Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Сондай-ақ Президент форум қатысушыларына бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы баяндады.
– АХҚО мен әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі саналатын Гонконг арасындағы тығыз ықпалдастық мол мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия және ШЫҰ елдері эмитенттерінің арасында бірінші болып Қытайдың банкаралық нарығына кірді. Жалпы сомасы үш миллиард юаньнан (450 миллион доллар) асатын панда-облигациялар шығарды. Жалпы, Қазақстан инвестициялық кезеңді барынша қысқа, ашық әрі технологиялық тұрғыдан озық етіп ұйымдастыруға ниетті. Kazakh Invest ұлттық компаниясы жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою – осы бағыттағы маңызды қадамның бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс.
– Сондықтан осы форумды «Қазақстан-Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынамын. Жалпы, бүгін бірқатар нақты келісімдерге қол жеткіздік. Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытайдың және тұтас Еуразия құрлығының орнықты дамуына тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытаймен мәңгі достық байланыстарын нығайтуға баса мән беріп отырғанына назар аударды.
– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян келтірген жоқ. Қос халық өзара сыйластық пен қолдау аясында көп жыл бойы бірге өмір сүрген. Ал қазіргі тұрақсыз, бұлдыр заманда Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде қоян-қолтық бірге әрекет етіп, сан алуан сын-қатерлерге тойтарыс беруі керек. Қытай тілінде мынадай мағыналы мақал бар:人心齐,泰山移, яғни: «Біз бәріміз біртұтас болсақ, биік Тайшань тауын да орнынан қозғай аламыз». Қазақстан мен Қытай – екі дос, көршілес ел болып, әрбір істі ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.