Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – полиция мен қоғамның ортақ міндеті. Тұрғындардың құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді қатысуы, құқық қорғау органдарына қолдау көрсетуі және азаматтық жауапкершілігі өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атап айтқанда, Павлодар облысында жыл басынан бергі 10 айда полицияның қоғамдық көмекшілерінің жәрдемімен 4 қылмыс ашылып, 185 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді.
– Бүгінде өңір аумағында 700 адамды біріктіретін 281 қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 428 волонтер мен Ақсақалдар кеңесінің 35 өкілі белсенді қатысуда. Көрсеткен белсенділігі мен полицияға жәрдемдескені үшін оларға алғыс білдірілді, – деп атап өтті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мақсат Сарин.
Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жұмысқа шекара қызметінің өкілдері де тартылған. Олар шекара маңындағы елді мекендерде профилактикалық іс-шараларға қатысады.
– Қоғам өкілдерімен жүргізілетін жұмыс патрульдеу және практикалық көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Тұрақты түрде еңбек ұжымдары мен білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған кездесулер, дөңгелек үстелдер, дәрістер, тренингтер мен брифингтер ұйымдастырылады, – деп толықтырды спикер.
Мұндай жұмыстың басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
Полиция мен қоғамның бірлескен күш-жігері өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтып, тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.