Ешкім тірі қалмады: Нигерияда бортында 32 адам болған әскери ұшақ апатқа ұшырады

/
Ешкім тірі қалмады: Нигерияда бортында 32 адам болған әскери ұшақ апатқа ұшырады
Africa Forum

Нигерия Әскери-әуе күштерінің ATR-42 ұшағы 5 қазанда елдің оңтүстік-батысындағы Ондо штатында апатқа ұшырады. Борттағы 25 жолаушы мен жеті экипаж мүшесінің барлығы қаза тапты. Елде үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұшақ Бенин-Ситиден Лагосқа жоспарлы рейс орындап бара жатқан. Нигерияның Авиация министрі Фестус Кея́моның айтуынша, диспетчерлер жергілікті уақыт бойынша сағат 09:13-те (Мәскеу уақытымен 11:13) ұшақпен байланысты жоғалтқан. Экипажбен радио арқылы қайта байланысу әрекеттерінің барлығы нәтиже бермеген. Ұшақтың сынықтары Игбокода қаласы маңындағы әскери-теңіз базасының жанынан табылған.

Оқиға орнына іздеу-құтқару топтары жіберілді. Associated Press агенттігіне куәгерлердің айтуынша, ұшақ өзен маңына құлаған, ал оның корпусының бір бөлігі суға түскен. Жергілікті тұрғындардың бірі ұшақ құлар алдында күн күркірегенге ұқсас қатты дыбыс естігенін айтқан. Апаттың нақты себептері әзірге анықталған жоқ.

Нигерия президенті Бола Тинубу Әскери-әуе күштерінің қолбасшылығына апаттың мән-жайын анықтау және осындай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін жан-жақты тергеуді дереу жүргізуді тапсырды.

«Бұл — біздің қарулы күштеріміз бен бүкіл еліміз үшін ауыр кезең», — деді президент.

Аза тұту кезінде Нигерия бойынша мемлекеттік тулар төмен түсіріліп қойылады. Қаза тапқандардың аты-жөнін Әскери-әуе күштері олардың отбасыларына хабар берілгеннен кейін жариялайды, делінген президент әкімшілігінің хабарламасында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар