Х. Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінің студенттері мен оқытушылары нан қалдықтарын қайта өңдеп, мал азығына айналдыратын «Экодән» инновациялық қондырғысын құрастырып шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жыл басынан бері жүзеге асырылып жатқан бұл жоба азық-түлік қалдықтарын азайтып, өңірдегі арзан әрі сапалы жем өндірісін жолға қоюды көздейді.
Студенттердің өз қолымен құрастырылған құрылғы темірден жасалған. Оның ішінде насос пен электр қозғалтқышы орнатылған. Нан қалдықтары құрылғының жоғарғы бөлігіне салынып, өңделген өнім төменгі бөлігінен дайын күйінде шығады.
Қондырғы екі түрлі насадкамен жабдықталған. Оның бірі нанды ірі түйіршіктерге айналдырса, екіншісі ұсақтап өңдейді. Дайын өнім сыртқы келбеті жағынан кептірілген нанға ұқсайды және ауыл шаруашылығында мал азығы ретінде пайдаланылады.
Жоба колледждің арнайы пән оқытушылары Салтанат Лукпанова мен Айнагүл Әбілшееваның жетекшілігімен жүзеге асырылуда.
«Бұл идеяны жетекшілерімізбен және студенттермен бірге талқылап бастадық. Қоқыста жатқан нан қалдықтарын көргенде оған жүрегіміз ауырды. Сондықтан нанға екінші өмір сыйлау мақсатында колледж базасында арнайы құрылғы ойлап тауып, өз қолымызбен жасап шығардық», – деді Қадырәлі Мергенбай.
Жоба аясында нан қалдықтары кәсіпорындардан, қала тұрғындарынан және қоқыс маңынан жиналады. Болашақта тұрғындардың нан қалдықтарын бөлек жинауына мүмкіндік беру үшін қоқыс контейнерлерінің жанына арнайы жәшіктер орнату жоспарланып отыр.
Қазір дайын өнім 20 келілік қаптарға салынып, негізінен ауыл тұрғындарына сатылады. Оның бағасы шамамен 2 мың теңгені құрайды. Бұл басқа өңірлерден жеткізілетін дайын жемге қарағанда қолжетімді, өйткені тасымалдау шығындары болмайды.
«Қазір бізде бір ғана аппарат бар. Соның көмегімен айына шамамен 25-30 мың теңге табыс тауып отырмыз. Ал өндіріс көлемін арттырып, бірнеше аппарат орнатсақ, айына 250–300 мың теңгеге дейін табыс табуға мүмкіндік болады», – деді Қадырәлі Мергенбай.
Қазіргі уақытта колледж ұжымы жобаны жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдағы жоспардың бірі – өндіріс көлемін ұлғайтып, тоннамен өнім шығара алатын қуатты қондырғыларды іске қосу. Бұл экологиялық бастаманың ауқымын кеңейтіп, нан қалдықтарын тиімді қайта өңдеуге мүмкіндік береді.