Ақмола облысында 264 келі балықты заңсыз аулаған тұрғын ұсталды

/
Ақмола облысында 264 келі балықты заңсыз аулаған тұрғын ұсталды
polisia.kz

Ақмола облысының Зеренді ауданында полицейлер 264 келі балықты заңсыз аулау дерегін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Polisia.kz мәліметінше, табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Мырзакөлсор су айдынында рейд жүргізу кезінде 32 жастағы Алексеевка ауылының тұрғыны басқарған автокөлікті тоқтатқан.

Көлікті тексеру барысында салоннан балық салынған 65 қап табылды. Ал жүксалғыштан балық аулауға арналған құрал-жабдықтар мен арнайы киім анықталған.

Заңсыз ауланған балықтың жалпы салмағы 264 келіні құрады.

Ер адамның айтуынша, ол балық аулауға алғаш рет барған және ауланған өнімді жеке қажетіне пайдаланбақ болған.

Аталған дерек бойынша балық ресурстарын заңсыз аулау фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

Полиция азаматтарға заңсыз балық аулағаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін ескертті. Жаза мөлшері құқық бұзушылықтың мән-жайына және келтірілген залал көлеміне байланысты белгіленеді.

Биылдың өзінде Ақмола облысында балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 260-тан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар