ҚазҰУ-да «Жамбылтану» 5 томдығы жарық көрді

/
ҚазҰУ-да «Жамбылтану» 5 томдығы жарық көрді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай, «Жамбыл және қазіргі дәуірдің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ауқымды шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, генерал-полковник, Халық Қаһарманы Сәт Тоқпақбаев, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Манас, фольклор, ақындар поэзиясы бөлімінің басшысы Мээрим Көлбаева, сондай-ақ Өзбекстаннан келген профессор Насриддин Назаров  қатысты. Сонымен қатар жиынға белгілі ғалымдар, ЖОО ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, тарихшылар, филологтар, оқу ордасының оқытушы-профессорлық құрамы мен білім алушы жастары жиналды.

Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

«Жамбыл Жабаев – ұлт мәдениетінде ерекше орны бар тарихи тұлға. Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Өз дәуірінің тыныс-тіршілігін асқан шеберлікпен суреттеп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Ақынның шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылып, барша адамзатқа ортақ қазынаға айналды», – делінген Президенттің құттықтау хатында.

Конференцияда ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Жамбыл Жабаев мұрасын зерттеудің бүгінгі ғылым үшін маңыздылығына тоқталып, ақын шығармашылығының ұлттық руханияттағы айрықша орнын атап өтті.

«Жамбыл мұрасының маңыздылығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жамбыл – ұлттық поэзиямыздың алып бәйтерегі, халқымыздың рухани феномені.  Оның бай мұрасы – отансүйгіштік пен елдіктің, бірлік мен парасаттың сарқылмас қайнар көзі», – деп ерекше атап өткен болатын. ХХ ғасырдың бірінші жартысында жыр-дастан дәстүрі жойылу қаупіне ұшыраған аласапыран заманда тарих сахнасына Жамбыл шықты. Ана тіліміз бен ұлттық жадымызды келешек ұрпаққа аман-есен жеткізе білді. Табиғи талантымен танылған ол көзі тірісінде-ақ «ХХ ғасырдың Гомері» әрі «қазақ поэзиясының алып тұлғасы» деген жоғары құрметке ие болды», – деді ректор.

Жиында Жамбыл шығармашылығының тарихи-мәдени мәні, ақынның айтыскерлік өнері, жыраулық дәстүрді дамытудағы орны, халық әдебиетіндегі рөлі, сондай-ақ шығармаларының тілдік және көркемдік ерекшеліктері кеңінен сөз болды.

Конференция барысында Жамбыл Жабаев шығармашылығының түрлі қырларына арналған мазмұнды баяндамалар жасалды.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып ұлттық әдебиеттегі ұлы тұлғалардың мұрасын өзара сабақтастықта қарастырудың қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, Жамбыл шығармашылығын зерттеу қазақ әдебиетінің тарихи даму заңдылықтарын терең түсінуге мүмкіндік береді.

Шара аясында тәуелсіздік жылдарындағы жаңаша көзқараспен әзірленген «Жамбылтану» атты 5 томдық іргелі жинақтың тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Көптомдық еңбек – ақынның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеуге бағытталған ауқымды ғылыми ізденістің нәтижесі. Басылымда ақынның шығармашылық мұрасы, әдеби ортасы, дәстүрлі поэзиядағы орны, сондай-ақ шығармаларының көркемдік және идеялық ерекшеліктері толық қамтылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар