NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға алғаш рет келіп, Астанада өтетін AI Month айлығының арнайы қонағы болады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Цифрландыру және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Astana Hub қолдауымен ұйымдастырылатын AI Month жасанды интеллект саласындағы мамандарды, әзірлеушілерді, стартап өкілдерін, зерттеушілер мен технологиялық индустрия сарапшыларын бір алаңға жинайды.
AI Month айлығы 23 қыркүйекте әлемдегі ең ірі ЖИ хакатондарының бірі саналатын HackAlem AI байқауымен басталады. Қатысушылар өз жобаларын әзірлеп, сынақтан өткізу барысында NVIDIA-ның технологиялық ресурстарын пайдалана алады. 1 қазанда Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің отырысына NVIDIA-ның ЖИ-ді физикалық модельдеу жөніндегі вице-президенті Рев Лебаредян қатысады. Ал 2-3 қазанда Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтеді.
Аталған іс-шара 23 қазанда Дженсен Хуангтың қатысуымен қорытындыланады. Халықаралық alem.ai орталығында Жаслан Мәдиев пен NVIDIA бас директоры fireside chat форматында жасанды интеллектінің болашағын, технологиялық трендтерді, кадр даярлау мәселесін және Орталық Еуразияның технологиялық мүмкіндіктерін талқылайды.
«Біздің мақсатымыз Қазақстанды Орталық Еуразиядағы ЖИ таланттары тоғысатын, озық идеялар жаһандық нарыққа шығатын орталыққа айналдыру. Ол үшін Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мамандар даярлап, технологиялық кәсіпкерлікті қолдап, қажетті инфрақұрылымды дамытып келеміз.
Дженсен Хуанг секілді көшбасшылармен тікелей диалог жас әзірлеушілерге тың мүмкіндіктер ашып, идеяларын нақты өнімге айналдыруға серпін береді», – деді министр.