Түркістан қаласында тұрғынның жеке ауласынан құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге арналған жасырын орын анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісін анықтап, жолын кесті.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер жеке тұрғын үйдің ауласынан құрамында есірткі заты бар 75 түп өсімдікті анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті оларды өсіру мақсатында үй аумағынан көзге түспейтін, арнайы жасырын орын әзірлеген.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары марихуанаға ұқсас өсімдік тектес зат салынған темір ыдыс пен екі қағаз ораманы тәркіледі. Күдіктінің айтуынша, ол аталған заттарды жеке пайдалану мақсатында өсіріп, сақтаған.
Сараптамаға дейінгі мәлімет бойынша, тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен 12 келіні құрады. Қазіргі уақытта есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Полицейлер қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтап, тиісті тергеу амалдарын жүргізуде. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.