Елордада 7-сыныпта оқитын екі оқушы қоғамдық мүлікті бүлдірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар Дәурен көшесіндегі аялдамада орнатылған бейнебақылау камерасын қасақана зақымдаған.
Аталған факті бойынша оқушылармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптары, сондай-ақ бөтеннің және қоғамдық мүлікті қасақана зақымдағаны немесе жойғаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді.
Әсіресе қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау жүйелерінің маңызы атап өтілді. Мұндай нысандарды бүлдіру материалдық залал келтіріп қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сонымен қатар аталған факт бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты заң аясында шара қолданылды.
Полиция қоғамдық және бөтеннің мүлкін бүлдіру немесе жою — заңмен тыйым салынған әрекет екенін ескертеді. Кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің де жауапкершілігіне әкеп соғуы мүмкін.