Алматыда дәрігерлер 740 грамм болып туған сәбидің өмірі үшін 80 күн күресті

/
Алматыда дәрігерлер 740 грамм болып туған сәбидің өмірі үшін 80 күн күресті
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Алматыда салмағы небәрі 740 грамм болып туған сәбидің өмірі үшін 80 күн күресті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сәби шұғыл түрде жасалған кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. Жүктілік плацентаның мерзімінен бұрын ажырауымен және қан кетумен асқынған. Небәрі 26 апта мерзімінде дүниеге келген нәресте үшін әрбір грамм мен әрбір тыныс алудың маңызы зор болды.

Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап нәрестеге қарқынды медициналық көмек қажет болды.

«Сәби 40 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратында болды, содан кейін тағы шамамен екі апта бойы мұрын арқылы берілетін СИПАП әдісімен тыныс алуды қолдау көмегін алды», – дейді Алматы қалалық №2 перинаталдық орталығының директоры Светлана Рахимова.

Жалпы алғанда, кішкентай пациент 56 күнін жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде өткізді.

Мұндай балалар үшін өздігінен тыныс алуға көшу, жағдайының тұрақтануы және ауруханадан шығарылу – нағыз күрес. Әрбір күннің артында тәулік бойы жүргізілетін бақылау, заманауи күтім әдістері және дәрігерлер мен медициналық мейіргерлердің орасан зор еңбегі жатыр.

Баланың жағдайы жақсарғаннан кейін ол реанимация бөлімшесінен әрі қарай күтіп-баптау және қалпына келтіру бөлімшесіне ауыстырылды. Содан кейін ең көп күткен күн де келіп жетті. Өмірінің 80-ші тәулігінде сәби үйіне шығарылды. Салмағы небәрі 740 грамм болатын кішкентай сәби өмірінің ең күрделі алғашқы кезеңдерінің бірінен өтіп, нағыз кішкентай жеңімпазға айналды.

Бұл оқиғаның артында тек медициналық технологиялар мен мамандардың кәсібилігі ғана тұрған жоқ. Мұнда ананың қайсарлығы, отбасының үміті және баланың өміріне сенуден бір сәт те танбаған медициналық команданың күнделікті еңбегі бар.

Қазір ол үйінде. Ал оның үлкен өмір жолындағы алғашқы маңызды қадамы дәл осы жерде  Алматы қалалық №2 перинаталдық орталығының қабырғасында басталды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары