Көшедегі тазалық пен тәртіп қоғамды жасампаздыққа құлшындырып, әлеуметтік оптимизмді оятады – Қасым-Жомарт Тоқаев

Көшедегі тазалық пен тәртіп қоғамды жасампаздыққа құлшындырып, әлеуметтік оптимизмді оятады – Қасым-Жомарт Тоқаев
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында «Таза Қазақстан» республикалық акциясының маңызын сөз етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Менің тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінімді байқаған боларсыздар. Қайткен күнде де бұл істе кідіруге, босаңсуға болмайды. Жекелеген тұлғалар, тіпті, тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы мен мектеп, қоғам мен мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады. Біз қалалар мен тұтас еліміздің келбетін ғана емес, одан да маңыздысы, ұлтымыздың менталитетін өзгертіп жатырмыз. Немқұрайлық пен салғырттықтан, тіпті өшпенділіктен біртіндеп арылып, тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға бой үйрете бастадық. Бұл азаматтардың, оның ішінде бірнеше буын өкілдерінің көңіл-күйіне жағымды әсерін тигізіп, қоғамдағы ахуалдың жақсаруына ықпал етеді, түптеп келгенде экономикалық өсімді жеделдететін факторға айналады.  

«Таза Қазақстанның» қуаты – қоғамды жылдар бойы жалғасатын жағымды әрі жасампаз күн тәртібінің төңірегіне топтастыруда. Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Лас әрі қараусыз жерде енжарлық басып, құқықтық нигилизм белең алады. Бұл құбылыс әлемдік урбанистикада «сынған терезе салдары» деген атаумен белгілі.  Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес», – дейді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, тазалық азаматтарымызды өз қадір-қасиетін сезінуге үйретіп, ертеңге деген сенімін күшейтеді.

«Абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы – халқымыздың болашағына жасалған инвестиция.  Сәні мен сәулеті жарасқан қала кеңістігі қатал ұстаз сияқты артық ақыл айтып, ділмәрсімей-ақ дұрыс жүріп-тұруға баулиды. Тазалық азаматтарымызды өз қадір-қасиетін сезінуге үйретіп, ертеңге деген сенімін күшейтеді. Мұның бәрі – бір-бірімен байланысты дүние. Көшедегі тазалық пен тәртіп қоғамды жасампаздыққа құлшындырып, әлеуметтік оптимизмді оятады. Сайып келгенде, елдің әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Біз әлеуметтік масылдықтан арылып, жауапты серіктестікке түбегейлі көшуге жағдай жасауымыз керек. Елдегі өзгеріс қарапайым істен басталады. Тұрғындары іскер, белсенді әрі жаңашыл әкімді сайлаған берекелі ауылдан, өз үйінің мәселесіне бей-жай қарамайтын мүлік иелері бірлестігінің тату-тәтті тіршілігінен, азаматтарға шарапаты тиген волонтерлік және қайырымдылық бастамалардан көрінеді», – дейді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар