Бүгін «Әділет» партиясының орталық аппаратында өткен қоғамдық қабылдауда Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі Ербол Данағұлов Алматы, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан келген азаматтардың мәселелерін тыңдап, өтініштерін жазып алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу барысында азаматтардың құқығын қорғау, мемлекеттік органдардың жұмысы, ауылдық жерлердегі экологиялық жағдай және кәсіпкерлікті дамыту сияқты бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Әрбір өтініш бойынша азаматтарға тиісті түсініктемелер беріліп, мәселелерді одан әрі шешу жолдары талқыланды.
Қабылдауға алғашқылардың бірі болып Семей қаласының тұрғыны Болысбек Құсайынов келді. Ол осыдан 17 жыл бұрын бірге жұмыс істеген танысы одан шамамен 70 мың доллар қаражатын алып, қарызын өтемеген. Ол кезде азаматтар Қазақстан мен Ресей арасында дәрілік заттарды тасымалдаумен айналысқан, кейін Құсайыновтың айтуынша, танысы Ресейде қалып, сол елдің азаматтығын алған. Оның сөзінше, осы уақыт аралығында түрлі мемлекеттік органдарға, соның ішінде құқық қорғау органдарына бірнеше рет жүгінген. Алайда әзірге мәселе бойынша өзі күткен нәтижеге қол жеткізе алмаған. Осыған байланысты ол ісінің одан әрі қаралуына ықпал етуді сұрады.
Ербол Данағұлов азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, мәселені белгіленген тәртіппен ресімдеуді ұсынды. Депутат жиналған материалдарды Бас прокуратураның азаматтардың өтініштерімен жұмыс істейтін өкіліне жолдайтынын айтты. Сонымен қатар ол аталған жағдайды тиісті уәкілетті органдармен қосымша талқылайтынын жеткізді.
Ал қабылдауға келген Владимир Ремизов Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы экологиялық ахуалға алаңдаушылық білдіріп, мал басының көбеюіне байланысты жағымсыз иіс пен санитарлық жағдайдың нашарлағанын айтып, ауа сапасына жүргізілген зерттеу нәтижелерін қайта қарауды сұрады.
«Бізде экологиялық жағдай өте күрделі. Сасық иіс, лас орта, антисанитария. Өңірде фермалар көп. Әрқайсысында шамамен 3000 бас малдан бар. Адамдар ауырып жатыр. Кейбір тұрғындар үйлерін сатып, көшіп кеткісі келеді. Бірақ бұл оңай емес. Адамдар тұншығып өмір сүріп жатыр», – деді Владимир Ремизов.

Владимир Ремизовтың сөзінше, 3 жыл бұрын жүргізілген сараптама барысында жекелеген көрсеткіштер шекті рұқсат етілген концентрациядан 82,5 есеге дейін асып кеткенімен, биылғы өлшеу нәтижелері олардың белгіленген нормадан төмен екенін көрсетті.
«Олардың мәліметіне сүйенсек, қазір біздің ауа өте таза. Бірақ тұрғындардың пікірі мүлдем басқа», – деді ол.
Қоғамдық қабылдау кезінде шамамен 8 азамат өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді.
«Бүгін экология мәселесі, алаяқтық мәселесі және ата-анасын іздеп жүрген жандар да бізге жүгінді. Кейбір мәселелер мемлекеттік органдарға байланысты болып отыр. Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдауға байланысты ұсыныстар қаралды. Әр адамның әртүрлі мәселесі айтылды. Осылардың барлығы құзыретімізге сәйкес қарап, бізге жүгінген адамдарға көмек беріледі», – деді Құрылтай депутаты Ербол Данағұлов.
Оның айтуынша, азаматтардың өтініштері қоғамдық қабылдау арқылы тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.
«Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауы азаматтармен ашық әрі тікелей байланыс орнататын маңызды алаң болып қала береді. Мұнда тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерін көтеріп, қажетті кеңестер алып, тиісті органдардың қарауын қажет ететін ұсыныстары мен өтініштерін жеткізе алады.