Шикізаттық емес сектор экономиканың дамуына тың серпін беріп отыр – экономист

Шикізаттық емес сектор экономиканың дамуына тың серпін беріп отыр – экономист
Фото: Depositphotos

Ұлттық статистика бюросының бүгін жариялаған алдын ала деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 4,5%-ға өсті. Бұл тоғыз айдағы көрсеткіштен 0,3 пайыздық тармаққа жоғары. Осы өсімнің негізгі қозғаушы күштері мен экономиканың салалық құрылымындағы өзгерістерге қатысты белгілі экономист Бекнұр Сейітжанұлы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Меніңше, қазіргі экономикалық өсімді бағалауда жалпы ішкі өнімнің 4,5 пайызға артқаны ғана емес, осы өсімге негіз болған салалардың дамуы да маңызды. Бүгінде экономикалық өсімге негізгі үлес қосып отырған салалардың бірі – шикізаттық емес сектор. Оның өсімі 5,6 пайызды құрап, ел экономикасының жалпы өсу қарқынынан асып түсті. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім қарқынының жеделдеуі маңызды. Атап айтқанда, тоғыз айдың қорытындысы бойынша 8,6 пайызды құраған өсім он айдың қорытындысында 9,3 пайызға жетті», – дейді маман.

Бекнұр Сейітжанұлы экономиканың өсіміне ықпал етіп отырған бірнеше негізгі саланы атап өтті.

«Біріншісі – өңдеу өнеркәсібі. Бұл салада машина жасау, химия және фармацевтика өнеркәсібі, дайын металл бұйымдары мен тамақ өнімдерін өндіру бағыттарында айтарлықтай өсім байқалады. Бұл еліміздің өндірістік әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан шикізат экспорттаумен ғана шектелмей, оны өңдеп, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға басымдық беріп отыр.

Екіншісі – құрылыс саласы. Бұл бағыттағы 13,1 пайыздық өсім инвестициялық белсенділіктің артуымен, инфрақұрылымдық және тұрғын үй құрылысы жобаларының кеңеюімен байланысты. Құрылыс саласындағы өсім өзге де бағыттарға оң ықпал етеді. Атап айтқанда, құрылыс материалдарын өндіру, металлургия, көлік салалары дамып, жаңа жұмыс орындары ашылады және қызмет көрсету аясы кеңейеді.

Үшіншісі – көлік және логистика саласы. Бұл бағыттың 7,5 пайызға өсуі экономикалық белсенділіктің артуын және Қазақстанның транзиттік әлеуетінің маңызын айқындайды. Еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы тиімді географиялық орналасуы – маңызды артықшылықтардың бірі. Осы мүмкіндікті толық пайдалану үшін халықаралық көлік дәліздерін дамыту, теміржол желілерін жаңғырту, логистикалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымын кеңейту қажет. Бұл бағыттар ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Төртіншісі – ішкі нарық. Сауда көлемінің 6,2 пайызға, ауыл шаруашылығы өндірісінің 5,2 пайызға өсуі ел ішіндегі экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Демек, экономикалық өсімге экспортпен қатар, ішкі сұраныс, отандық өндіріс және тұтыну да ықпал етіп отыр.

Экономикалық өсімге әсер ететін тағы бір маңызды фактор – инвестиция. Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 7 пайызға өскен. Ал бюджет қаражатын есептемегенде, шикізаттық емес секторға бағытталған инвестициялар көлемі 25 пайызға артқан. Бұл – еліміздің алдағы кезеңдегі өндірістік әлеуетін нығайтуға негіз болатын маңызды көрсеткіш.

Жалпы алғанда, қазіргі экономикалық ахуалдан бірнеше өзара байланысты үрдісті байқауға болады. Олар – өнеркәсіп өндірісінің ұлғаюы, инфрақұрылымның дамуы, инвестиция көлемінің артуы және ішкі нарықтағы белсенділіктің күшеюі», – дейді маман.

Сарапшының айтуынша, еліміз экономикасы әртараптандырылған жаңа бағытқа бет алып келеді.

«Бұдан бөлек, «Халықтық құрылыс» жобасының экономикалық мүмкіндіктеріне де назар аударған жөн. Жобаның маңызы тек жаңа нысандар салумен шектелмеуі керек. Ол отандық құрылыс индустриясын дамытуға, шағын және орта бизнестің әлеуетін пайдалануға, білікті мамандар даярлауға және құрылыс материалдарын ел ішінде өндіру көлемін арттыруға ықпал ете алады. Осылайша, жобаның игілігі құрылыс саласымен ғана шектелмей, экономиканың басқа да бағыттарына әсер етуі мүмкін.

Жалпы, Қазақстан экономикасы табиғи ресурстарды өндіру мен экспорттауға басымдық беретін үлгіден өндіріс салалары дамыған, экономикасы әртараптандырылған жаңа бағытқа бет алып келеді. Алайда бұл өзгеріс әлі де жүйелі жұмысты қажет етеді. Алдағы уақытта үш негізгі міндетке басымдық берілуі тиіс. Біріншіден, отандық кәсіпорындар қосылған құны жоғары өнім өндіруді арттыруы қажет. Екіншіден, жеке сектор инвестиция тарту мен жаңа технологияларды енгізуде белсенді рөл атқаруы керек. Үшіншіден, экономикалық өсім халықтың тұрмыс сапасы мен нақты табысының жақсаруына тікелей ықпал етуі тиіс.

Сондықтан жалпы ішкі өнімнің 4,5 пайызға өсуін маңызды көрсеткіш ретінде бағалауға болады. Дегенмен, басты назар өсімнің сандық көрсеткішіне ғана емес, оның сапасына да аударылуы қажет. Өйткені Қазақстан үшін негізгі міндет – қысқа мерзімді өсімге қол жеткізу емес, әлемдік нарықтағы ахуалға және мұнай бағасының өзгеруіне тәуелділігі төмен, бәсекеге қабілетті әрі тұрақты экономика қалыптастыру», – дейді маман.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары