Семейде «Сарбаз жолы» атты іс-шара өтті

/
Семейде «Сарбаз жолы» атты іс-шара өтті
Қорғаныс министрлігі

Семейде Қорғаныс министрлігінің бастамасымен «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» жобасы аясында қолға алынған «Сарбаз жолы» жаңа армиядәстүрінің алғашқы іс-шарасы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Салтанатты шараға әскери қызметке аттанған 60 жас сарбаз қатысты. Жас Отан қорғаушыларды айтулы оқиғамен Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ жастардың туған-туыстары мен жақындары құттықтады. Салтанатты шара барысында жас сарбаздарға ақ жол тілеп, жүрекжарды тілектер айтылды.

Айтулы оқиғаның естелігі ретінде оларға «Киелі Абай елі» кітабы табыс етілді. Іс-шараның келесі кезеңі 28738 әскери бөлімінде жалғасты. Мұнда жас сарбаздар, ата-аналар және қоғам өкілдері әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысып, әскери техника мен қару-жарақ үлгілерін тамашалады.

Абай облысының әкімі мен Қорғаныс ведомствосы басшылығының қатысуымен өткен кездесуде әскери-патриоттық тәрбие жүйесі, Отан алдындағы міндетті орындаудың маңызы, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Қорғаныс министрлігі қабылдап жатқан шаралар және әскери қызметін өткерген азаматтарға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы айтылды. Іс-шара барысында үздік әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.

Абай облысының әкімі Берік Уәли Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген сарбаздар мен олардың ата-аналарына Алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жоғары оқу орындарында білім алуға арналған мемлекеттік гранттарға ие болған үздік әскери қызметшілерге тиісті сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, «Сарбаз жолы» жаңа армиялық дәстүрі Отан қорғаушының қалыптасу жолының барлық кезеңін қамтиды. Атап айтқанда, шақыру пунктінен бастап, әскерге шығарып салу, жас жауынгер курсынан өту, Әскери ант қабылдау, әскери-есептік мамандықты меңгеру және запасқа шығу кезеңдерін біріктіреді. Абай жеріндегі бұл бастама әскерді, қоғамды және отбасын ортақ құндылық – адал, тәртіпті азамат, елін қорғайтын лайықты Отан қорғаушы мен патриот тәрбиелеу мақсатына жұмылдыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары