Жәрдемақы: Жаңа тәртіп нені көздейді?

/
Жәрдемақы: Жаңа тәртіп нені көздейді?

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде азаматтың немесе отбасының әлеуметтік әл-ауқаты ескеріледі. Үкіметтің бұл бастамасы әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж жандарға бағыттауды көздейді. Алайда жаңа тәртіп қоғамда бірқатар маңызды сұрақ туындатып отыр. Отбасының ауқаттылығы қалай анықталады, қандай төлемдерге өзгеріс енгізіледі және әлеуметтік қолдауға құқығы бар азаматтар негізсіз шектеуге ұшырамай ма?

Мемлекеттік жәрдемақы – біреулер үшін қосымша қаржы болса, енді бір от­ба­сылар үшін күнкөрістің негізгі көзі. Сон­дықтан әлеуметтік төлемдерді та­ғайын­дау тәртібіндегі кез келген өзгеріс мың­даған азаматтың тұрмысына тікелей әсер етері сөзсіз.
2027 жылдан бастап енгізілетін жаңа та­лаптың негізгі мақсаты – бюджет қара­жа­тын тиімді пайдаланып, көмекті шын мә­нінде мұқтаж азаматтарға бағыттау. Бірақ бұл жаңашылдықты «ауқатты адам­дар енді ешқандай жәрдемақы алмайды» деп түсіну ағаттық. Өйткені мемлекеттік тө­лемдердің мақсаты мен оларды та­ғайын­даудың құқықтық негізі әр алуан. Бірі отбасының табысы мен әлеуметтік жағдайына байланысты болса, екіншісі мү­гедектікке, бала күтіміне немесе асырау­шысынан айырылуына байланысты бері­леді.
Демек, мәселе барлық жәрдемақыны қыс­қартуда емес, нақты қандай төлемдерге жә­не қандай талаптар қолданылатынында.

Қандай төлемдерге өзгеріс енгізіледі?

Жаңа тәртіп аясында әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бірқатар мем­ле­кет­тік жәрдемақыны тағайындау кезінде ес­керіледі. Олардың қатарында бала ту­уына байланысты біржолғы төлем, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы, көпбалалы отбасыларға жә­не марапатталған аналарға арналған тө­лемдер бар. Сондай-ақ мүгедектікке, асы­раушысынан айырылуға, күтім жасауға байланысты жәрдемақылардың жекелеген түрлері де қарастырылған.
Ресми түсіндірмелерде әлеуметтік әл-ау­қаты жоғары «А» және ауқатты «В» санаттарына жатқызылған азаматтарға осы тәртіппен қамтылған жәрдема­қы­лар­ды тағайындауға шектеу қойылуы мүмкін еке­ні айтылады. Алайда бұл барлық мем­лекеттік төлем автоматты түрде тоқ­таты­лады дегенді білдірмейді. Әр жәрде­мақы­ның құқықтық негізі мен заңда көзделген ерек­шеліктері жеке қарастырылуы қажет. Мәселен, балаға берілетін жәрдемақы мен оны тәрбиелеп отырған ата-анаға арнал­ған төлемнің тағайындалу шарттары бір­дей болмауы мүмкін. Сол себепті аза­маттар нақты қай төлемге қандай талап қолданылатынын білуі керек.

Отбасының әл-ауқаты қалай анықталады?

Жаңа жүйе аясында отбасының әлеуметтік жағдайын бағалауда Цифрлық отбасы картасының рөлі арта түспек. Бұл жүйе мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларындағы мәліметтерді пайдалана отырып, отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл азаматтардан әртүрлі анықтамаларды қайта-қайта жинауды азайтып, әлеуметтік көмек тағайындау рәсімін жеңілдетуге бағытталған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бағалау сегіз бағытты қамтитын 59 көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында отбасының табысы, мүлкі, тұр­ғын үй жағдайы, көлігі, жұмыспен қам­тылуы, несиелік міндеттемелері мен кәсіп­керлік қызметі бар. Осы мәліметтер не­гізінде әр отбасының әл-ауқаты баға­ла­нып, ол бес санаттың біріне жатқызылады: А – әл-ауқаты жоғары, В – ауқатты, С – қа­на­ғаттанарлық, D – экономикалық тұр­ғы­дан осал, Е – экономикалық және әлеу­­­­­­меттік тұрғыдан осал. 
«А санатын анықтау өлшемдерінің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің жеті есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шама­мен 350 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар тұрғын үйі, мүлкі, бизнесі мен көлігі де ескеріледі», – деп түсіндіреді министрлік өкіл­дері.
Бұл ретте цифрлық деректер отбасы­ның нақты тұрмыс жағдайын қаншалықты дәл көрсете алады деген мәселе туындайды. Айталық, отбасының атында тұрғын үй­дің болуы оның тұрақты әрі жеткілікті та­­бысы бар екенін білдірмейді. Ол бүкіл әуле­ті бірге тұратын жалғыз баспана болуы мүмкін. Сол сияқты несиенің болу-бол­мауы да отбасының ауқатты екенін айғақтамайды. 
Ал көпбалалы отбасылардың немесе мүгедектігі бар адамды бағып отырған жа­н­­ұялардың күнделікті шығыны өзге­лерден артық болатыны бесенеден белгілі. Сондықтан отбасының әлеуметтік жағ­дайын бағалау кезінде табысы мен мүлкі туралы мәліметтермен қатар, оның нақты қажеттіліктері мен міндетті шығындары да ескерілуге тиіс.

Төлем тоқтатылса, оны қайта алуға бола ма?

Жаңа қаулыда жәрдемақыны тағайын­дау, төлемді уақытша тоқтата тұру, қайта жалғастыру және түпкілікті тоқтату шарт­тары да қамтылған. Сондықтан төлемнің уақытша тоқтатылуы мен жәрдемақы алу құқығының түпкілікті жойылуы екі бөлек ұғым екенін ескерген жөн. Түпкілікті ше­шім жәрдемақының түрі мен оны та­ғайындауға негіз болатын талаптарға қарай қабылданады. Отбасының тұрмыс жағдайы өзгерген жағдайда, мәселен, тұрақты табысынан айырылса немесе қар­жылық мүмкіндігі төмендесе, мұндай өзгерістер әлеуметтік әл-ауқатын бағалау барысында ескерілуі қажет. Ресми де­рек­тер уақытылы жаңартылмаған жағдайда, жүйедегі мәліметтер мен азаматтың нақты тұрмыс жағдайы арасында сәйкессіздік туындауы мүмкін.
Сондықтан төлемді тоқтату тәртібімен қатар, оны қайта жалғастыру жолы да аза­маттарға түсінікті әрі қолжетімді бол­ға­ны маңызды. Әр адам қабылданған ше­шімнің себебін білуге, өзіне қатысты мә­ліметтерді тексеруге және заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға құ­қылы.

Қазақстан көрші елдерге қарағанда көп жәрдемақы төлей ме?

Жалпы, Қазақстан ТМД елдері арасында халыққа әлеуметтік қолдау көрсету жағынан алдыңғы қатарда. Осы мәселе төңірегінде таяуда қаржыгер, сарапшы Айдархан Құсайынов өз тал­дауын жариялады. Маманның келтірген деректеріне сүйенсек, Қазақстанда  м­ү­гедектік бойынша жәрдемақы мөл­шері Ресей, Әзербайжан, Тә­жікстан, Қырғызстан мемле­кеттерімен салыстыр­ғанда әлдеқайда жо­ғары. Бұл ретте Беларусьте ғана мүмкіндігі шектеулі жан­­дарға біздің ел­ден көп жәр­демақы төле­неді екен. Сон­дай-ақ бала тууына бай­ланысты төлемдерде де Қа­зақстан мен көршілес мем­ле­кеттер арасындағы айыр­ма­шы­лық анық байқалады. Елі­мізде бала тууына берілетін бір­жолғы жәрдемақы баланың не­шінші болып дүниеге келгеніне қарай 164 мыңнан 272 мың теңгеге дейін же­теді.
«Бұл көрсеткіш көршілес елдердің көпшілігімен салыстырғанда жоғары. Мә­селен, Ресейде бұл төлем 149 мың теңгені, Әзербайжанда 158 мың теңгені құраса, Тәжікстанда – 28 мың, Өзбекстанда – 29,7 мың, Қырғызстанда 21,5 мың теңге. Қа­зақ­станнан жоғары төлем тек Беларусьте қарас­тырылған: бірінші балаға 790 мың тең­ге, екінші және одан кейінгі балаларға 1,1 миллион теңге», – деп келтіреді сарап­шы.
Бала күтіміне байланысты төлемдер де әлеуметтік қолдаудың маңызды бөлігі. Қазақстанда бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 25 мыңнан 40 мың теңгеге дейін жетеді. Бұған қоса, әлеуметтік сақ­тандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры­нан табысына байланысты төлем беріледі.
Көпбалалы отбасыларды қолдау мәсе­ле­сінде де Қазақстанның өзіндік ерекше­лігі бар. Елімізде төрт және одан да көп ба­ласы бар отбасыларға ай сайын жәрде­м­ақы табысына қарамастан төленеді. Ал кейбір мемлекеттерде көпбалалы от­басыларға көмек негізінен табысы төмен аза­маттарға бағытталған. Біздегі өзгеріс те енді әлеуметтік қолдауды нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауды көздеп отыр. 
Әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға ғана беру мемлекеттік бюджетті ұтымды пайдалануға мүмкіндік бере­рі сөзсіз. Десек те, жаңа жүйенің тиім­ділі­гін жәрдемақы алушылар санының азаюымен немесе бюджет шығындарының қыс­қаруымен ғана бағалау жеткіліксіз. Ең маңызды көрсеткіш – көмекке шынымен мұқтаж азаматтардың оны уақытында ала алуы.
Егер отбасының жағдайы дұрыс баға­ланса, әлеуметтік қолдау өз иесін табады. Ал деректердегі қателіктер мен бағалау өл­­­шемдерінің түсініксіздігі салдарынан кө­мекке мұқтаж жанұялар жәрдемақыдан қа­ғылса, жаңа жүйе көздеген мақсатына же­те ме?! Әрине, жоқ. Түптеп келгенде, мем­лекеттік көмек шын мұқтаж жандарға же­тіп, олардың тұрмысын жақсартуына сеп болғанда ғана жаңа жүйе өз бағасын алмақ.

Руслан Сұлтанов, 
экономист:

Әлеуметтік қолдау тиімділігі шығын көлемімен емес, нақты нәтижемен өлшенеді

2027 жылдан бастап әлеуметтік қолдау жүйесін өз­гер­ту жәрдемақыларды қайта қараумен ғана шек­тел­­мейді. Негізгі мақсат – көмекке мұқтаж азамат­тар­ды қолдап, бюджет қаражатын тиімді бөлу. Осы­ған байла­ныс­ты жәрдемақы тағайындау кезінде от­ба­с­ының нақты ма­териалдық жағдайын ескеру мәселесі өзекті болып отыр.
Балалы отбасыларға берілетін негізгі бес түрлі жәрдемақыға жұмсалатын шығын 2016 жылғы 336 млрд теңгеден 2025 жылы 818 млрд теңгеге дейін өсті. Инфля­цияны ес­кер­генде, бұл – 2,4 есе өсім. Алайда шығындардың артуы әлеу­меттік қолдаудың тиімділігін өздігінен көрсетпейді. Сондықтан қаражат көле­мімен қатар, оның нақты нә­тижесін де бағалау қажет.
Жаңа тәсіл аясында отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, мүлкі мен кредит­тік міндеттемелері ескерілуі мүмкін. Мәселен, жиынтық табысы 3 млн теңге және 350 мың теңге болатын екі көпбалалы отбасының қаржылық мүм­кіндіктері әртүрлі. Деген­мен ипотека, емделу шығындары, асырауындағы адам­дар саны және күтім мін­деттері де есепке алынуы керек.
Сонымен қатар жәрдемақылардың мақсатын ескеру маңызды. Бір төлемдер ке­дей­лікті азайтуға бағытталса, басқалары бала тууға, бала күтіміне немесе мүгедектігі бар адамға тұрақты күтім жасауға байланысты беріледі. Сондықтан әлеуметтік кө­мек­­­ті табысқа қарай саралаумен қатар, әр төлемнің бастапқы мақсатын сақтау қажет.
Өзгерістердің негізгі тәуекелдеріне отбасының жағдайын қате бағалау, табыс өз­­герістеріне жедел әрекет ете алмау және жәрдемақыдан бірден айырылу сал­дары­нан еңбекке ынтаның төмендеуі жатады. Сондай-ақ деректердің дұрыстығы, жеке ақ­параттың қорғалуы және шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл өз­­ге­рістер көпбалалы отбасыларға, қарыз жүктемесі жоғары азаматтарға және тұ­рақ­­ты күтім жасайтын отбасыларға әртүрлі әсер етуі мүмкін.
Әлеуметтік қолдаудың тиімділігін шығындар мен алушылар саны арқылы ғана емес, отбасы табысының, кедейлік деңгейінің және материалдық мұқтаждықтың өз­геруімен де бағалау қажет. Түптеп келгенде, әлеуметтік шығындардың өсуі немесе қыс­қаруы мемлекеттік саясаттың сапасын өздігінен анықтамайды. 2027 жылдан бас­тап көзделген өзгерістердің негізгі өлшемі – көмектің азаматтардың нақты қа­жет­тіліктерін қаншалықты ескеріп, отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал ете­тіні.

Айгерім Жақыпбек, 
әлеуметтанушы: 

Көмекке мұқтаж отбасы жүйеден тыс қалмасын

Мемлекеттің көмегі шынымен қиын жағдайда­ғы отбасына жетуі керек. Ал табысы тұрақты, үйі, көлігі бар отбасы жәрдемақыны алмаса, бұл әділет­ті. Бірақ «кім мұқтаж, кім мұқтаж емес» деген сұрақ­қа ком­пью­тер беретін жауап әрқашан өмірдегі шын­дықпен сәйкес келе бермейді.
Жақында біз Түркістан облысында мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналармен фокус-топ өт­кіздік. Сол әңгімеден көп нәрсені түсіндім. Қағаз жүзінде бұл отбасылардың біреуінің үйі бар, біреуінің көлігі бар, біреуінің күйеуі жұмыс істейді. Ал шын мәнінде ана баласын тастап жұмысқа шыға алмайды. Отбасы табысының едәуір бөлігі памперске, дәріге, массажға, ақылы логопед пен дефектологқа кетеді. Көп ауданда қажетті маман мен орталық болмағандықтан, олар баласын көтеріп Шымкентке, Алматыға, Астанаға барады. Бір ана былай деді: «Үкіметтің берген ақшасына рақмет, бірақ ол бір айлық дәріге де жетпейді». Мұндай отбасы сырттай «орташа» болып көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде әзер күн көріп отыр.
Сондықтан жаңа тәртіптің әділ болуы – бағалаудың осындай жасырын шығындар мен тәуекелдерді ескеретін-ескермейтініне байланысты. Мүгедек баласы бар ата-аналарға және күтім жасайтын адамдарға төленетін жәрдемақы да жаңа бағалауға кіреді. Менің ойымша, ең үлкен тәуекел осында. Егер жүйе тек табыс пен мүлікке қарап, баланың ем-домына кететін шығынды және ананың болашағын көрмесе, көмекке ең мұқтаж отбасылар зардап шегуі мүмкін. Әділ көмек дегеніміз тек бүгінгі төлем емес, адамның ертеңін де ойлау.
Менің байқауымша, адамдарды ең алдымен «мені қай санатқа жатқызды?» деген сұрақ мазалайды. Отбасы өзінің неге «әл-ауқатты» деп танылғанын түсінбесе, бұл ренжу мен сенімсіздік тудырады. Екінші алаңдаушылық – деректердегі қате. Әлдеқашан сатылған көлік немесе баяғы бір несие базада қалып қойса, адам кінәсіз жерден жәрдемақысынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ банк шоттары туралы мәліметке келісім беру қажеттігі де көп сұрақ туғызады.
Бірақ мені бәрінен бұрын ауылдағы қарапайым отбасылардың жағдайы алаңдатады. Фокус-топқа қатысқан аналардың көбі: «Біз өз құқығымызды білмейміз», «Қайда барарымызды білмейміз», «Құжат жинау бір жылға созылды» деді. Біреуі мекемеден мекемеге жүгіріп, анық жауап ала алмағанын, керісінше дөрекі сөз естігенін айтты. Қазіргі тәртіптің өзінде адамдар осылай қиналып жүр. Енді жаңа цифрлық жүйе келгенде, оны ешкім түсіндірмесе, мұндай отбасылар бір күні жәрдемақының тоқтағанын ғана біледі.
Сондықтан түсіндіру жұмысы кабинеттен емес, адамның өзіне бару арқылы жүргізілуі керек деп ойлаймын. Әр отбасы өз санатын және оған не әсер еткенін eGov-та түсінікті тілде көре алуы тиіс. Төлем тоқтамас бұрын адамға «мына себеппен тоқтайды, келіспесеңіз мына жерге жүгініңіз» деген алдын ала хабарлама келуі керек. Шағымдану оңай болуы қажет: телефон арқылы, онлайн немесе ауылдағы әкімдікке бір рет барып шешілетіндей. Әлеуметтік қызметкерлер мен емхана, мектеп, оңалту орталығының мамандары да ата-аналарға жаңа тәртіпті түсіндіре алуы керек. Себебі отбасылар ең көп сенетін адамдар солар. Фокус-топта бір ана: «Бізге жөн сілтейтін бір адам керек» деді. Менің ойымша, мемлекет те дәл осындай әр отбасыға жөн сілтейтін адамға айналуы керек.
Түсіндірумен қатар, жүйенің өзін де жетілдіру керек. Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп, жұмыс істей алмай отырған аналар үшін зейнетақы жарнасын мемлекет есебінен аудару мәселесін қарау қажет. Сол сияқты, балаға қараған жылдарды зейнетақы есебінде лайықты ескеру керек. Осындай қадам аналардың болашаққа деген қорқынышын азайтады. Реформаның мақсаты жақсы. Бірақ адамдар оны түсінбесе және ертеңіне сенімі болмаса, ол әділеттілік емес, жаңа кедергі ретінде қабылданады.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар