Қостанайда су ресурстарын рұқсатсыз пайдаланғандарға 5,2 млн теңге айыппұл салынды

/
Қостанайда су ресурстарын рұқсатсыз пайдаланғандарға 5,2 млн теңге айыппұл салынды
istockphoto.com

Қостанай облысында прокурорлық талдау нәтижесінде су ресурстарын тиісті рұқсатсыз пайдаланғаны үшін 19 субъект әкімшілік жауаптылыққа тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Су ресурстары тапшылығының артуы жағдайында оларды ұтымды пайдалану және сақтау мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отыр.

Қостанай облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы су пайдалану саласындағы заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді.

Нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің арнайы су пайдалануға қажет міндетті рұқсатсыз су ресурстарын пайдалану фактілері анықталды.

Атап айтқанда, кәсіпорындардың бірі бірнеше жыл бойы тұрақты суаруды қажет ететін картоп, бақша және көкөніс дақылдарын өсірумен айналысқан.

Тек 2025 жылдың өзінде картоп егілген алқаптың көлемі 70 гектарды құраған. Алайда кәсіпорын бассейндік су инспекциясының тиісті рұқсатынсыз су пайдалануды жүзеге асырған.

Осындай заң бұзушылықтар өңірдің басқа да ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінен анықталды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 141-бабы бойынша 19 субъект әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 млн теңгені құрады.

Су ресурстарын бақылаусыз пайдалану олардың қорына қосымша салмақ түсіріп, су пайдаланудың белгіленген тәртібін бұзады және заң талаптарын сақтайтын су пайдаланушылардың мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен халық мүдделерін қорғаудың маңызды шарты.

Су заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары жалғасуда әрі облыс прокуратурасының бақылауында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары