Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева «Әділет» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Депутатқа онлайн және офлайн форматта 10-нан астам қазақстандық сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қабылдау барысында білім беру, еңбек қатынастары және несие алу мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, мектептегі білім сапасын арттыру, педагогтерге психологиялық қолдау көрсету және несие алуды қолжетімді ету жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар азаматтар сот шешімдерін орындау, мемлекеттік органдардың жұмысы және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша да өз сауалдарын ортаға салды.
Елорда тұрғыны Айдын Тұрлыбеков депутатқа бала күтіміне байланысты демалыс алу мәселесі бойынша жүгінді. Оның айтуынша, жұмыс берушілер жалақысы жұбайының табысынан жоғары болғанын алға тартып, демалыс беруден бас тартқан. Азамат мұндай шешімнің заңдылығына күмән келтіріп, ер адамның бала күтіміне байланысты демалыс алуға құқығы бар-жоғын анықтап беруді сұрады.
«Мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де жүгіндім. Олар маған бұл мәселені қарамайтынын, себебі мен ер адам екенімді айтты. Сондықтан ер адамның бала күтімі үшін демалыс алу құқығына қатысты мәселені заң тұрғысынан анықтауды сұраймын», - деді Айдын Тұрлыбеков.

Гүлзира Атабаева мәселені толық қарау үшін азаматтан қажетті құжаттарды жолдауын өтінді. Депутат тиісті мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдап, алынған жауаптар негізінде жағдайды жан-жақты қарайтынын айтты. Сондай-ақ мәселенің оң шешімін табуы үшін қажетті қолдау көрсетуге бар күшін салатынын жеткізді.
«Азаматтардан әртүрлі сипаттағы ұсыныстар түсті. Біз олардың әрқайсысын қарап, талдап, жүйелейміз. Мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жолдап, бақылауға аламыз», - деді Гүлзира Атабаева.

Айта кетейік, азаматтар «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауында көтерген өтініштері мен ұсыныстарын e-Otinish жүйесі немесе партияның цифрлық платформасы арқылы жолдай алады.