Ақмола облысында колонияның бұрынғы 12 қызметкеріне үкім шықты

/
Ақмола облысында колонияның бұрынғы 12 қызметкеріне үкім шықты
istockphoto

Ақмола облысында сотталғандарды азаптағаны үшін колонияның бұрынғы 12 қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы хабарлады.

Іс 44 сотталушы азапталғаны жайлы видео жарияланғаннан кейін қозғалған. Сотталғандарға бірнеше күн бойы "жоспарлы профилактикалық іс-шара" аясында жәбір көрсетілген. Бастапқыда зардап шеккендердің барлығы жәбірленуші ретінде танылған. Кейін олардың саны 41 адамға дейін қысқарған.

"13 қарашада Атбасар аудандық сотында ЕЦ 166/4 колониясының бұрынғы 12 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Олар 2023 жылдың тамызында мекемеге жаңадан жеткізілген сотталғандарды азаптаған", - деп жазылған хабарламада.

Бұл іс бұған дейін алқабилер қатысқан сотта екі рет қаралған. Екі жағдайда да алқабилер айыпталушыларды кінәсіз деп таныған. Алайда қадағалау органы екі рет те наразылық білдірген. Осылайша, іс үшінші рет қаралды. Бұл жолы айыптау бабы "Азаптау" бабынан "Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бабына өзгертілді. Нәтижесінде 12 бұрынғы қызметкердің барлығы екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Олардың тоғызына рақымшылық жасауға байланысты жаза мерзімі бір жылға дейін қысқартылып, кепілмен босатылған. Сот шешімімен үш жәбірленушіге моральдық зиян үшін 1,5 миллион теңгеден өтемақы төленеді. Тағы 17 адамға 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін өтемақы тағайындалған. Жәбірленушілердің арасында бұрынғы саяси тұтқын Тимур Данебаев та бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары