Халықаралық қарттар күні қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінде «Әділет» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған «Ардагерлерді ардақтайық» атты ауқымды акция өтуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бастама бір мезетте 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтыды. Акцияға 2 мыңға жуық жас қатысып, ардагерлерге, жалғызбасты қарттарға және қарттар үйлерінің тұрғындарына барды. Жастар 600-ден астам аға буын өкіліне назар аударып, қолдау көрсеті.
Еліміздің әр өңірінде жас белсенділер қарт адамдарға үй шаруасына көмектесіп, еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып, олармен кездесулер және мәдени іс-шаралар ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – бір реттік көмек көрсету ғана емес, аға буынға тұрақты түрде көңіл бөлу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау.

Кездесулер барысында ардагерлер жастарға өздерінің өмір жолы туралы әңгімелеп, естеліктерімен және тәжірибелерімен бөлісті. Әңгіме еңбек, жауапкершілік, білім, үлкенге құрмет және кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызды құндылықтар төңірегінде өрбіді.
«Әділет» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ержан Хамитовтың айтуынша, бұл акция – аға буын өкілдерімен жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстың бір бөлігі.

«Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен ел дамуына қосқан үлесі – жастар үшін маңызды бағдар. Мұндай кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, бір-бірімізге деген құрметті, сабақтастық пен жауапкершілікті сақтауға ықпал етеді. Сондықтан бұл жұмыс бір ғана мерекелік күнмен шектелмеуі керек», – деді ол.
Акцияға қатысушылардың бірі Жақсыбала Ескожанова қарттарға көңіл бөлудің маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Кейде жылы сөз айтып, әңгімелесіп, көңіл бөлінгенін сезінудің өзі кез келген көмектен кем түспейді. Жастардың уақыт тауып, бізге келіп, жағдайымызды сұрап, әңгімемізді тыңдайтыны қуантады. Жас ұрпақтың үлкендерді құрметтеп, бір-біріне қамқорлық танытқан кезде халқымыздың бірлігі де нығая түседі», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы Халықаралық қарттар күніне арналған іс-шаралармен ғана шектелмейді. Жыл бойы еліміздің барлық өңірінде кездесулер, атаулы көмек көрсету және бірлескен бастамалар жалғасын табады.
