Бүгін – қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушы, тарихшы әрі этнограф Шоқан Уәлихановтың туғанына 191 жыл, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шоқан Уәлиханов 1835 жылы Қостанай облысы қазіргі Сарыкөл ауданының Күнтимес деген жерінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мұхаммед-Қанафия. Әкесі Шыңғыс Уәлиханов аға сұлтан болған. Болашақ ғалымның балалық шағы қазақтың ауыз әдебиеті мен тарихи әңгімелерін тыңдап, ұлттық дүниетанымды бойына сіңірумен өтті.
1847 жылы Омбы кадет корпусына оқуға түскен Шоқан тарих, география және шығыс халықтарының мәдениетіне қызығушылық танытты. Оқу орнын 1853 жылы аяқтағаннан кейін қызметімен қатар ғылыми зерттеулермен айналыса бастады.
Ғалымның Жетісу, Ыстықкөл және Қашғарияға сапарлары ғылым үшін құнды деректер жинауға мүмкіндік берді. Ол жергілікті халықтардың тұрмысын, салт-дәстүрін, қоғамдық құрылымын зерттеді. Қырғыздың «Манас» эпосына назар аударып, оның «Көкетай ханның асы» бөлімін жазып алды.
1858-1859 жылдардағы Қашғария сапары Шоқанның зерттеушілік жолындағы маңызды кезең болды. Осы сапар барысында жинаған мәліметтері өңірдің тарихы, халқы, саудасы мен саяси жағдайы туралы ғылыми түсінікті кеңейтті.
Шоқан Уәлиханов 1865 жылы небәрі 29 жасында өмірден өтті. Оның тарих, этнография, география және фольклор салаларындағы еңбектері бүгінге дейін ғылыми маңызын сақтап келеді.