Алматыда полицей қызметкеріне орынсыз әзіл айтқан әйел айыппұл арқалады

/
Алматыда полицей қызметкеріне орынсыз әзіл айтқан әйел айыппұл арқалады
Фото: pixabay.com

Алматыда полиция қызметкерінің формасына қатысты әзіл айтқан 47 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 130 мың теңгеге жуық айыппұл салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 31 қазан күні кешкі уақытта Алматыдағы Арбат жаяу жүргіншілер көшесінде болған.

Сол күні учаскелік полиция инспекторы мерекелік іс-шара кезінде қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген. Осы сәтте қолына камера ұстаған әйел тәртіп сақшысына жақындап, оның үстіндегі қызметтік форма Хэллоуин мерекесіне арналған костюм емес пе деп сұраған.

Полицей әйелдің сөзіне сабырмен жауап беріп, өзін таныстырған және қызметтік куәлігін көрсеткен. Бұдан кейін қызметін жалғастырған. Алайда осы жағдай түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіге тарап, көпшіліктің назарын аударды.

Кейін Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері видео авторының жеке басын анықтады. Ол Алматы қаласының 47 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған жағдай бойынша әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен оған 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары