Алматыда үш жастағы бала 59 магнит жұтып қойған (ФОТО)

/
Алматыда үш жастағы бала 59 магнит жұтып қойған (ФОТО)
Балаларға Шұғыл Жәрдем орталығы

Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөліміне бір күнде магнитті шарик жұтып қойған үш бала жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамандардың ескертуіне қарамастан, құрамында ұсақ магниті бар ойыншықтар әлі де кішкентай балалардың қолына түсіп жүр. Оның соңы кейде баланың өміріне қауіп төндіретін ауыр жағдайға әкеледі.

Балалардың ең кішісі небәрі екі жаста. Ол сағат 14:33-те іші ауырып, нәжісі қарайып жеткізілді. Кейін белгілі болғандай, бала үш күн бойы ауырған. Ата-анасы үйде өз бетінше емдеуге тырысқан. Баланың магнит жұтып қойғанын білмеген.

Қабылдау бөлімінде жүргізілген тексеру кезінде жағдайдың себебі анықталды. Балаға шұғыл ота жасалып, хирургтер оның асқазанынан 25 магнит алып шықты. Магниттер асқазан қабырғасын тесіп үлгерген.

Бірнеше сағаттан кейін дәл осы кезекшілік кезінде екінші бала жеткізілді. Екі жарым жастағы бүлдіршіннің екі күн бойы іші ауырып, қайта-қайта құсқаны белгілі болды.

Кешенді тексеруден өтіп, отаға дайын болғаннан кейін балаға шұғыл түрде ота жасалды. Бұл жолғы жағдай одан да күрделі еді: магниттер ішекке өтіп, оның қабырғасын тесіп кеткен. Соның салдарынан ішперденің жайылған іріңді қабынуы - перитонит дамыған.

Хирургтер баланың ағзасынан 9 магнит алып шықты. Бала ауруханада он күн ем алып, дәрігерлердің бақылауында болды.

Ал үшінші бала сол кезекшіліктің соңына қарай, таңертең жеткізілген. Төрт жасқа толмаған бүлдіршіннің іші қатты ауырып, әлсіреп, құсқан.

Тексеру барысында асқазан-ішек жолынан бірнеше бөгде зат анықталды. Ал баланың жіңішке ішегінен 59 магнит алынғанда, дәрігерлердің өзі аң-таң болды. Бала медициналық көмекке жүгінгенше магниттер аш ішектің қабырғасын тесіп үлгерген.

«Бұл тамыздың 1-індегі кезекшілік кезінде жасалған ең күрделі отаның бірі болды», - деді Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы қабылдау бөлімінің хирургі Айбол Сұлтанбеков.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары