Астанада 9 жастағы баланың ата-анасы мысықтың өліміне байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жүргізілген тексеру барысында мән-жайлар анықталғанын хабарлады.
«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері 9 жастағы баланың терезе маңында тұрған мысықты итеріп жібергенін анықтады. Соның салдарынан жануар 14-қабаттан құлап, қаза тапқан. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін баланың заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады полиция агенттікке берген түсініктемесінде.
Бұған дейін мысықтың иесі әлеуметтік желілерде үй жануарының қаза болғанын айтып, жазба жариялаған. Куәгерлер баланың үй жануарын 14-қабаттағы подъездің терезесінен лақтырып жібергенін көрген.