«Жаңа кәсіп, жаңа мүмкіндік»: Астанада инклюзивті жоба басталды

«Жаңа кәсіп, жаңа мүмкіндік»: Астанада инклюзивті жоба басталды
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы Астанада «Әділет – бәріне бірдей мүмкіндік» атты инклюзивті жобаны іске қосты. Жоба қатысушылары үшін жаңа мамандық игеруге, қаржылық сауаттылығын арттыруға және цифрлық ортада қажетті SMM дағдыларын меңгеруге мүмкіндік жасалған. Бастама нәтижесінде қатысушылардың жұмыспен қамтылуына және кәсіп бастауына жағдай жасалмақ, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әділет – бәріне бірдей мүмкіндік» жобасының басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар қатысушыларды жұмыспен қамтуға немесе өз кәсібін бастауға жағдай жасау көзделген.

Пилоттық жоба бүгінде Астананың Есіл ауданында жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның алғашқы кезеңінде қатысушылар визажист, шаштараз және маникюр мамандықтары бойынша тегін кәсіби білім алуда. Негізгі оқу бағдарламасымен қатар, SMM, әлеуметтік желілерді тиімді жүргізу және қаржылық сауаттылық бағыттары бойынша қосымша сабақтар қарастырылған.

Жобаның ерекшелігі – білім беру мен жұмыспен қамту тетіктерінің өзара сабақтастығында. Яғни қатысушылар оқуын аяқтап, тиісті сертификат алғаннан кейін де қолдаусыз қалмайды. Оларға жұмысқа орналасу, алған білімін тәжірибеде қолдану және кәсіби дамуын жалғастыру бағытында қолдау көрсетіледі.

«Жобаның басты ерекшелігі – қатысушыларға тек білім беріп қана қоймай, алған кәсібін табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік жасауымыз. Яғни оқыту, кәсіби бағыт беру және жұмыспен қамту бір жүйеде жүзеге асырылады», – деді Есіл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Санира Жүсіпова.

Ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиелеп отырған аналар үшін қоғамның қолдауы мен жаңа мүмкіндікке жол ашатын бастамалардың маңызы зор. Елордада іске қосылған «Әділет – бәріне бірдей мүмкіндік» инклюзивті жобасы аналар мен қыздарға жаңа кәсіп меңгеріп, қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, қоғаммен белсенді араласуға мүмкіндік беріп отыр. Жоба қатысушыларының бірі Гүлмира Тәжібаева бұл бастаманы ерекше жандар үшін үлкен үміт пен жаңа мүмкіндіктерге бастайтын қадам деп бағалайды.

«Әділет – бәріне бірдей мүмкіндік» инклюзивті жобасы – біз сияқты екінші топ мүгедек бала өсіріп отырған аналар үшін шын мәнінде үлкен үміт отын жаққан, өте қуанышты әрі дер кезінде қолға алынған бастама болды. Бұл жобаның болашағы өте зор, өйткені ол ерекше аналар мен қыздарымызға өз күшіне сенуге және қоғамға белсене араласуға зор мүмкіндік береді.

​Жоба аясында тек макияж, тырнақ пен шаш сәндеу ғана емес, сонымен бірге стилист келіп қыздарымыздың дұрыс киіне білуін үйретеді. Бұған қоса, қаржылық сауаттылықты арттырып, SММ сияқты заманауи мамандықтардың да терең меңгертілуі – біздің үйден шықпай-ақ табыс табуымызға, кәсіби тұрғыда дамуымызға ашылған үлкен жол.

​Ең бастысы, бұл ауқымды әлеуметтік жоба тек білім беріп қана қоймай, аналар мен қыздардың бір-бірімен еркін араласуына, сырласып, ішкі қуанышы мен уайымын бөлісуіне таптырмас мүмкіндік сыйлады. Мұндай әлеуметтік орта бізге жалғыз еместігімізді сездіріп, бір-бірімізге демеу болатын, тәжірибе бөлісетін шынайы достық пен сыйластық алаңын қалыптастырды.

​Осындай жүрекке жылы, шынайы әлеуметтік қолдауды қолға алып, бізге жаңа мүмкіндіктер мен ашық араласатын орта сыйлаған «Әділет» партиясының төрайымы Санира Орынтайқызына аналық ақ жүрегімнен шексіз алғысымды білдіремін!», – дейді Гүлмира Тәжібаева.

Биылғы пилоттық кезеңде жобаға 150 азаматты тарту жоспарланып отыр. Егер бастама күткен нәтижесін берсе, Астанада қалыптасқан оң тәжірибе алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де кезең-кезеңімен таратылмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары