді). Бізде оқырман қандай да бір мәселе жайлы хат жазса, үкіметке, министрге, депутаттарға қояр сауалы болса, біз оны жоғары жаққа жолдаймыз. Олар біздің газет арқылы ресми түрде жауап береді. Осыған дейін талай сауал жолдадық. Жоғарғы бас прокуратура, президент аппараты, жоғарғы сот, барлық деңгейдегі мекемелер мен шенділер міндетті түрде уақытында жауап береді. Жауап жазбай қойғаны жоқ. Жазбайтын болса, ол жауапкершілігі жоқ азамат немесе мекеме болып халық алдында сынға қалады. Бұндай биік мәртебе Қырғызстандағы біздің басылымға ғана берілген. Өйткені 91 жасқа келген басылым халыққа да, билікке де сыйлы.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жәнібек ҒАЛЫМ, Алматы – Бішкек – Алматы

Серіктес жаңалықтары