Қазақстанда өрттен көз жұматындар саны азайған

/
Қазақстанда өрттен көз жұматындар саны азайған
istockphoto

Қазақстанда өрт салдарынан болатын өлім-жітім кейінгі жылдары азайып келеді. 2025 жылы әр 100 мың адамға шаққанда өрттен 1,5 адам көз жұмған, деп хабарлады turkystan.kz Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша 2022 жылы Қазақстанда өрттен болатын өлім-жітім 100 мың адамға шаққанда 1,56 жағдай болған. Бұл ТМД елдеріндегі орташа көрсеткіштен (1,8) төмен. Салыстыру үшін, Ресейде бұл көрсеткіш 1,91, Беларусьте 5,09 болған.

"Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2025/2026 жылғы жылыту маусымында тұрғын үйлерде 3,3 мың өрт тіркелген. Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда 16%-ға аз", - деп жазды портал.

Жаңа жылыту маусымы басталғалы бері де оң динамика байқалады: өрт саны 12,2%-ға, жарақат алғандар саны 19%-ға, қаза тапқандар саны 8,7%-ға төмендеген.

Тұрғын үйлердегі өрттің негізгі себептерінің бірі – электр жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзу. Мұндай жағдайлар өрттің 39,2%-ын құрайды. Ал 29,6%-ы пешті орнату және пайдалану талаптарын сақтамаудан болады.

Қысқы маусымға дайындық аясында жеке сектордағы 258 мыңнан астам тұрғынға өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жататын отбасылардың 93 мың үйі есепке алынды. Оның 79%-ына өрт туралы хабар беретін датчиктер орнатылған.

Алдағы уақытта қалған үйлерге де датчиктер орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, билік жаңа жеке тұрғын үйлерді түтін хабарлағыштарымен жабдықтауды міндеттеуді ұсынып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары