Маңғыстауда Ана мен бала перинаталдық орталығында екі күн ішінде үш жұп егіз дүниеге келді, деп хабарлайды өңірлік денсаулық сақтау басқармасы.
Ведомствоның мәліметінше, алғашқы егіздер 2026 жылғы 13 қарашада сағат 14:00 және 14:09-да өмірге келген. Ұл баланың салмағы 2740 грамм, бойы 51 см болса, қыз баланың салмағы – 2830 грамм, бойы – 52 см.
Сол күні кешкі сағат 17:16 және 17:33-те тағы бір жұп егіз туған. Ұл балалардың салмағы 2430 және 2290 грамм, бойлары – 46 см.
Ал 14 қарашада сағат 11:58-де салмағы 3080 грамм, бойы 51 см ұл бала, сағат 12:15-те салмағы 2960 грамм, бойы 52 см қыз бала дүниеге келген.
Осылайша, екі күнде перинаталдық орталықта алты сәби өмірге келіп, үш отбасы егіздердің ата-анасы атанған.
Егіздердің бір жұбын ата-анасы Әнуар және Ақнұр деп атаған.
Айта кетейік, бұған дейін Таразда бір күнде төрт ана егіз босанған еді.