Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен XX Жастар Дельфий ойындарында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, бейресми командалық есепте үздік үштікке енді. Еліміздің жас таланттары халықаралық өнер жарысында әлемге танымал профессорлар мен әртістердің алдында ойдағыдай өнер көрсетті. Қазақстан Республикасындағы Ұлттық Дельфий комитетінің директоры, Халықаралық Дельфий комитетінің Қазақстандағы өкілі Құралай Түспековамен ұлттық құраманың жетістігі, жас таланттарды іріктеу мен даярлау жүйесі, педагогтер мен концертмейстерлердің рөлі және Қазақстанның халықаралық Дельфий қозғалысындағы орны туралы қысқаша тілдескен едік.
– Қазақстан құрамасының XX Жастар Дельфий ойындарында үздік үштікке енуіне қандай факторлар әсер етті?
– Қазақстан халықаралық Дельфий ойындарында дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл қазірдің өзінде халықаралық Дельфий қоғамдастығы үшін бұлтартпас факт және күтілетін нәтиже саналады. Ең алдымен, бұл еліміздің Дельфий ойындары бойынша қатарынан 20 жылға жуық уақыт бойы жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанына байла-нысты.
Біріншіден, жүйелі іріктеу жүйесі қалыптасқан. Ұлттық Дельфий комитеті бұл жарыстардың аймақтық және Ұлттық кезеңдерін осымен 17-рет өткізіп отыр. Бізде ұлттық деңгейдегі іріктеу өте әділ әрі қатал өтеді. Соның нәтижесінде Душанбеге еліміздің ең мықты, ең дарынды жастарын апардық.
Екіншіден, жүйелі тәлімгерлік жұмыстың нәтижесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен өз ісінің хас шеберлері финалистердің дайындығын жеке үйлестірді. Олар жас таланттардың орындаушылық шеберлігін шыңдап, халықаралық деңгейге сай келетін байқау репертуарын сапалы қалыптастыруға көмектесті.
Үшіншіден, бұл – жан-жақтылық және өнер теңгерімі. Біз Қазақстанда Ойындарды 25 номинация бойынша өткіземіз, сәйкесінше өнердің барлық бағыттары бойынша халықаралық Ойындарға өзіміздің ең мықты финалистерімізді қосуға дайынбыз. Біздің балалар тек бір бағытта емес, фортепианодан бастап халық аспаптарына, эстрадалық әннен сәндік-қолданбалы өнер, жасанды интеллектке дейінгі алуан түрлі номинациялар бойынша бақ сынайды. Бұл біздегі өнер мектептері мен дайындық базасының жан-жақты дамығанын көрсетеді.
– Ұлттық іріктеу кезеңінен халықаралық додаға дейін қатысушыларды даярлау жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Ұлттық Дельфий ойындарынан кейін жеңімпаздар халықаралық Ойындардың талаптарымен танысады, өз бағдарламаларын құрады және жергілікті жерлерде өз ұстаздарымен дайындалады. Жоғарыда айтып өткенімдей, бүкіл дайындық үрдісінде оларға бағдарлама құрудан бастап, байқау образын талқылау мен моральдық тұрғыдан дайындауға дейінгі мәселелер бойынша Ұлттық ойындардың өз номинацияларындағы қазылар алқасының төрағалары кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеп отырады.
– Қазақстандық жастар қай өнер бағыттарында жоғары нәтиже көрсетіп жүр? Қай салаларда әлеуетімізді әлі де дамыту қажет?
– Біз вокалдық өнерде – академиялық, халықтық және эстрадалық ән салуда дәстүрлі түрде көш бастап келеміз, сондай-ақ дәстүрлі өнерде де табыстымыз. Сонымен қатар біз мүмкіндігі шектеулі жас таланттарға арналған «Ым-ишара тілінде ән айту» және «Арнайы хореография» сияқты инклюзивті номинациялардың авторы әрі көшбасшысымыз. Бізге заманауи хореографияны дамытып, балалар мен жастар арасындағы халықтық қолөнер бойынша жұмысты күшейту қажет деп ойлаймын.
– Дельфий ойындары жас таланттардың кәсіби дамуына және халықаралық деңгейде танылуына қаншалықты үлес қосады?
– Дельфий ойындары жай ғана конкурс деп ойлауға болмайды, бұл – нағыз кәсіби мектеп пен мықты әлеуметтік лифт.
Мұны үш-төрт негізгі себеппен түсіндіруге болады:
Біріншіден, өнерлі жастар мықты бәсеке арқылы шыңдалады. Біздің балалар халықаралық сахнада басқа елдің ең үздік өнерпаздарымен иық тіресіп, өздерінің деңгейін көреді, шеберлігін шыңдайды.
Екіншіден, әлемдік деңгейдегі сарапшылардың бағасы. Қазылар алқасында отырған халықаралық деңгейдегі профессорлар мен еңбек сіңірген әртістердің алдында өнер көрсетіп, олардың кеңесін алу үлкен бақ десек болады.
Үшіншіден, онда өнер көрсету болашақ өнерпаздардың мүмкіндіктерін еселейді десек болады. Ойындарда жеңіске жету балалардың портфолиосындағы ең салмақты жетістікке айналады. Бұл отандық және шетелдік жетекші оқу орындарына грантқа түсуге, стипендия алуға жол ашады.
Төртіншіден, пайдалы байланыстар (нетворкинг). Халықаралық деңгейде танылуға келсек, Ойындар барысында қатысушылар, педагогтар мен қазылар алқасы өзара жақын танысып, араласып кетеді. Бір-бірін қонаққа шақырып, бірлескен жобалар бастайды. Бұл жас таланттар үшін таптырмас орай деп білемін.
– Алдағы уақытта Ұлттық Дельфий комитеті жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктерін арттыру үшін қандай жаңа жобаларды қолға алмақ?
– Алдағы уақытта біздің басты мақсатымыз – қол жеткізген табыстармен тоқтап қалмай, ауқымымызды кеңейту. Ұлттық Дельфий комитеті жастардың шығармашылық әлеуетін одан әрі ашу және еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайту үшін бірнеше жаңа бағытты қолға алмақ.
Инклюзивті өнерді жаңа деңгейге көтеру: Біз өзіміз негізін қалаған «Ымдау тілінде ән айту» және «Арнайы хореография» сияқты номинацияларды тек елімізде дамытып қана қоймай, оны ТМД және халықаралық Дельфий ойындарының тұрақты ресми бағдарламасына енгізу үшін белсенді жұмыс істейміз. Осы бағытта ерекше балаларымызға арналған жаңа халықаралық арт-платформалар құру жоспарда бар.
Заманауи хореография мен халықтық қолөнерді күшейту: жоғарыда айтып өткенімдей, бізге заманауи би бағыттарын дамытып, балалар мен жастар арасындағы қолөнерді (креативті индустрияны) жандандыру қажет. Ол үшін алдағы Ұлттық ойындарда осы номинациялардың талаптарын күшейтіп, өңірлерде арнайы шеберлік сыныптары мен воркшоптар сериясын бастаймыз.
«Дельфий түлектері» цифрлық платформасы және нетворкинг: Ойындарға қатысқан, жеңімпаз болған дарындардың басын қосатын шеберлік базасын жасақтап жатырмыз. Бұл платформа арқылы балалар шетелдік продюсерлермен, білім беру гранттарымен және мәдениет ошақтарымен тікелей байланыс орната алады. Біз Ойындардан кейін де балаларды жетелеп, олардың кәсіби өсуін бақылауда ұстағымыз келеді.
Халықаралық сарапшылармен коллаборация: Біздің финалистер мен олардың жергілікті ұстаздары халықаралық деңгейдегі трендтерден қалып қоймауы үшін, әлемдік деңгейдегі қазылар алқасы мүшелерін, шетелдік профессорларды Қазақстанға шақырып, Ойындар қарсаңында эксклюзивті әрі интенсивті дайындық лагерьлерін (bootcamps) ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Сөз орайында қазіргі заманғы Делфий ойындарын құрудың бастауында отандасымыз, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов тұрғанын атап өткен жөн. Ол – Халықаралық Делфий комитетінің тең төрағасы.
Қысқасы, біздің мақсат – тек жарыс өткізу емес, Қазақстанның әрбір өнерлі жасына әлемдік сахнаға шығатын нақты, сапалы әрі заманауи жолдама беру.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әзірлеген Т.ӨСКЕНБАЙ