Бір кеңестің үстінен қарайтын бір кеңес зейнетақы жүйесін жетілдіре ала ма?

Бір кеңестің үстінен қарайтын бір кеңес зейнетақы жүйесін жетілдіре ала ма?

Бір кеңестің үстінен қарайтын бір кеңес зейнетақы жүйесін жетілдіре ала ма?
ашық дереккөзі
199
  Соңғы төрт жылда зейнетақы қоры төңірегіндегі дау толастар емес. Аталмыш мәселе күн тәртібіне қойылса да, жыры бітпеді.  Жыл сайын бір жыртығы көрінеді. Бірер жыл бұрын қаржыны бір қорға, бір қоржынға біріктіру қолға алынды. Көп ұзамай Ұлттық банктің басқаруына берілді. Кейін бұдан да айныды. Қордағы қаражат қолды болды. Енді зейнетақы жүйесін жетілдіру үшін қоғамдық кеңес құрылды. Бірақ кеңестің жұмысы ашық жүргізілді ме, осы уақытқа дейін не тындырды? Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының еңбекке қабілетті 8,5 миллион салымшысы бар.  Олардың 5,6 миллионы ай сайынғы табысының 10 пайызын қорға беріп отырады. Салымшылардың 80 пайызының жинаған қаражаты 1 миллион теңгеге жетпейді. Сарапышлардың айтуынша, соңғы кездері Ұлттық банк халықтың қордағы қаржысын екінші деңгейлі банктерге  инвестиция ретінде берген. Зейнетақы қорының инвестициялық құрылымына қарасақ, зейнетақы қорындағы қаражат депозит ретінде елдегі 21 банкке берілген. Негізі, халықтың банктегі депозиті қандай жағдайда да кері қайтарылады, оған кепілдік берілген. Ал зейнет­ақы қорындағы қаржыға мұндай кепілдік жоқ. Сонда бұл қаражатты оңды-солды шаша беруге болады дегенді білдіре ме? Таяуда Мәжіліс депутаты Екатерина Никитинская зейнетақы қорындағы қаражаттың мақсатсыз жұмсалып жатқанын айтты. Айтуынша, БЖЗҚ активтері дұрыс қолданылмайды. «Мәселен, 2015 жылы зейнетақы активтерінің табысы – 15,6 пайыз болса, зейнетақы портфелінің қаржы инструменттерінің орташа табысы – 10,66 пайыздан аспаған. Олай болса 15,6 пайыз көлеміндегі табыс қолдан жасалған», – дейді мәжілісмен. Бұған дейін де қоғам белсенділері мен жекелеген сарапшылар бұл мәселені талай көтерді. Соның нәтижесінде қайта құрылымдау, қайта жасақтау жұмыстары қарастырылған болатын. Алайда аталған шаралардың барлығы қосымша қаражатты қажет ететіні ескерілмеген сияқты. Түптеп келгенде әкімшілік шығындардың барлығы қор есебінен төленіп келсе керек. Былтыр 13,6 миллиард теңге қордың әкімшілік шығындарына жұмсалған. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек,  2016 жылы инфляция деңгейі 8,5 пайыз болса да зейнетақы активтерінің табысы 7,9 пайыз көрсеткішке жеткен. Солай бола тұра басқарушы компанияларға 33,6 миллиард теңге көлемінде сыйақы, ал банк-кастодиандарға 2,2 миллиард теңге берген. Байқасақ, қор шығындары көп. Әйтеуір, әкімішілік шығын дегенді желеулетіп, тағы да қаражатқа аямай қол салған. Зейнет­ақы қорындағы қаражат бей-берекет жұмсалатын болса, халық зейнетақы қорына қалай сенім артпақ?

«Денесі ауырғанның қолын ғана емдеуге болмайды»

Зейнетақы қоры төңірегінде қордаланған мәселелерді Бірыңғай жинақтаушы  зейнет­ақы қорының қоғамдық комиссиясы қарастыруда. Осы күнге дейін жабық болған жаңартулар осы кеңестің арқасында жария болды. Зейнетақы қорының келешек бағыттары мен өзгерістер, халық үшін қарастырылған жаңашылдықтары туралы да көпшілік осы қордың жұмысы арқылы біліп, Facebook-те ашылған арнайы парақшада өз ұсыныстары мен талаптарын да енгізген болатын. Бірақ жуырда осы Қоғамдық кеңестен саясаттанушы Досым Сәтпаев, экономист Рахым Ошақбаев шығып кетті. Себебі олардың ұсыныстары комиссияның жұмысына қайшы келген. Бұл туралы саясаттанушының өзі былай дейді: «Себеп біреу-ақ. БЖЗҚ-мен пікіріміз қайшы. Қоғамдық кеңес немен айналысуы керек, қандай бағытта жұмыс жасауы керек деген мәселеде пікіріміз екі айырыла берді. Өткен аптада Қоғамдық кеңестің үшінші отырысы өтті. Мұнда мәселе ашық айтылды, нәтижесінде қор басшылары кейбір мәселені үстірт қарап, негізінен қордың ғана мүддесін көздегенін ашық білдірді. Айтқандай, осы мақсатта екінші отырыста тағы екі жұмыс тобы құрылған болатын. Біріншісі – қордың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған коммуникация бойынша жұмыс істейді, екіншісі – талдамалық, олар салымшылардың мүддесін ескере отырып, БЖЗҚ тиімділігін арттырумен айналысады. Алайда біз қордың мүддесімен ғана шектелсек, денесі ауырғанның қолын ғана емдеумен тең емес пе? Білуімізше, мемлекеттік емес зейнетақы қорларын біріктіру арқылы екінші ұлттық қор немесе мемлекет қазынасын жасағысы келді, сөйтіп оларды түрлі мемлекеттік жобаларға жұмсауды көздеді. Сонымен қатар, зейнетақы қорымен Ұлттық банк айналыса бастағаны кейбіреулерге ұнамады. Осы орайда біз үшінші жұмыс тобын, яғни халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын қарайтын топ құруды ұсындық. Өкінішке қарай, қор басшылығы бұл идеяға жылы қабақ танытқан жоқ», – деді Досым Сәтпаев. Жалпы, зейнетақы жүйесінің қайта құрылымдау төңірегінде айтылмаған әңгіме көп. Оның астарында ашылмаған сыр да көп. Дегенмен соңғы кезде мемлекеттік органдардың қызметін реттеу үшін қоғамдық кеңестердің құрыла бастағаны белгілі. Осы тұрғыда Расул Жұмалы Facebook-тегі парақшасында былай деп жазды. «Мемлекеттік орындар өз жұмысын жөнді атқармауы салдарынан түрлі мәселелерге қатысты қоғамдық кеңестер құрылған еді. Бірақ олардың да жұмысына сын көбейіп отыр. Негізінен шенділердің артқа сүйреуінен. Енді осы кеңестерді бақылайтын жаңа бір комиссия тағайындау керек шығар?». P.S. Қор төңірегінде түсінбейтін тұстар көп. Жабулы қазан күйінде жүргізіліп келе жатқандай. Жаңа жүйе қалыптастырып, қордың жұмысын жетілдіру қоғамдық кеңеске тапсырылған болатын. Бірақ басшылықты қордың қызметінен гөрі, сайтының дизайны көбірек толғандыратын сияқты.     

Серіктес жаңалықтары